Біздің Қостанай

Талаптыға – нұр жауар

Арманы асқақ, болашағы айқын жалынды жас Анель Пимичева жайында

Еліміздің болашағы жарқын мінезді, білімге құштар, тәрбиелі де талапты жастардың қолына емес пе. Соңғы кездері тіл үйренуге, музыкаға, еріктілікке жақын жастар көптеп қалыптасып келе жатқан сияқты. Шынында да бағымызға орай, қазіргі жастардың дүние танымы, пайымы озық алда келеді. Олырдың бірнеше тіл меңгеріп, еріктілер қатарына қосылып, қайырымдылық істерге атсалысып жүргенін көріп бір қуанып қаласың. Міне, осындай талапты жастардың бірі менің кейіпкерім Анел Пимичева.

Ұлты орыс, бірақ қазақ тілінде еркін сөйлейді. Аралас отбасында дүниеге келген. Әкеснің ұты орыс, анасы Гүлбану қазақ. Кішкентайынан нағашы жағында тәрбиеленеді. Нағасы атасы көпшілікке белгілі тарихшы Нияз Махметұлы. Кішкентай Анель атасы мен әкесінің тәрбиесінде болған. Ақ жаулықты аппақ әжесі Айткүлдің әлдиін тыңдап өскен баланың тілі қазақша шығады. Атасы Нияз оны қазақ бала бақшасына береді. Одан кейін 1 сыныпқа баратын кезде қаламыздағы М.Хәкімжанова атындағы №20 орта мектепке жетектеп апарады. Ұлты орыс болса да тілі қазақша шыққан Анель мектепте озат оқушылардың бірі болады.

Атасы тарихты жетік білгендіктен немересінің де тарихтан хабары болсын деп, бір уақыт өз білгенін үйретіп отырады. Сондықтан болар Анель өсе келе өзінің тарих пәніне жақын екенін байқайды. №20 орта мектебін тәмамдаған соң А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Өңірлік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі.

Жоғарыда Анельді жалынды да талапты жастардың қатарына қосып отырғанымыздың басты бір себебі, ол жастайынын өзінің белсенді екенін көрсете білген бір емес екі мәрте Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысына ие болған.

Үстіміздегі жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 16 желтоқсан күні «Белсенді қоғамдық және волонтерлік қызметі, ұлтаралық келісімді нығайтуға, мемлекеттік тілді үйрену мен таратуға қосқан үлесі үшін» «Құрмет» грамотасына ие болып, үлкен қуанышқа кенелді. Сонымен қатар Анель 2019 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ««Тіл туралы» Заң қабылданғанына отыз жыл толуына орай, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбегіңізге зор алғысымды білдіремін» деген  Алғыс хатына ие болған.

Сондай-ақ «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін» Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапатталған.

Анель Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі. Облыс атынан республикалық акцияларға үнемі атсалысып тұрады. Атап айтатын болсақ, үстіміздегі жылы жазда өткен «Жаңғыру жолы – жастар жолы» деп аталған ұлтаралық достық жайында семинар-тренингке қатысып, өзінің ойын ортаға салған.

Білімге құштар, белсенді жас осындай үлкен марапаттарға ие болып жүргенін мақтан етеді. Әрдайым жарқын болашаққа талпынады. Көп тіл білсем дейді. Оның ән айтатын да өнері бар. Бүгінде ол ағылшын тілінде ән орындауды мақсат етіп, осы тілде еркін сөйлеуді меңгеріп жүр. Осы кезге дейін бірнеше қалалық, облыстық, республикалық байқауларда бақ сынаған. Сахналарда өнер көрсетіп, «Туған жер», «Қазағым-ай» деген патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, жұртшылықтың қолдауына ие болған.

Осынау талапты жас кішкентайынан скрипканың даусына ғашық болады. Скрипкада ойнасам деген арманы отбасылық жағдайларға байланысты дер кезінде орындалмай қалады. Сонды да ол музыкадан қол үзбейді. Өсе келе әсем даусы бар екенін ұғып, ән шырқап, музыкалық аспаптарды меңгеруге ден қояды. Бүгінде домбыра, гитара сынды аспаптарда еркін ойнайды. Болашақта скрипкада ойнауды үйренсем деген талабы да зор. Музыканы жаны сүйеді.

-Менің басты мақсатым елімнің білікті де білімді маманы атану. Көп тіл біліп, алдыма үлкен мүмкіндіктерді ашқым келеді. Мемлекетіміздің даму жолында өз үлесімді қоссам деймін. Алдағы уақытта да білімге баса назар аударып, өзімнің меңгеріп жатқан тарихшы мамандығым болынша еңбек етсем деген ойым бар,-дейді талабы таудай Анель Пимичева.

«Талаптыға нұр жауар» демекші, білсем, үйренсем дейтін жастарымыз барда, қазақ елінің болашағы бұлыңғыр болмасы анық. Лайым солай болғай.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77