Біздің Қостанай

Жұмағазы Бекбосынов: «Әкемді алып кеткен сәт әлі көз алдымда»

Қуғын-сүргін жылдарындағы зобаланды бастан кешірген бір әулет


Зар заманның зұлмат жылдарында қазақ халқының басына төнген қиындықтар аз болмады.

Тоталитарлық саясаттың езгісіне ұшыраған қаншама қандастарымыздың өмірі қыршынынан қиылды. Солақай саясаттың қылышынан қан тамып тұрған сол бір жылдар ел тарихында қаралы күн ретінде еске алынып келеді. Әсіресе, 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезеңі де халықтың қабырғасын қайыстырып, қара жамылдырғаны белгілі.

Одан кейінгі 1937-38 жылдардағы репрессияның зардабын қоса есептегенде еліміз 3 миллионнан астам азаматынан айрылды. Олардың ішінде ұлт зиялылары мен халық қамын ойлап бас көтерген арда азаматтарымыз да бар. Сол жазықсыз жапа шеккендердің қатарында Қостанай қаласының тұрғыны Жұмағазы Бекбосыновтың әкесі Қабдолла да бар еді. Жұмағазы атамыздың 8 жасында әкесіне «Халық жауы» деген жалған айып тағылып, өз үйінен тұтқындап әкеткен сәті осы күнге дейін көз алдында.

Осындай қасиеттерге ие бола білген жандардың бірі – Жұмағазы Қабдоллаұлы дер едім. Бұл күндері Жұмағазы ақсақал – бір үйдің ғана атасы емес, Қостанай қаласының санаулы абыз ақсақалдарының бірі. Ал, ақсақалымыздың жары Шолпан апамыз – өз шаңырағының ғана отанасы емес, бір әулеттің көзі ашық, көкірегі ояу ардақты анасы. Екеуі де саналы өмірлерінің басым бөлігін мәртебелі мамандық – ұстаздыққа арнаған. Бұл кісілер жетімдікті, жетімдікпен қатар жүретін аштық пен жалаңаштықты бастан кешірді. Екеуінің де балалық дәурендері мен жастық шақтары кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан болған ашаршылықпен, «халық жауларымен күрес», неміс-фашистерге қарсы 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Әсіресе, Жұмағазы ағамыздың балалық шағы қысқа болды.

«Сол кездегі кеңес үкіметінің қолшоқпарлары «халық жауы» деген жаламен әкем Қабдолланы 1937 жылы тұтқындады. Бұл көктем кезі болатын. Балалардың барлығы түстен кейін асық ойнауға шығатынбыз. Бір кезде ат-арбамен қасында айдаушы әскерлер бар милиция кіріп келді. Ойын балаларының барлығы олардың суыт жүрісіне үрейлене қарадық.

Сүйтіп тұрғанда түсі сұсты адамдар біздің үйдің жанына келіп тоқтады. Әкем Әулиекөл ауданына қарасты жаңадан құрылған Миялы ауылының басқарушысы болып қызмет етіп жүрген кезі. Біз жүгіріп үйге келсек алдымнан жылап анам шықты. Есіктен төрге дейін шашылған заттар. Барлығын қопарып, тінтіп шығыпты. Біраз күткен соң ауылдың шаруаларымен кеткен әкем де үйге оралды. Сол арада оны тұтқындады. Бізбен қоштасуға да мүмкіндік бермеді. Біз әкемізге араша түспек болып, ауыл шетіндегі сайға дейін жүгіріп бардық. Сол сайдан өте берген кезде қасымдағы Құрмаш атты туған інім құлап қалды. Ол тізесін жарақаттап алып өкіріп жылады. Мен бауырымды уатып отырғанда әкемді тұтқындап бара жатқандар бізден алыстап, қарасын да көрсетпей кетті. Бірін-бірі ұстап беріп жатқан кезде әкеме де жалған айып тағылып, сол жылы өлім жазасына кесіледі.

Ал, анамыз Күнзипаның сол кезде аяғы ауыр болатын. Әкемді бірінші рет Қостанайдағы түрмеге іздеп барған анамды онымен жолықтырмай, арнап әкелген азық-түлігін қабылдамай қояды. Күдерін үзбеген шешеміз әкеміз жатқан түрмеге екінші рет барғанда оның атылып кеткенін естиді. Анам ауыр қайғымен есеңгіреп жүріп үйге әрең жетті. Келген бетте нәрестесін босанғанда, дүние салды. Сәби тірі қалды. Ақыш деп ат қойып бір тусымыз асырап алды», – деп көзіне жас алды Жұмағазы ақсақал.

Ал, Жұмағазы ағамыздың жұбайы Шолпан Жармағамбетқызы да әке-шешеден жастай айырылыпты. Әкесі 1943 жылы майданға аттанып, оралмады, анасы Бәден қызының үш жасында ауырып қайтыс болады. Бірақ, әкесінің інісі Омар ағасы мен Мағрипа жеңгесінің қолында тәрбиеленіп, бой жетеді. Жұмекең де көптеген қиындықтарға мойымай, ауыл мектебін бітіріп, 1946 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Меңдіқара педучилищесіне оқуға түседі. Жағдайдың қиыншылығына байланысты соңғы курсын сырттай аяқтап, 1949 жылы диплом алады.

Осылайша, еңбек жолын 1948 жылы бастайды. Ағамыздың зейіні математикаға жақын болады. Соғыстан кейінгі ауыл тұрмысы әлі де нашар еді. Көптеген елді мекендерде мектеп, интернат ашу деген жұмыстарға қызу кіріседі. Мұғалімдікті меңгергеннен кейін де білімін жетілдіру үшін Орал педагогикалық институтына түсіп, ойдағыдай аяқтап, диплом алады. Осы кезде ауылдық, аудандық мектептерді аяқтап келген Шолпан апай да осы Орал педагогикалық институтына түседі. Бір ғажабы, арасы 8-ақ шақырымдық екі ауылдың қыз бен жігіті Орал қаласында жүріп, отбасын құруға шешім қабылдайды.

Дүниеге келген балаларының бәрі де жоғарғы білімді, инабатты азаматтар болатындай етіп тәлім-тәрбие берді.
Иә, расында өткенге тағзым етпей келешекке қадам басу мүмкін емес.

Мешіт Хазез


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77