Культура

Қала орталығында «домбыра әлемі» деп аталған көрме өтті

Онда көпшілік қасиетті қара домбыраның тарихымен танысып, күй тыңдады

Бүгін облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен бастау алған «Дала фест» жобасы аясында домбыра күніне орай облыстық тарихи-өлке тану музейі «Домбыра әлемі» деп аталған жобаны қаламыздың орталық саябағында А.Байтұрсынұлының ескерткіші алдында ұйымдастырған болатын.
Аталмыш іс-шараға музей қорындағы құнды дүниелер оның ішінде Әсия Беркенованың, Сералы Қожамқұловтың, Шамиль Мұхамеджановтың, Сәлім Меңдібаевтың қолданған домбыралары қойылды. Орталық саябақта серуендеп жүрген қала тұрғындары музей қызметкерлерінің ұсынып отырған көрмесін тамашалады. Сонымен қатар жиналған көпшілік «Домбыраны жина» деп аталған домбыраны фазылдармен құрау ойынына да белсене атсалысты. Бұл ойынға кішкентай балғындар ерекше қызығушылық танытып, фазылдармен домбыраны құрап, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Осы ретте музей ұжымы ұйымдастырған көрмеге І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртісі, домбыра жасаудың шебері Қабду-Мажит Имановтың арнайы шақырылғанын атап өтпеуге болмайды. Ол бұл көрмеге өзінің жасаған домбыралары мен сувенирлерін алып келген.

-Мен 18 жасымнан домбыра жасаумен шұғылданамын. Алматы қаласында домбыра жасаудың арнайы оқуын бітіріп, осы мамандық бойынша жұмыс істегенмін. Осыдан кейін әртістікті де меңгеріп, бүгінде өңіріміздегі өнердің қара шаңырағы қазақ драма театрында жұмыс істеймін. Менің шеберханам осы театрда орналасқан. Бүгінгі көрмеге қолымнан шыққан құнды домбыраларымды алып келіп отырмын. Сонымен қатар дос-жарандарға, туған-туысқа сыйға тартатын сувенирлерім де бар. Менің қолымнан шыққан домбыралардың ағашына қарай сапасы жақсы. Сондықтан бағасы 25000-нан 50000-ға жетеді. Бүгінде домбыраға деген сұраныс жоғары. Домбыра шертетін жасөспірімдер де көп. Өйткені, елімізде жастарға домбыра үйрететін тегін үйірмелер көптеп ашылып жатыр. Бұл қуанарлық жағдай. Міне, осындай үйірмелердің арқасында қасиетті қара домбыраның қадірі артып келеді,-дейді шебер.

Осынау қала тұрғындарының қызығушылығын тудырған шарада ұстаздары Алмагүл Тоқмағамбетова болып табылатын қалалық №1 музкалық мектептің Дархан Қанапин және Сұлтан Темірбаев есімді оқушылары, домбырашылары өз өнерлерін көрсетті. Олар «Адай», «Сарыарқа», «Балбрауын», «Ерке сылқым» және басқа да жүректі тербетер күйлерді күмбірлетіп, қала тұрғындарының алғысына ие болды.

-Мен 4 жасымнан домбыра үйәрмесіне бардым. Домбырада ойнауды бірінші әкемнен үйрендім. Ол кере,мет домбырашы. Мен де әкеме ұқсап шебер домбырашы болсам деймін. Бүгінде 30-ға жуық күй білемін. Музыка мектебінде оқимын. Ұстазымның бір көрсеткенін бірден қағып аламын. Өнерге деген қызығушылығым жоғары. Көптеген қалалық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атандым,-дейді домбырашы Дархан Қанапин.

-Өзім қаламыздағы физика-матемарикалық лицейде орысша білім алып жүрсем де домбыраға деген сүйіспеншілігім ерекше. Домбыраның күмбірлеген қоңыр үнін ұнатамын. Өнерге ден қойып, көптеген байқауларда топ жарып жүрмін. Домбырада ойнағанда жаным рахат табады. Бұл қасиетті аспапта ойнай алатыныма мақтанамын,-дейді өнерлі шәкірттердің бірі Сұлтан Темірбаев.

Домбыра күніне арналған осынау іс-шарада қасиетті қара домбыраның шанағынан төгілген күйлерді тыңдаған көпшіліктің қуанышында шек жоқ.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77