Біздің Қостанай

Кәсібің – нәсібің: Өрнектеп ою ойып, тігін тіккен

Жеке кәсібін табыс көзіне айналдырған Гүлбану Илиясова жайында

Қазіргі таңда өз алдына жеке кәсіп ашып, күнделікті напақасын тауып жүрген жандардың саны артып келеді. Қолынан келетін іспен айналысып, бір уақыт өзіне бақыт сыйлайтын осындай жандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасап отырған «Үміт-Надежда» қоғамдық қорының белсенді мүшесі Гүлбану Илиясова да бар.

Гүлбану апамыздың тігінмен айналысып келе жатқанына биыл 15 жылдың жүзі болып отыр. Осы уақыт ішінде ол қыз жасауын дайындап, өзіне үнемі тапсырыс беретін тұтынушыларымен жұмыс жасап келеді.

Науырзым ауданы Дәмді ауылы Қарақұдық бөлімшесінде дүниеге келген Гүлбану Бәкерқызы өте еңбекқор жан. Ол үйде қол қусырып отыруды білмейді. Әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Бір жағынан сызылтып ән салатын өнері де бар. Бойындағы осындай қасиеттерін барынша дымытып отырады. Бір орында тоқтап қалуды білмейді.

-Мен көп балалы отбасында дүниеге келдім. Отбасымда 10 баламыз. 5қыз, 5 ұл. Мен үйдің 8-ші перзентімін. Әкем Бәкер өмір бойы механизатор болған кісі, ал анам Зайра болса тігінші. Бала кезден анамның жанында жүріп, көйлек тігуді, шұлықтан бастап, кілем тоқуға дейін үйренгенмін. Өсе келе осы қолымнан келетін істі күнкөріс көзіне айналдырдым. Туғаннан мүмкіндігім шектеулі жан болдым. Бірақ оған ешқашан мойыған емеспін. Керсінше, менің өмірге деген құлшынысым жоғары болды. Қашанда білмегенімді үйренсем деп ұмтылдым. Күні бүгінге дейін, бауырларыма қолымнан келгенше көмектесіп келемін,-дейді тағдырдың тауқыметіне мойымаған қайсар жан.

Шебердің қолынан шыққан дүниелер шынымен де көздің жауын алады. Өрнектеліп салынған оюлардың әсемдігіне еріксіз таңқаласың. Оның оның қолынан шыққан көрпеше қандай сәнді десеңізші. Жастар шаңырақ көтеріп, қазақтың салты бойынша екі ортада жүретін дорбалардың да түр-түрін тігеді.
Көп балалы отбасында дүниеге келіп, өмір сүруге ерте икемденген Гүлбану апамыз 2006 жылы Қостанай қаласына қоныс аудару мақсатында, шаһарға келіп, пәтер алу үшін тізімге тұрады. Сөйтіп, 2007 жылы Қостанай шаһарына көшіп келеді. Шынын айту керек, облыс орталығынан шалғайда жатқан ауылдан қалаға көшіп келген мүмкіндігі шектеулі жанның жағдайы бірден түзеле кетпеді. Жергілікті биліктен пәтер сұрап көп жүрді. Сөйтіп, 1 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Бүгінде ол осы пәтерде өзінің күнделікті тіршілігіне көмектесетін, іні-сіңілілерімен тұрып жатқанын айтады.

Қалаға көшіп келген мүмкіндігі шектеулі жан анасынан үйренген ісмерлікті қолға алып, тігін тігуге талпынған шақта мемлекеттік грант ұтып тігін машинасын сатып алғаны күні кешегідей есінде. Одан 5 жыл өткеннен кейін «Даму» қоры да көмекке зәру жанға кәсібін дамыту үшін жаңа тігін машинасын сыйлаған. Ал Гүлбану апамыз қазір пайдаланып жүрген көп функционалды тігін машинасын несиеге алғанын айтады.
Қандай кәсіп болмасын бірінші кезекте қажетті құрал-саймандарсыз жүрмейтіні белгілі. Сондықтан тігін тігу үшін сапалы мата мен жіптің және соңғы үлгідегі тігін машинасының болуы бірінші кезекте маңызды болса керек.

-Қазір бір табысқа күнкөру мүмкін емес. Мен үкіметтен алатын төлемақымнан басқа осы тігіншілікпен табатын тиын-тебенімді күнкөріс көзіне айналдырып отырмын. Маған көп жылдар қатарынан көмек көрсетіп келе жатқан жандар бар. Сол кісілерге алғысым шексіз. Мысалы, менің тігінде қолданатын матамды қаламыздағы мата сататын кісілер береді. Олардан мата алатын ақшам болмай қалса, қарызға беріп, мені барынша қолдайды. Жеке кәсіппен айналысу оңай емес. Бірақ қолымнан шыққан дүниелер көпшіліктің көңілінен шығып, тапсырыс алып жатамын. Ашып айтатын болсам, тігіннен карантинге дейін қомақты қаражат табатын едім. Өңірімізде коронавирус дерті белең алып, той-томалақ тоқтаған кезде, тапсырыс та айтарлықтай азайып қалды,-дейді ол.

Бүгінде кәсібін күнкөріс көзіне айналдырып отырған Гүлбану Бәкерқызы тігін тігуден бір шаршамайды. Керісінше көрпенің, дорбалардың жаңа үлгілерін іздеп тауып, соны сапалы тігіп, тұтынушыларына сатумен айналысып отыр. Сонымен қатар қазақша киімдерді де тігіп, сатады. Әсіресе, қыздардың ұзатылу тойында киетін қазақша көйлегін, сәукелесін асыл тастармен безендіріп тігеді.
«Шебердің қолы ортақ» демекші, тігіншінің тіккен дүниелері баршаның қызығушылығына ие болып отыр.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77