Экономика

Басты мақсат – бизнес пен ынтымақтастықта мамандарды сапалы даярлау болып отыр

Колледж түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында үш жақты меморандумға қол қойылды

Қостанайда облыстың ірі кәсіпорындарының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына қамқорлық туралы үш жақты меморандумдарға қол қою рәсімі өтті.

Қостанай облысының білім басқармасы, «БК – Строй» ЖШС және Қостанай құрылыс колледжі, сонымен қатар басқарма, «Рудныйсоколовстрой» АҚ және Рудный құрылыс және көлік колледжі арасында меморандумдарға қол қойылды.

-Ірі бизнес өкілдерінің өңіріміздегі колледждерге қамқорлық танытуының басты мақсаты – студенттердің мамандық алудағы деңгейін жоғарлатып, кейін дипломға ие болған жастардың мамандықтары бойынша кепілді жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету. Бұл бастаманың жас мамандар үшін маңызы зор. Мысалы, құрылыс колледжін бітірген жас мамандар осы меморандумның аясында жұмысқа орналаса алады. Бұл олар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр, – деді өз сөзінде білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.

«БК-Строй» ЖШС директоры Валерий Афанасьевич Полешко өз сөзінде «Бизнес білікті кадрларға мүдделі, кәсіпорындардың колледждермен тығыз ынтымақтастығы өзара тиімді – өйткені, байланыста жұмыс істей отырып, оқу ұйымдары біздің болашақ жұмыскерлерімізге қойылатын өндірістік талаптарды ескереді» деп атап өтті.

Сондай-ақ «Біздің кәсіпорын қызметкерлерінің 80% Рудный құрылыс және көлік колледжінің түлектері. Біз ынтымақтастығымызды нығайтқымыз келеді»-деді «Рудныйсоколовстрой» АҚ бас директоры Нұрлан Орынбаев.

Бүгінде өңірімізде техникалық және кәсіптік білім беру саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылға қарай мектептің әрбір түлегі облыс және ел колледждерінде тегін білім ала алады деп жоспарланып отыр. Болашақ мамандарды сапалы даярлау үшін әлеуметтік әріптестермен меморандум жасасу жалғасатын болады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77