Біздің Қостанай

«Тігіншілік – сүйікті ісім»

дейді жеке кәсіпкер Бибігүл Бажерова

Қазақта «Шебердің қолы ортақ» деп жатады. Тігіншілікті кәсіп еткен он саусағынан небір керемет дүниелер шығап жататын қолы шебер жандар қаншама. Солардың бірі менің бүгінгі кейіпкерім Бибігүл Бажерова.

Ол Меңдіқара ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында дүниеге келіп, осы жерде мектепті 1994 жылы бітірген. Мектеп кейін барлық сыныптастары оқуға түсіп, қалаға кетіп жатқанда жолы болмаған Бибүгіл Қаратайқызы бір жылдай ауылда жұмыс істейді.

Сөйтіп 1995 жылы Қостанай қаласына келеді. Мұнда да оқуға түсудің реті келмей, қалалық балалар ауруханасына жұмысқа орналасады. Кейін 2002 жылы Ербосын есімді азаматпен тұрмыс құрып, жолдасының ашқан жеке дүңгіршегінде 5 жылдан артық азық-түлік сатумен айналысады. Бұл жұмыстан шаршағаннан кейін 15 жылдай құрылыс саласында пәтерлердің ішкі жұмыстарын жасауды кәсіпке айналдырады.

-Мен көп жерде еңбек еттім. Бірақ осының бәрінің менің қалаған жұмысым емес екенін сезетінмін. Бұл жұмыстарыма көңілім толмайтын. Тек табыс табу үшін істедім.
Құрылыс саласында жүріп, 15 жыл ішінде көп қаражат таптым. Бірақ бұл жұмыс маған ешқашан ұнаған емес. Сөйтіп жүріп, қаламыздағы «Мұнай өнімдері» базасының бірінше оператор болып бірнеше жылдар қатарынан жұмыс істедім. Бұл жұмыс қиын болған жоқ. Бірақ маған ұнамады. Әрдайым өзіме ұнайтын жұмыс іздеумен болдым.
Марқұм анамның «Тігін тігу мен ас әзірлеуді білетін қыз ешқашан өлмейді» деп үнемі айтып отыратыны есіме түсті. Мен неге осы тігін тігіп көрмеймін деген ойда қалдым. Бірден «ютуб» әлеуметтік желісіне кіріп, тігіннің қыр-сырын үйрететін бейне жазбаларды қарай бастадым. Базардан мата сатып әкеліп, «ютубтан» қарап тігін тігуді қолға алдым. Бірден керемет тігінші болып шыға келдім деп айта алмаймын. Бір әкелген матамды құртып алдым. Одан кейін тағы да мата сатып алып, тігін тіктім. Ол да ойдағыдай шықпады. Осылай жүрген кезімде жанар жағармай бекетінде өзіммен бірге жұмыс істейтін қыз-келіншектер маған қаламызда жұмыспен қамту орталығының бар екенін және олар белгілі бір кәсіпті үйрететін қысқа мерзімдік курста тегін оқытатынын айтты. Уақыт оздырмай осы жұмыспен қамту орталығына келіп, қажетті құжаттарымды тапсырып, қысқа мерзімді курстан өтіп, сертификатқа ие болдым. Кейін олар маған арнайы бизнес жоспар жасап, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болуға болатынын түсіндірді. Қуанып кеттім, көптен бері көкейімде жүрген жеке кәсіп ашуыма бұл үлкен көмек болды, – дейді кәсіпкер.

Бибігүл Бажерова өзінің бизнес жоспарын толық қорғап, мемлекеттен 583 400 теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Бұл қаражатқан бизнес жоспарында көрсеткеніндей үш әртүрлі функцияларды орындайтын тігін машинасын, сапалы үтік, айна және басқа да кәсібіне аса қажетті заттарды толығымен сатып алған.

Бүгінде тігіншілік кәсібі қыза түскен. Тапсырыс та жеткілікті. Бұрынғыдай емес, тігіншілікке иекемі келіп қалған Бибүгіл Қаратайқызына туыс-туғандары, көрші-көлемі, алыс-жақын таныстары келіп, тапсырыс беріп жатыр. Сонымен қатар сөгіліп кеткен киімдерін қайтадан тіктіруге келетіндер де жеткілікті. Оның қолынан куртка да спорттық костюм де, желетке де, күртеше де әдемі болып шығады.

-Тігінге қажетті машиналарды алғаннан бері жұмысымның сапасы артты. Тапсырысты дер кезінде орындауыма да мол мүмкіндік туды. Тігіннің еш қиындығы жоқ. Күнделікті осы кәсібіммен айналысамын. Жолдасым Ербосын екеуіміз ұлымыз Бекзаттың қызығын көріп отырмыз. Ұлым қолымды ұзартып, үйге келін әкелді. Үйдің шаруашылығын келінге тапсырып, жеке кісібімді дөңгелетіп отырмын, – дейді шебер.

Жалпы, адам өзінің жан рахатын табатын сүйікті ісін тапқанша, бірнеше жұмыс түрін атқаруы мүмкін. Барлығында да өзіне өзі көңілі толмай жүретіні бар. Көп жылдар қатарынан өзінің көңілінен шығатып, жанына рахат сыйлайтын ісін іздеген Бибігүл Қаратайқызы бақытын тігіншіліктен тапса керек. Ол бүгінде жеке кәсіпкер атанып, тігін тігіп, көпшілікке қызмет етіп отырғанына қуанышты. Кәсібінен тапқан табысы да берекелі екенін айтады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77