Біздің Қостанай

Ойын алаңдары ойдағыдай ма?

Балалар үшін ойын көркін қыздыратын алаңдардың алар орны ерекше

Соңғы кездері қаламызда таңнан кешке дейін балалар ойын көркін қыздыратын ойын алаңдары барынша жандана түскені белгілі.

Шаһарымызда 2019 жылдан бастап тұрғын үйлердің аулаларында «Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-сі соңғы үлгідегі жаңа ойын алаңдарын орнатуды қолға алған болатын.

Бұл жаңалық қала тұрғындарын да бір қуантып тастағаны белгілі. Осы жылы қаламыздағы 423 көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы балалар ойын алаңдарының 70-і жаңа кейіпке енген.

2020 жылы «Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-сі барлығы 1,7 млрд теңгеге 161  ойын алаңдары жөндеуден өткізді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 89 балалар ойын алаңы жаңартылған. Осынау ойын алаңдарын көркейтумен «Сртойпром 2» ЖШС мен «Евролидер» ЖШС айналысқан.

Әрине, бүгінде қаламыздағы барлық көп қабатты тұрғын үйлерінің аулаларында жаңа ойын алаңдары бар деп толық айтуға келмейді. Әлі күнге дейін кеңес үкіметінен қалған «Өрмекші торлары» мен тартылатын темірлері ғана бар алаңдар да кездеседі. Бірақ көп ұзамай бұл аулаларға да қазіргі типті ойын алаңдары орнатылуы мүмкін.

Ал кейбір тұрғын үйлердің ауласына әдемі балалар ойын алаңы жасалғанымен тұрғындардың оларды тез арада қиратып тастайтын жайттары да көптеп кездеседі.

Осыған орай, күнделікті балалары ойнайтын алаңдағы сырғанақ, әткеншек немесе карусельдің бұзылғанын көрген тұрғындар кімге шағымданатыны да белгілі. Бүгінде қалалық әкімдік пен жеке пәтерлер иелері кооперативімен және «Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-сімен үш жақты келісім жасалған. Бұл келісім бойынша жаңадан жасалған ойын алаңы сол тұрғын үйлер қарайтын жеке пәтерлер иелерінің кооперативі үнемі бақылауында ұстауға міндеттелген. Олар мұндағы сырғанақтың, әркеншектің, карусельдің жағдайын үнемі бақылауға алуы тиіс. Егер оның сынғанын, балалардың ойнайына жарамсыз екенін байқаса, жөндеу жұмыстарын істеуі қажет.

Осы ретте біз қаламыздағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласындағы балалар ойын алаңдарын аралып, қандай күйде екенін бақылаған болатынбыз.

Біз барған Волынов көшесіндегі №16, №18 үйлер мен Абай даңғылы №14 үйбің аулаларындағы ойын алаңына көптен бері жөндеу жұмыстары жасалмағанын көрдік. Мұнда сырғанақ сынып, карусельдердің отырғыштары ұшып кеткен. Сондай-ақ карусальдің айналуының өзі мұң екен.

Осында болғанымызда аула тұрғыны Лаура Ақышованың сөзге тартқанымызда, ол:

-Біздің аулаға алғашқылардың бірі болып жаңа соңғы үлгідегі ойын алаңы жасалды. Әрине, қуанышымызда шек болмады. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бұл ойын алаңына балалар көп жиналады. Тіпті «Наурыз» шағын ауданынан де келіп ойнайтындар бар.

Қазіргі балаларды түсінбеймін. Әдемі сырғанақты бірден сындырып тастады. Одан кейін карусельдің орындықтарын да алып лақтырып жібергенін көрдім.

Үйіміздің алдында өзіңіз көріп тұрғандай балалар алаңы да үлкендерге арналған тренежер құралдары да бар. Олар  басында толық болды. Бір күні жұмыстан келе жатып екі тренежер құралының жоқ болып кеткенін байқадым. Анықтап қарасам түбімен жұлып алып кетіпті. Сонымен қатар ойын алаңының ортасында үлкен тесік пайда болды. Ол жерде баланы ойнатудың өзі қорқынышты.

Балаларымен ойын алаңына келген ата-аналар олардың не істеп жатқанына да көңіл аудармайды. Олар бұл жерде ойнағаннан гөрі қиратқанды жақсы көретін сияқты. Қашан қарасаң да қоқыс шашылып жатады. Жасы үлкен балалар  келіп, жеген заттарының қабын шашып кетеді. Бұл қоқыстарды кім жинайтынын да білмейміз. Ойын алаңының маңайы өте лас.

Бұл жердегі бұзылған сырғанақтар мен карусельдерге өзіміз қарайтын «Партнер» жеке пәтерлер иелерінің кооперативі жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Бірақ олардың тарапынан ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Тек кейбір ата-аналар өздері бірдеңені жөндегендей болады, – дейді.

Расымен де бүлдіршіндер көп тұратын бұл ауладағы ойын алаңы сын көтермейді. Бұл жерде жақын арада жөндеу жұмыстары болатынын не болмайтынын білу мақсатында «Партнер» жеке пәтерлер иелерінің кооператиавіне арнайы хабарласқанымызда, тек диспечерімен ғана тілдесу мүмкін болды. Ол жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы сырқатына байланысты бюлетенде екенін жеткізді. Сондай-ақ қала тұрғынының тарапынан түскен сұраққа кім жауап береді деп сұрағанымызда, ешкімнің жауап қайтара алмайтынын айтты.

Сондай-ақ қаламыздағы балаларға арналған ойын алаңдарының барлығының бірдей жағдайы нашар емес. Жаңа шағын аудандардағы ойын алаңдары бүгінде бүлдіршіндерден босамай, әрдайым толып тұрады. Осы ретте «Аэропорт» шағын ауданындағы Герасимов, №7, №8 үйлердің ауласында орналасқан ойын алаңдары сондағы тұрғындардың көңілінен шығады.

-Біздің аулаға ойын алаңының жасалғанына екі жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде балалардың немесе үлкендердің оны қиратып, бұзып жатқанын байқаған емеспін. Аула тұрғындары жергілікті әкімдіктің көмегімен жасалған ойын алаңына ұқыптылықпен қарайды. Балаларда да  бұзу, сындыру деген ой жоқ. Бәрі сол жасаған қалпында тұр.

Мұнда үнемі күндіз де кешке де балалар шулап ойнап жүреді. Үйлерінен алған тәрбиесі болар, әткеншекті де сырғанақты да кезекке тұрып тебеді. Ересектер де балалардың ештеңені сындырмай ойнатуына ерекше көңіл бөледі, – дейді Геросимов, №8 үйдің тұрғыны Әсел Бейсенбай.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей жергілікті әкімдіктің қолдауымен барлық аулаларға әсем ойын алаңдары жасалып жатыр. Ондағы бүлдіршіндердің асыр салып ойнайтын сырғанақ, карусель, әткеншектеріне, футбол алаңдарына үлкен жауапкершілікпен қарау керек сияқты.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Алексей КРАСНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77