Образование

Әр сенбі сайын оқушыларға қосымша сабақтар ұйымдастырылуда

Мұның себебі, былтырғы  онлайн оқытуда кеткен олқылықтардың орнын толтыру болып отыр

Күтпеген жерден келген, Қытайдан шыққан коронавирус дерті әлімді шарлап, елімізді де үлкен әлекке салды. Қауіпті дерт тез тарап, қаншама адам кеудесіне түскен вирустың салдарынан қош айтысып жатты.

Қатаң карантин орнап, үйде отырдық. Өзіміздің және жақындарымыздың өмірін сақтап қалу мақсатында қоғамдық орындарға барудан, той тойлаудан бас тарттық. Әрине, балаларымыз да үйде отырып білім алды. Бала бақша, мектеп бос тұрды. Онлайн форматта сабақ оқыдық. Балалар үйден шықпай, компьютер алдында мұғалімдерден білім алуға барынша тырысып бақты. Бірақ бұл білім түрі ұстаздың алдына барып білім алудың орнын баса алмады.

Ұстаздар үшін де экранның арғы жағында отырған оқушыларға жаңа тақырыпты түсіндіру оңай болмағаны анық. Олармен емін-еркін тілдесіп, жаңа тақырыпты қалай түсінгенін сұрайтын, тақырып талдауға да уақыт таба алмай қиналғаны белгілі. Шәкірттеріме бүгінгі тақырыпты толық түсіндіре алдым ба деген ой жетегінде жүрген ұстаздардың көкейінде, келесі жылы оқушыларының оқу үлгірімі төмендеп кетпей ме осы уақытқа дейін үйренгендерін ұмытып қалмайды ма деген үрей болды.

Ұстаздардың бұлай үрейленуі де бекер емес еді. Биыл офлайн форматта басталған жаңа оқу жылы тағы да онлайн форматтағы оқудың сапасының төмендігін айқындап бергендей. Биылғы жылдың бірінші тоқсанын тәмамдап  отырған оқушыларға бүгінде былтырғы оқу жылында кеткен олқылықтардың орнын толтыру мақсатында қосымша сабақтар жүргізіле бастаған.

Осы ретте біз қала орталығындағы бастауыш сынып оқушыларын дайындайтын №24 мектеп-гимназиясының директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Балапан Бикеевамен сөйлескен болатынбыз.

-Біздің мектеп биылғы оқу жылының басынан бастап оқушылардың оқу сапасындағы олқылықтардың орнын толтыру және жаңа оқу жылына арналған бағдарламасын толық меңгеруін қамтамасыз ету мақсатындағы қосымша сабақтар ұйымдастыруды қолға алған болатын.

Мұндай сабақтар әр аптаның сенбісінде жүргізіледі. Көбінесе 2-4 сынып оқушылары үшін өткізіледі. Мұндағы басты мақсат былтыр онлайн  форматта білім алған балалардың түсінбеген тақырыптарын түсіндіру. Сол тақырып аясында қосымша тапсырмалар беріп, білімдерін толықтыру. Білімдерін жетілдіру. Сонымен  қатар былтырғы оқу жылында өткен бағдарлама жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында қайталанатыны белгілі. Осыған байланысты биылғы оқу жылының бірінші тоқсанында өткен оқу жылындағы балалардың толық меңгермеген тақырыптары қайта қарастырылды.

Бұл қосымша сабаққа арнайы жоспар құрылады. Оқу үлігірімі төмен, көптеген тақырыптарды толық меңгермеген оқушылар осы қосымша сабаққа әр сенбі сайын қатысады.

Сондай-ақ мұндай қосымша сабақ ата-анасының рұқсатымен 1 оқушылары үшін де жүргізіледі. Өйткені, былтыр өңіріміздегі карантинге байланысты, бала бақшалар жұмыстарын тоқтатты. Кейбір ата-аналар балаларын ауырып қалады деген қорқынышпен мектеп алды даярлық сыныбына жібермегені белгілі. Осының салдарынан 1 сыныптың бағдарламасын толық меңгеріп кету үшін, оларды да сенбі күні қосымша сабаққа шақырамыз жатырмыз.

Демалыс күні өткізілетін қосымша сабақтың уақыты алдын ала ата-аналарға хабарланады. Олар балаларын өздері алып келеді. Оқушыларда өздерінің түсінбеген тақырыптарын мұғалімдеріне айтып, қайтадан түсіндіруін өтініп жатады. Бұл қосымша сабақтарға ата-аналардың да оқушылардың да тарапынан қарсылық болған жоқ. Ата-аналардың көпшілігі  қосымша сабақтың ұйымдастырылып отырғанына қуанышты екендерін жеткізді. Өйткені, баланың білмегенін арнайы репититор жалдап, оқытамыз ба деп жүрген ата-аналар үшін бұл үлкен көмек болғаны белгілі, – деді.

Әрине, баланың күнделікті сабақта өтетін жаңа тақырыпты толыққанды түсініп, соған байланысты тапсырманы өзі дұрыс орындай алғанына не жетсін. Тақырыпты түсінбеген  бала, тапсырманы да орындап шықпайтыны белгілі. Осы ретте мектептерде өткізіліп жатқан қосымша сабақты дұрыс деп ойлайтын ата-аналардың бірі Гүлмира Сәдуақасова.

-Менің екі қызым мектепте оқиды. Үлкенім 2 сынып оқушысы. Екінші қызым биыл 1 сыныпқа барды. Екеуі де сенбі күні қосымша сабаққа барады. Әсіресе, былтыр үлкен қызымды онлайн оқыту оңай болмады. Ол онлайн сабаққа дұрыс ден қоймай, мұғалімнің айтқанын түсінбеген еді. Биыл мектепке барған  кезде былтырғы бағдарлама бойынша көп тақырыпты түсінбегенін білдік. Сынып жетекшіміз оны қосымша сабаққа алып, түсінбегенін өзі түсіндіретінін айтқанда қуанып кеттім. Баланың оқу үлгірімі төмендеп, көп тақырыптарды түсінбеген болса, үйге берген тапсырманы қалай орындаймыз деп уайымдап жүр едім. Тіпті мұғалімді ақылы түрде жалдаймын ба деп ойлағанмын. Міне, осы кезде сынып жетекшіміздің аптаның әр сенбісінде оқушыларды өзі қосымша оқытып, түсінбеген тақырыптарын үйретітінін айтты. Бұл оқушыға да ата-аналарға да зор мүмкіндік деп білемін, – деді ол.

Иә, сапалы білім алу оңай емес. Оған ынта қажет. Былтырғы оқу жылында үйлерінде отырып, ата-анасына, ата-әжесіне еркелеп жүрген балалар қаншалықты білімге толық ден қойды деп айту қиын. Өткен оқу жылында білім алуда осындай біраз олқылықтардың кеткені рас. Ал енді алға қойылған мақсат осы олқылықтардың орнын толтыру. Бұл мақсатта қостанайлық ұстаздар талмастан еңбек етіп жатыр. Ең бастысы осындай орасаң еңбек иелерінің шәкірттерінің зейіні ашылсын деп тілейік.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77