Правопорядок

Қостанай қалалық №2 сотта көп адамды алдап, ақша жымқыруға байланысты іс қаралып жатыр

Айыпталушы сот отырысында өзінің кінәсін толық мойындайтынын жеткізді

Бүгін Қостанай қалалық №2 сотында Зеречный ауылының тұрғыны Самал Кәкімжанның өткен жылы бір адамның атына рәсімделген несие қаражатын ұрлағаны үшін және бір адамның атына несие рәсімдеп, қаражатты пайладанып кетуіне байланысты сот ісі қаралды.

Қаражат табу мақсатында бірнеше заң бұзушылық жасаған Самал Кәкімжан Тайшина және Қабылдина есімді таныстарының атынан Альфа банктің қосымшасы арқылы рәсімделген олардың есеп шотына түскен несие қаражатын өзі алған.

Сотта белгілі болғандай, айыпталушының қатысуымен танысы Тайшина алдымен банк қосымшасы арқылы несие алуға келісім беріп, несие мақұлданғаннан кейін, бұл ойынан айнып, ақшаның өзіне керек еместігін айтып, банк қызметкерлеріне хабарласып, несиеден бас тартатынын жеткізген. Оған банк қызметкерлері, рәсімделген несиені 14 күн ішінде өздеріне қайтарып алатындарын айтқан. Бірақ осы уақыт арасында Тайшинаның банктен 1 млн 420 мың теңге несие алғанын және ол ақшаның оның есеп шотында жатқанын білетін Самал Кәкімжан бұл қаражатты өзіне иемденіп үлгерген.

Келесі банктен өзге адамның атына банк қосымшасы арқылы несие рәсімдеп, ақшаны өзіне алу жағдайы айыпталушының танысы Қабылдинаға байланысты болып отыр. Айыпталушы жақсы араласатын танысының атынан Альфа банктен 1 млн 368 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген. Бұл қаражаттың 205 мың 200 теңгесі банктің сақтандыру сыйақысы ретінде қаржы мекемесіне қайтадан қайтарылған. Осыдан кейін Қабылдинаның есеп шотында қалған 1 млн 163 мың теңгенің бірінші, 146 мың теңгесін 2021 жылдың 2 шілдесінде Самал Кәкімжан Темірбек есімді азаматтың есеп шотына аударып алады. Одан кейін Қабылдинаның есеп шотынан екі рет 500 мың теңге қаражатты Темірбек есімді азаматтың атындағы есеп шотқа жібереді. Сондай-ақ осы жылдың 19-шы шілдесінде 17 мың теңгені Темірбек деген азаматтың есеп шотына тағы да аударады.

Бұл деректерді мемлекеттік айыптаушы Қостанай қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Ернат Әбілқасым сот отырысында мәлім етті.  Сондай-ақ ол айыпталушы Самал Кәкімжанға несие ісінен бөлек, 17 адамға соғым алып беремін деп алдап кеткені және 1 адамнан қарыз алып бермей кеткені жөнінде де айыптардың тағылып отырғанын жеткізді.

Қостанай қалалық №2 сотының соты Сатыпалды Оразбайдың сіз өзіңіздің осы екі адамның атына рәсімделген несие ақшасын алғаныңызды мойындайсыз ба деген сауалына «иә» деп жауап беріп, кінәсін толық мойындайтынын жеткізді.

Осы ретте сот Сатыпалды Оразбай айыпталушыдан бұл жағдайлардың қалай орын алғанын баяндап беруін сұрады. Соттың рұқсатымен сөз алған айыпталушы Самал Кәкімжан өз сөзінде:

-Қабылдина менің жақсы танысым. Ол кісі маған ұялы телефон сатып алғысы келетінін айтты. Ұялы телефонды несиеге алғысы келгесін біз екеуміз Альфа банктен бір ұялы телефон алса, екіншісіне жеңілдік бар екенін естіп, сонда барып, екі телефонды несиеге алдық. Екеуміз бірігіп, бір айын мен, екіншісі ол төлейтін болып келістік. Сол ұялы телефон алуға барған кезде Альфа банктің қызметкерлері Қабылдинаның ұялы телефонына банктің қосымшасын жүктеп, қалай қолданатынын көрсетті. Бірақ ол кісі банк қосымшасын қалай қолдану керектігін толық меңгере алмай бірнеше рет менің көмегіме жүгінді,-деді.

Айыпталушының осы сөзінен-ақ оның Қабылдинаның ұялы телефонындағы банктің қосымшасына қол жеткізе алатындығы белгілі болды. Банктен алынған несиеге байланысты іс қарау процесіне Альфа банктің қызметкері онлайн режимде қатысып, сотқа банк қызметі бойынша түсініктемелер беріп отырды. Сондай-ақ айыпталушының сот алдында анықтама беруі кезінде банк қызеткерімен бір-бірінің сөзін түсінбеушілік орын алып, сот оларға қосымша уақыт беруді ұйғарды.

Самал Кәкімжанның қорғаушысы Сәуле Бекмұхамбетова соттың үкім шығаруда айыталушының кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар екенін, үлкені небәрі 10 жаста, кішісі үстіміздегі жылдың наурыз айында ғана дүниеге келгенін назарға алып, сондай-ақ өз кінәсін бірден мойындағанын ескеріп, жеңілдіктер шараларын қолданса екен деп үміттеніп отыр.

Қазіргі таңда  қалалық №2 сотта Самал Кәкімжанға байланысты сот ісі жалғасуда.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77