дейді, сағат жөндейтін шебер Екатерина Холявская
Бүгінде өзінің жеке кәсібін ашып, напақасын тауып жүрген жандар қаншама. Осындай кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі менің бүгінгі кейіпкерім Екатерина Холявская.
Ол Ресейдің Екатеринбург қаласында дүниеге келген. Ата-анасы Қазақстанның азаматтары. Бірақ нәрестелері дүниеге келетін кезде белгілі бір жағдайларға байланысты Ресей еліне аттанады. Сол жерде Екатерина дүниеге келеді. Кейін Қазақстанға қайтып оралған отбасы Петропавлск облысына қарасты Ламоносов ауылында ғұмыр кешеді. Екатерина да осындағы орта мектепте білім алып, тәмамдайды.
Адам жас болған соң ел көріп, жер көріп, қонаққа барып, көкірек көкжиегін кеңейтетіні белгілі емес пе. Екатерина осындан 4 жыл бұрын Қостанай қаласында тұратын туыстарына қонаққа қыдырып келеді. Ауасы кәусар, көшелері әсем де таза шаһар Екатеринаға бірден ұнайды. Сөйтіп, ол осы сұлу шаһарға қоныс аударуды ұйғарады. Міне, содан бері күнделікті Қостанайдың әсем келбетіне тамсанып, таза ауасын құшарлана жұтып жүр.
Екатерина қаламызға қоныс аударғаннан кейін қолынан келетін іспен айналысу мақсатында осыдан екі жыл бұрын сағат жөндейтін бір шеберханаға жұмысқа орналасады. Осы жердегі сағат жөндейтін шеберден көп дүниені үйренеді. Сонымен қатар бұл іске деген ерекше қызығушылығы оянады. Сөйтіп, уақыт өте ол өзінің жеке сағат жөндейтін шеберханасын ашуды ұйғарады.
-Маған сағат жөндеген қатты ұнайды. Бұл іске бала кезден қызықпасам да кейін жүрегімнің қалауымен айналысып жүрмін. Менің шеберханама әртүрлі сағаттарды алып келіп жатады. Оның ішінде қымбат қол сағаттары мен қабырға, үстел сағаттары бар. Бұл кәсіп қолдың аса ептілігін талап етеді. Сондықтан бір сағатты жөндеуге көп уақыт кетіп қалады. Жұмысымды ешқашан асығыс жасамаймын. Барынша сапалы жасауға тырысамын. Жөндеу жұмыстары да әртүрлі. Оның қиыны да оңайы да болады. Мәселен, кейбір кездері қала тұрғындары сағаттың шынысы сынып қалған кезде ауыстырып беруімді өтініп келіп жатады. Бұл жұмыс өте оңай, көп уақытты да талап етпейді. Ал кейбір тұрғындар жүрмей тұрған, бірақ өздеріне өте қымбат сағаттарын әкеліп, жөндеп беруімді сұрайды. Бұл жұмыстар оңай емес. Сағаттың бөлшектері өте ұсақ. Кейбіреулері қолға ұстауға да келмейді. Осындай жұмыстарға айтарлықтай көп уақыт кетіп жатады. Кейін сағат жұмыс істеп кеткен кезде көпшіліктің алғысына бөленемін, – дейді сағат жөндеудің шебері Екатерина Холявская.
Жыл сайын өңірімізде «Бастау бизнес» бағдарламасы аясынды көптеген жеке кәсіп ашамын деген жандар қолдау тауып жатады. Солардың бірі Екатерина. Ол екі жыл бұрын сағат жөндейтін шеберхана ашамын деген ойын жүзеге асыру мақсатында «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысады. Қажетті құжаттарды тапсырып, бизнес жоспарын да сәтті қорғайды. Осының нәтижесінде үстіміздегі жылдың қыркүйек айында мемлекеттен қайтарымсыз 583 000 теңге көлеміндегі грантқа ие болады.
Бұл қаражатқа өзі жоспарлағандай сағат жөндеуге қажетті құрал-саймандар, үстел және басқа да керекті заттарын сатып алады. Бүгінде ол өзінің жұмыс орнында тек сағатты жөндеп ғана қоймай, жаңа сағаттар мен бауларын сатады. Оған келушілер де жеткілікті.
Оның сүйікті ісімен айналысып жүргеніне көп жылдың жүзі болмаса да , қала жұртшылығы жақсы таниды. Отбасы да сағат шеберін барынша қолдайды. Өмірлік серігі Алексейдің өзінің жеке кәсібі бар. Ал ұлы Михаил болса, анасының сағат жөндейтін шебер жан екенін мақтан етеді.
Осылайша ол жаны рахат табатын іспен айналысып, күнкөріс көзіне айналдырып отыр.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77