Шара барысында қатысушалыр Алаш арысының өмірі мен шығармашылығын жетік білетіндерін танытты
«Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, «Ахмет оқулары» сайысы болып өтті. Бұ шараға орталықтың 8 мемлекеттік тілді үйреніп жүрген тыңдаушылары қатысты.
Сайыс «Бәйге», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», «Ойлан, тап», «Ұтқыр ой мен шешен тіл» деп аталған 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығынан қойылған сұрақтарға көп ойланып жатпастан дұрыс жауап берулері керек болды. Бұл ретте тыңдаушылар Алаш ардақтысының өмірбаяны мен шығармашылығын жақсы білетіндерін танытып үлгерді. Екінші кезеңнің талабы бойынша қатысушылар ақынның, қоғам қайраткерінің шығармаларының бірін мәнерлеп, жатқа оқулары керек болды. Бұл жердеде олар жаңылмай, өздерінің сүйікті шығармаларын жатқа айтып, бірінен-бірі оза шапты. Олардың бірі ақынның «Айна мен маймыл», «Анама хат», «Оқуғак бару» өлеңдерін жатқа оқысы, екіншілері орыс жазушыларынан аударған «Аққу, шортан хәм шаян» мысалдарын тақышына келтіре айтып, жиналған қауымды тәнті етті. Ал үшінші кезең «Ойлан, тап» бойынша суретке қарап мақал құрастыруда да қатысушылар аянып қалмады. Ел аузында жүрген сурет арқылы жасырынған мақалдарды лезде тауып бір-біріне бәс бермеді. «Ұтқыр ой мен шешен тіл» кезеңінде «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы», Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуының реформаторы», Ахмет Байтұрсынұлының қырық мысал жинағы» тақырыптарында эссе жазып, тыңдаушылардың Ахмет Байтұрсынұлын қаншалықты білетіндіктерін сарапқа салып отырған әділ қазылар алқасына тапсырды.
-Менің қазақ тілін үйреніп жүргеніме көп уақыт болған жоқ. Бірақ ойымды бір кісідей қазақ тілінде жеткізе аламын. Бүгінгі сайысқа тілді қаншалықты білетінімді тексеру үшін қатыстым. Мұнда менен де басқа мемлекеттік тілді жетік меңгерген қатысушылар көп екенін байқадым. Сондықтан алдағы уақытта қазақ тілге әлде де көп көңіл бөлуім керек деген шешімге келдім.
Болашақта да осындай іс-шараларға қатысуға дайынмын. Осылайша көпшілікпен бірге мемлекеттік тілді еркін меңгеріп алуға болады. Осы сайыс барысында өзіме көптеген таң дүниелер алдым. Ахмет Байтұрсынұлының өмрі, шығармашылығы туралы көп нәрсені білмейді екенмін. Өзім сияқты сайысқа қатысып, өздерінің білімдерін танытқан жандардың ізденімпаздықтарына тәнті болдым,-дейді «Тілдарын» оқыту орталығының тыңдаушысы Владислава Сидорова.
Сайыс болған соң қатысушылардың бірінен бірі оза шауып, ерекші білімділігін танытатыны белгілі. Осы ретте құрамына А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің филология факультетінің аға оқытушысы Шынар Төлегенова, Қостанай облыстық мәдениет басқармасының тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Диана Қадірова, «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Алтын Ташмағанбетова кірген әділ қазылар алқасы білімді де білікті сайыс қатысушыларына лайықты бағасын берді.
Сайыста өзгелерден оқ бойы озып, өзінің терең білімін танытқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Нұрболат Қадырбаев бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қызметкері Әсем Сарлыбаева жайғасты. Үшінші орынды қаламыздағы №25 негізгі мектебінің мұғалімі Айна Кульпейсова иеленді. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылара арнайы дипломдар мен рухани азық сыйлайтын мәнді де мағыналы кітаптар тарту етілді.
-Мен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлына арналған сайыста жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Ол кісі жайында мектеп қабырғасында жүрген көп дүниені оқып, көңіліме түйген едім. Әсіресе, маған қоғам қайраткерінің өзге ұлт жазушыларынан аударған мысалдары қатты ұнайтын. Мысалы, «Бидайдын бастары». Бұл мысалдың астарында үлкен мән жатыр ғой. Қазіргі біздің қоғамда дән бітпеген масағы бос көкке қарап тұрған бидай сында адамдар өте көп. Міне, сондай жандар үшін бұл мысалдың берер тәрбиесі мол.
Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлының артында қалдырған даналығы өте мол. Біз жастар осыдан үлкен өнеге алуымыз қажет,-дейді сайыста басқа қатысушылардан озып алға шыққан Нұрболат Қадырбаев.
Әрине, ұлылардан қалған ұлы сөздер біздің болашағымызға бағдар емес пе. Тек солардың артында қалған мол мұрасын жоғалтпай ұрпақтан ұрпаққа мұра ету басты парызымыз екенін естен шығармайық.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77