Бұл бастаманы облыс мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдады
Облыстағы мектеп ұжымдары мен ата-аналар кеңестерінен келіп түскен 9 білім ошағына ұлы тұлғалардың есімін беру туралы ұсынысты облыс мәслихатының депутаттары қолдады. Бұл мәселені мәслихат сессиясының кезектен тыс сессиясында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова баяндаған болатын.
Ұсыныста айтылғандай, Абай Құнанбайұлының есімі облыстағы 4 мектепке берілмек. Атап айтқанда, Қостанайдағы №27 меткеп, Жітіқарадағы №3 мектеп-лицей, Рудныйдағы №18 және Лисаков қаласындағы №3 мектепке беру жайында айтылды.
Сонымен қатар көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін 3 мектеп алмақ. Олар: Қостанай қаласындағы №29 мектеп, Арқалықтағы Родина орта мектебі және Қашар кентіндегі №2 мектеп.
Сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова Рудныйдағы №19 мектепке Ахмет Байтұрсынұлының, сол қаладағы №15 мектепке Мыржақып Дулатұлының және Қарасу ауданында ашылған қазақ мектебіне Ыбырай Алтынсариннің есімін беру жөнінде ұсыныс айтты.
Мәслихаттың кезектен тыс сессиясына жиналған депутаттар осынау ұсыныстарды бірауыздан қолдап, мәслихат оны бекіту туралы шешім қабылдады.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77