Біздің Қостанай

«Өмірден бақытымды тапқан жанмын»

-дейді ҚР білім беру ісінің үздігі, мейрімді ана, ұлағатты ұстаз Биалаш Сүйінкина

«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп Абай Құнанбайұлы бекер айтпаса керек. Көңілі ақ қағаздай таза бүлдіршіннің мектеп табалдырығын аттап, тәлімді тәрбие алып, білімге ден қоюы бірінші кезекте ұстаздың қолында болса керек. Сол кішкентай жеткіншектен жақсы адам жасап шығаруда да ұстаздың қосар үлесі орасаң.

Бүгінде ұлағатты ұстаз деген сөзді көп қолданатын болдық. Бірақ сол ұлағаттылықтың астарында қандай терең мағына жатқанына зер салып жатқан жоқпыз. Кеше ғана жас маман болып келген мұғалімді де ұлағатты ұстаз дейміз, 50 жыл еңбек еткен ұстазды да осылай атаймыз. Бұл дұрыс емес-ау. Ұлағатты болудың қандай мәртебе екенін ұстаздар қауымы өте жақсы білсе керек.

Осы ретте ұстаздықты жанына 50 жыл серік еткен, зейнетке шықса да, шәкірт дайындаудан бір шаршамаған мінезі қарапайым, білімі жоғары, біліктілігі биік, парасатты да  сыпайы, өнегелі, бір ұлағатты ұстазды мен тек сыртынан ғана танитын едім. Бір осы кісімен сұхбаттассам деп ойлайтынмын. Міне, соның орайы келіп, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Үздік педагог» медалінің иегері, «Қазына» сыйлығының лауреаты, Қостанай педагогикалық колледжінің оқытушысы Биалаш Сүйінкинамен тілдесудің сәті түсті.

-Биалаш Балтақызы туған жеріңіз, отбасыңыз, ата-анаңыз жайында айтып өтсеңіз?

-Мен киелі Науырзым жерінде қарапайым, көп балалы отбасында дүниеге келдім. Әкем Балта Сүйінкеұлы  көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Көп жылдар қатарынан Науырзым қорығында қорықшы, кассир, есепші, бас есепші қызметтерін атқарған білімді де білікті жан. Әкем өте салмақты, көрегенді мінезге бай адам еді. Ал анам Сәлима Хасенқызы 11 құрсақ көтерген жан. Үш балалары ертеде шетінеп, 8 баласы ғана қалған. Ата-анадан 4 ұл, 4 қызбыз. Бауырларымның барлығы жоғары білімді, оқыған жандар. Өмірден өз орындарын тауып, әрқайсысы жеке шаңырақ құрып ғұмыр кешуде. Біздің бүгінде білімді де білікті жан ретінде қалыптасуымызға әкемнің еңбегі зор. Ол бізді бала кезімізден адалдық, жауапкершілік, сабырлық, мейірімділік сынды асыл қасиеттерге баулып өсірді. Күні кешеге дейін қаржы полияциясында жұмыс істейтін ініме, «жұмысыңды адал атқар, ешкімнің артық бір тиынын алма» деп отыратын. Анамыз да өте мейірімді, адал жан болды. Тазалықты ұнататын. Үйдің жұмысы, сырттың жұмысы демей істей беретін. Әкеміз күн ұзақ жұмыста жүргенде анам үйді де, сыртты да мұнтаздай тазартып, дәмді асын даярлап әкемізді күтіп отыратын. Әкем мен анамның еңбекқорлығы бізге үлкен өнеге болды. Кейін отбасында осындай өнегелі тәрбие алған біз де еңбекқор болып қалыптастық. Жанұядан үлкен өнеге алдық.

-«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген бар. Сіздің еңбек демалысына шықсаңыз да ұстаздық салада талмай еңбек етіп жүргеніңізді білеміз. Жалпы, ұстаздық қызметіңіз жайында айтып өтсеңіз? Еңбек жолын қай жерде бастадыңыз?

– Мен 1968 жылы өзім туып өскен Науырзым ауылында орта мектепті бітірдім. Осы жылы білім іздеп Алматы шаһарындағы  Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1972 жылы бітіріп шықтым. Мамандығым ұлттық мектептерде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін өзімнің туған ауылыма келіп, өзім оқыған мектепте орыс тілі және әдебиетінің мұғалімі ретінде еңбек жолымды бастадым. Өзімді оқытқан мұғалімдерден білмегенімді үйреніп, бір ұжымда абыройлы қызмет еттім.  Уақыт өте сол мектепте  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім. Кейін ауыл халқы біртіндеп көше бастады. 1986-1987 жылдары 8 жылдық мектепте  директорлық қызмет атқардым.

1987 жылы тұрмысқа шығып,  аудан орталығы Қарамеңді орта мектебіне жұмысқа орналастым. Бұл үлкен мектеп болатын. Үш қабатты 1200 оқушысы бар білім ордасында жұмыс істеу оңай емес еді. Орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Ол кезде қазақ тілін үйренуге көп мән берілмейтін. Сондықтан болар бұл мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәніне арналған кабинет жабдықталмаған екен. Мен осы кабинетті жабдықтап, балаларға қазақ тілін үйретуде қолданылатын көрнекіліктерді дайындауға кірісіп кеттім. Ол кезде жаспын, жұмыстан бір шаршамайтынмын. Жан-жақты ізденіп, өзіме үлкен талап қоятынмын.

Жұмысқа орналасқаныма көп болмаса да, алғаш рет қазақ тілінде ашық сабақ өткізген едім. Қасымдағы мұғалімдер сол кезде менің ештеңеден қорықпайтын батылдығыма таң қалғаны әлі есімде. Сөйтіп, балаларға қазақ тілін үйретіп жүріп, Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби кеш ұйымдастырдым.Осынау кеш күні кешегідей көз алдымда. Сол кезде қазақ тілінде жақсы сөйлейтін Әділ және Айсауле есімді шәкірттерім болды. Екеуі бірі қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде кешті жүргізіп тұрды. Сол мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімдерге Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыттым. Мектепте жұмыс істейтін Әлия Жарқымбаева деген кісінің даусы керемет, әнші болатын. Сол кісі 10 сыныпта оқитын ұлы Жандостың гитарада сүйемелдеуімен «Фариза қыз» әнін шырқаған еді. Кешке жиналған көпшілік, сызылта салған әнді ұйып тыңдап, өздерінің ризашылықтарын білдіріп, бұрын соңды мұндай кештің болмағанын айтып алғыстарын жаудырып жатты.

Менің ұстаздық салада қызмет етіп жүргеніме биыл 50 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде ешқашан жұмысыма жүрдім-бардым қараған емеспін. Күнделікті 45 минут сабағыма тыңғылықты дайындалып, оқушылардың алдында не айтамын, жаңа тақырыпты қалай түсіндіремін деп ізденемін. Жоспар құрып шәкірттеріммен жұмыс жасаймын.

Кейін отбасылық жағдайыма байланысты Рудный қаласына қоныс аударуға тура келді. Мұндағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық колледжге жұмысқа орналастым. Дәл мен сол шаһарға көшіп барған жылы колледжде филология факультеті ашылып, мен орыс бөлімінде оқитын студенттерге қазақ тілінен сабақ бердім. Сол кездері енді-енді мемлекеттік тілге мән беріліп, еліміздің барлық білім ордаларында қазақ тілі оқытылып жатқан еді. Бұл жерде де белсенді жұмыс істеп, қазақ тіліне байланысты көптеген іс-шаралар ұйымдастырдым. Сол кездері менен тәлім алған шәкірттер өте көп. Солардың үшеуін ерекше атап өткім келіп отыр.  Осылардың үшеуі де республикамыздығ үздік педагогтарының қатарында. Республикалық байқауларға қатысып, жүлдегер атанды. Гүлжазира Смагулова қазір Рудный қаласындағы №19 мектебінің директоры, Қымбат Бірманова бүгінде Б.Майлин атындағы №7 мектептің директоры, Айнажан Болатханова осы үшеуі де еліміздің мақтан тұтатын білікті ұстаздары болып, алдарынан білімді шәкірттер ұшырып отыр. Шәкірттерім мені ешқашан ұмытқан емес. Әрдайым амандығымды сұрап, хабарласып, зор ілтипаттарын білдіріп жатады.

-«Ұстаз болу-өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деп жатамыз. Өміріңіздің 50 жылын ұстаздыққа арнапсыз. Өзгенің баласын оқытып, тәрбиелеп жүргенде өз балаларыңызды өсіруге уақытыңыз қалды ма? Отбасыңыз, балаларыңыз, немерелеріңіз жайында айтып өтсеңіз?

-Иә дұрыс айтасыз. Мен жұмыс басты болып жүріп, тұрмысқа кеш шықтым. Соның салдарынан болар, бала сүйе алмадым. Бірақ Алланың қалауымен бір қыз бала асырап алып, өсіріп жеткіздім. Сол қызымның есімі  Аналина. Ол бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.  Арыстан және Сезім есімді жиен немерелерім бар. Балаңнан немере тәтті болады деген рас екен. Кішкентай құлыншақтарымды сағынып, Нұр-Сұлтан қаласына жиі барамын. Немерелерімді құшақтап, мауқымды басып, соларға жинаған тәттілерімді беріп, бір демалып қайтамын.

-Биалаш апай, сіздің түрлі тақырыптарға қалам тербеп, мақала жазатыныңызды білемін. Сізді көбіне қандай мәселелер тодғандырады? Мақалаларыңызда қандай тақырыптарды көп қозғайсыз?

-Мен тіл маманы болғандықтан мемлекеттік тіл жайы көп толғандырады. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады деген сөз бар. Сондықтан бізге бірінші кезекте өзіміздің ана тілімізді жақсы біліп, құрметпен қарау керектігін баса айтқым келеді. Бұл өте маңызды дүние. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесі жайында жиі жазамын. Сондай-ақ қазақ тілінде өтетін іс-шараларда өз ойымды ортаға салып, жастардың бірінші кезекте ана тілін білулері керектігін жиі айтып отырамын. Өзім оқытып жүрген студенттерге де тілді шұбарламай, қазақ тілінде сауатты да еркін сөйлеу керектігін айтып, талап етемін. Менің ойымша кез-келген ұстаз шәкіртінен қазақ тілін еркін меңгеруін талап ететін болса, онда тіліміздің қолданыс аясы кеңейе түсер еді.

Сондай-ақ мен қоғамда орын алып жатқан оқиғаларға да бей-жай қарай алмаймын. Өзім көп жылдардан бері ғұмыр кешіп келе жатқан сән салтанаты жарасқан Қостанай қаласының тазалығына да өзіндік үлесімді қосуды парызым деп санаймын. Соңғы жылдары көшелері түзу де, таза бола түскен қаламызды біреулердің ластап жатқанын көріп, бір мақала жазғаным есімде. Қала тазалығы жайында да қалам тербеп отырамын. Алдағы уақытта ерекше жаратылған әлемге танылған атақты жандар жайында мақала жазсам деген ойым бар. Жалпы, мен үшін мақала жазу оңай емес. Мақаланы көп жазамын деп мақтана алмаймын. Өйткені, бір тақырып төңірегінде жазу үшін көп уақыт оны зерделеп, зерттеп аламын. Бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Әрине, қолыңнан келіп жатса, жастарға өнеге болатын мақалаларды неге жазбасқа.

-Қоғамда «Әйел бақыты» деген ұғым бар. Апай сіз үшін «Әйел бақыты» неде?

-Менің ойымша әйелдің бақыты мынау немесе анау деп бір сөзбен айту мүмкін емес. Әйелдің жандүниесін түсіну де мүмкін емес. Әр әйел өмірден өзінше бақыт тауып жатады. Мысалы, мен өз бақытымды тапқан жанмын. Қызымды өсіріп, бүгінде әже атанып, немерелерімнің қызығына тоймай жүрген жайым бар.

Ұстаз ретінде мыңдаған шәкірттерімнің ыстық ықыласына бөлендім. Олар әрдайым туған күнімде басқа да мерекелерде құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп, тілеуімді тілеп жатады.

Ағайын-туыстың ортасында сыйлы да құрметті адаммын. Олар әрдайым білмегендерін менен сұрап, жасы кішілері менен тәлім алып жатады. Оларға айтар ойым да ақылым да жетеді. Өмірден өз орнымды тауып, қолымнан келгенше жастарға тәлімді тәрбие, сапалы білім беруде талмай еңбек етіп келемін.

Міне, осыларға қарап отырып, өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Адам бақытты алыстан іздемеуі керек. Бақыт әр өткен сәтің, таза ауаны құштарлана жұтқаның, бауырларыңның ортасында мәз-мейрам болып отырғаның, шәкірттеріңе өз білгеніңді үйреткенің, балаларыңа аналық шуағыңды сепкенің, немерелеріңді мауқыңды басып құшақтағаның. Осының бәрі менің бақытым.

-Биалаш Балтақызы, осынау сырлы сұхбатыңызға рахмет. Бақытты күндеріңіз көп болсын.

Сұхбаттасқан Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77