Біздің Қостанай

Еңбек адамы: «Тәтті нан пісірудің құпиясы көп»

дейді көпшілікке қуаныш сыйлайтын наубайшы Александр Дума

Адам қолынан келетін істі өмірлік серігіне айналдырады. Жанына ләззат сыйлайтын іспен айналысып, табыс тауып күн кешудің өзі өнер. Күнделікті жұмысына жоғары көңіл-күймен келіп, күні бойы сүйікті ісімен айналысып, кешке отбасына қуаныш сыйлау керемет дүние.

Менің бүгінгі кейіпкерім нағыз еңбек адамы. Ол түрлі нан бұйымдарын пісіретін Александр Дума. Оның бұл салаға келуінің өзіндік себебі ата-анасының нан бұйымдарын пісіретін жеке кәсібі болған. Ес білгеннен ата-анасының тәтті нан пісіріп, сататынын көріп, бала кезден оның да осы салаға қызығушылығы оянды. Кейін уақыт өте ата-анасының кәсібін өзі де серік етеді.

-Ата-анамның жеке наубайханасы болды. Бала кезімде осы жерде көп уақыт өткізетінмін. Маған нана пісіру өте қызықты болып көрінді. Өсе келе менде нан пісірсем жаман болмаймын дедім де, осы кәсіпті қолға алдым. Міне нан пісіріп жүргеніме биыл 20 жылдың жүзі болып отыр,-дейді қазіргі таңда «Гипер Апельсин» наубайханасының наубайшысы Александр Дума.

Мінезі ақ көңіл, әрдайым көңіл-күйі жоғары болып жүретін нан пісірудің хас шебері Александрды ұжымы мақтан тұтады. Оның қолынан шыққан нандардың өте дәмді екенін айтады.

Александрдың пісіретін нан түрлерінің ішінде «Марковный городской», «Кукурузный» сынды жартылай тәтті бұйымдар  үлкен сұранысқа ие көрінеді.

-Мен «Апельсин» сауда орталығы ашылғаннан бері мені 2-ші жыл осында наубайшы болып жұмыс атқарамын. Нанның көптеген түрлерін пісіремін. Әрқайсысының өзіне тән сипаты бар. Мысалы, тәтті, жартылай тәтті, чеснокты, мак, мейіз қосылған түрлері бар. Сондай-ақ таза ешқандай қосымшасыз пісірілетін бөлке нандар да бар. Қолымнан шыққан нан түрлерінің барлығы да сұранысқа ие деп ойлаймын. Менің достарым, таныстарым, туыстарым, сенің пісірген наныңды жегіміз келеді деп қаланың басқа шетінен осы «Апельсин» сауда орталығына келіп жатады. Қала тұрғындары әрдайым маған алғыстарын білдіріп жатады. Жалпы, әр наубайшының тәтті нан пісіруде өзіндік құпиясы болады. Менің де жастайымнан ата-анамнан үйренген өзіндік құпияларым көп. Бүгін осы ата-анамнан үйренген тек өзіме тән рецепт бойынша жұмыс істеп жатырмын,-дейді наубайшы.

Өз ісін сүйіп, үлкен махаббатпен жасайтын жалынды да жігерлі жанның еңбегі ерен. Ол ешқашан жұмысқа жүрдім-бардым қарамайтынын, қашан да өзіне жоғары талап қоятынын айтады.

Александрдың наубайшы екенін отбасы да мақтан етеді. Өмірлік жары да, балалары да оның халыққа тек қуаныш сыйлайтынына дән риза. Кешке жұмыстан  қайтатын отағасын жары жылы қабақпен қарсы алып, балалары оның мойнына асылып, оған үлкен бақыт сыйлайды.

-Отбасым менің жұмысымда жоғары бағалайды. Балаларым жүрген жерлерінде «әкеміз халыққа бақыт, қуаныш сыйлайды. Ол тәтті нан пісіреді»,- деп үнемі айтып жүреді. Мен ешқашан өз жұмысымнан шаршаған емеспін. Өйткені, жұмысымды жақсы көремін. Осы 20 жылдың ішінде бірде бір рет мамандығымды ауыстыру жөнінде ойлаған емес. Алдағы уақытта да қала тұрғындары үшін тәтті де пайдалы нан бұйымдарын пісіретін боламын,-дейді ол.

«Еңбектің наны тәтті» демекші, тәтті нан пісіруде талмай еңбек етіп жүрген Александрдың жұмысына сәттілік тілейміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77