Біздің Қостанай

Еңбек адамы: «Жұмысын сүйген адам шаршамайды»

дейді Спорт сарайының коньки қайраушысы Петр Хроменюк

Қазір екі қолға бір күрек табу қиын емес. Кез-келген кәсіптің көзін тауып, бұрын-соңды істеп көрмеген жұмысты үйреніп алуға болады. Міне, бүгінде осылай жұмыс істеп, күнін көріп жүрген жандар қаншама. Менің бүгінгі кейіпкерім Петр Хроменюк. Оның жұмысы қаламыздың орталығында орналасқан Спорт сарайында коньки қайраушы.

Петр Хроменюктың мұзда жақсы сырғанайтын конькилерді қайрап жүргеніне биыл 5 жылдың жүзі болыпты. Бұл іске ол кездейсоқ келмеген. Қостанай ауданы Заречный ауылында дүниеге келген Петр Хорменюк бала кезінен коньки тебуге әуестенген. 4-ші сыныпта оқып жүрген кезде коньки үйірмесіне барып, коньки тебуден жаттықтырушы  Александр Дядик деген азаматпен танысады. Білікті де тәжірибелі жаттықтырушы сол кездегі мектеп оқушысына коньки тебуді және оны баптап дер кезінде қайрап отыруды үйретеді.

-Мен коньки қайрауды бала кезімнен білемін. Коньки тепкенді жаным сүйеді. Бала кезімде спорттың бұл түрінен облыстық турнирлерге қатысып, жеңімпаз болғаным да бар. Сондықтан коньки менің өмірімнің бір бөлшегі десем болады.

Туған ауылымдағы орта мектепті аяқтаған соң, қазіргі Тобыл қаласындағы Ауылшаруашылық колледжіне оқуға түсіп, электрик-техник мамандығын алып шықтым.

Көп жылдар қатарынан құрылыс саласында және мамандығым бойынша электрик болып та  жұмыс істедім.

Қазіргі жұмыс істеп жүрген Спорт сарайына осыдан 5 жыл бұрын электрик болып жұмысқа орналасқанмын. Келген күннен бастап электрик және коньки қайраушы болып жұмыс істеп жүрмін. Коньки ерекше күтімді талап ететін спорттық бұйым. Оны дұрыс кептірудің және қайраудың маңыздылығы зор. Көбінесе сапасы жоғары конькилердің дұрыс қайралмағандықтан тез ескіріп қалып жататынын кездестіріп жүрмін. Бүгінде мен  өзіміздегі конькилердің сыртында, қала тұрғындарының конькилерін қайраумен де айналысып жүрмін,-дейді Петр Хроменюк.

Қарапайым отбасында дүниеге келген коньки қайраудың хас шеберінің әкесі Иван көлік жүргізушісі болған. Ал анасы Валентина құжаттармен жұмыс істеген. Ата-анасы оның бала кездегі конькиге деген қызығушылығын барынша қолдаған.

Бүгінде өзінің  сүйікті ісімен айналысып жүрген шебер жанның қолданып отырған аппаратына 12 жыл болыпты. Көп функционалды аппарат конькиді жоғары деңгейде қайрауға өте қолайлы.

Ал Петр өзінің сүйікті жұмысынан бір шаршамайтынын айтады. Үш баланың әкесі бір қызы мен екі ұлына  тәлімді де тағылымды тәрбие беріп, еңбектің наны тәтті екенін үнемі айтып отырады.

-Менің ойымша адамның жұмысы өзіне ұнауы керек. Адам жан қалауымен жұмыс істейтін болса, ол ешқашан шаршамайды. Шаршамайтын адам қартаймайды. Сондай-ақ мен бала кезден спортты жаныма серік еттім. Одан ешқашан қол үзген емеспін. Конькиге деген ерекше қызығушылығымнан болар, бүгінде Спорт сарайында жан рахатым үшін жұмыс істеп жүрмін. Жұмыстан қолым босаса болды, көк мұздың үстінде күйбең тіршілікті ұмытып, арман қанатында қалықтап сырғанаймын. Міне, бұл менің өмірім. Мен еңбек етуден жалыққан емеспін. Ешқашан да шаршаған емеспін. Мен түк істемей үйде отырғаннан ғана шаршаймын,-дейді ол.

Міне, нағыз еңбек адамы осындай болса керек. Ол өз ісін сүйеді. Күнделікті жұмысынан жаны рахат табады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77