-дейді, жеке кәсіпкер Құралай Ерғалиева
Елімізде жеке кәсіп ашып, жаңа жұмыс орындарын құрамын деген жанға жан-жақты қолдау бар. Осы қолдауды сезінген бірқатар жерлестеріміз көптен бері көкейлерінде жүрген кәсіптерін ашуды ұйғарып, бүгінде көптеген жұмыс орындарын ашып, табысты жандардың біріне айналып отыр. Менің бүгінгі кейіпкерім Құралай Ерғалиева қазіргі таңда қаламыздағы №3, №9, №20, №21 орта мектептерінің асханаларында оқушыларға ыстық тамақ дайындаумен айналысып келеді. Ас әзірлеу оңай шаруа емес. Оның ішінде кішкентай балалар үшін тағам пісірудің жауапкершілігі де жоғары болса керек. Қарамағында 18 адам жұмыс істейтін Құралай Жұмаханқызы әрдайым бір орында тұрып қалмай, өзінің кәсібін дамытып келеді.
-Мен бұл кәсіпті ұлымның әскери қызметкер болып Ақтөбе облысына кетуіне орай сол елді-мекенге қоныс аударып 2006 жылы апам Айтжамал мен жездем Сағындықпен екі отбасы бірлесіп жеке кәсіп ашқан болатынбыз. Алғаш кәсібімізді Ақтөбе облысы Алға қаласындағы №3 орта мектебінің асханасында бастаған болатынбыз. Бұл жерде де бірнеше жыл қатарынан абыройлы еңбек етіп, 2015 жылы туған жеріміз Қостанай мекеніне қайтып оралуды ұйғардық. Сөйтіп Қостанай қаласына келгеннен кейін кәсібімді №10 орта мектептің асханасында жалғастырдым. Кейін басқа да білім ордаларының асханасында еңбек еттім.
Бүгінде №3, №9, №20, №21 орта мектептердің жылда ойнатылатын тендрін ұтып алып, абыройлы қызмет атқарып келемін. Мен өзімнің кәсібімнің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мысалы, кішкентай балалардың денсаулығына пайдалы, дәрумендерге толы құнарлы ас дайындауда талабым жоғары. Ыстық тамаққа қолданылатын ет өнімінің сапасының жоғары болуын көздеп, соңғы жылдары малшаруашылығын да қолға алған жайым бар. Қазіргі таңда өзім қызмет ететін мектептерде таза және үнемі тексерістен өтіп тұратын малдардың еті қалданылады. Оның сапасының жоғары екеніне күмәнім жоқ. Сондықтан сапалы азық-түлік түрлерін ғана пайданалуға тырысамын,-дейді кәсіпкер.
Жақында қаламыздағы мектеп асханаларында берілетін тамақ бағасы қымбаттаған болатын. Оның өзіндік себебі де бар. Соңғы уақытта өңірімізде ғана емес жалпы еліміздегі азық-түлік бағасының тұрақсыздығы.
-Мектеп асханаларында өзіндік талап етілетін стандарт бар. Сол стандартқа сай қызмет етеміз. Мысалы, атап айтатын болсам бізде міндетті түрде жеміс-жидектен қайнатылатын компот, ет қосылған ыстық тамақ, етпен жасалынған бәліштер, тәтті бәліштер үздіксіз беріледі. Міне, осы құнарлы тағам түрлерін дайындауда көптеген азық-түлік түрлері жұмсалады. Сондықтан өзім қызмет ететін білім ордаларында ыстық тамақтың құны өскен болатын.
Міне, өткен жетіден қаламыздағы сауда орындарында қант өнімі атымен жоғалып кетіп, бағасы бір күннің ішінде аспандап шыға келді. Сонымен қатар сұйық май, ұн бағалары да айтарлықтай қымбаттады. Әрине, қазіргі асханалардағы ыстық тамақтың бағасы менің шығынымды толық жаппайды. Оны жасырмаймын. Бірақ қалалық білім бөлімімен жасалған келісімге орай сол бағаға жұмыс істеп жатырмын. Бірақ алдағы уақытта азық-түлік түрлерінің бағасы күн санап өсе беретін болса, жағдай қалай болатынын білмеймін. Барлығы сол нарықтағы бағаға келіп тіреледі. Алдағы уақытта жағдай қалай болатынын білмеймін. Бірақ кәсібіме берілгендіктен ешқашан жұмысымды тоқтатқан емеспін. Болашақта да қала мектептерінің асханаларында тамақ дайындаумен айналыса беремін. Өйткені, тәтті тамақ ішіп, көңілдері қош болып, бір-бірімен ойнап-күліп жүрген оқушыларды көргенде өзімді бақытты сезінемін,-дейді Құралай Жұмаханқызы.
Осынау кәсібін күнкөріс көзіне айналдырып отырған кәсіпкердің жаны таза, жүрегі мейірімді. Қай кезде де көмекке зәру жандарға бір шарапатымды тигізіп жүрсем дейді. Ол өзі жұмыс істейтін әр мектептің 5 әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балаларын өз есебінен тегін тамақтандырады. Сонымен қатар жыл сайын Наурыз мейрамына орай осы балалардың үйлеріне барып, азық-түлік дорбаларын ұсынады.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Владислав ВЫСОЦКИЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77