Біздің Қостанай

Тәжірибелі маман Садык Бекбаулов жайында

Біздің көпшілік жиналған жерде  егде жандардың бір-бірімен қауқылдасып, әңгіме-дүкен құрып, бір-біріне «мен еңбекке ерте араластым, кішкентайымнан жұмыс істедім»-деп жатқанын бір емес бірнеше рет құлағымыз шалып қалып жатады.

Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Расында біздің ата-бабаларымыз еңбекке ерте араласты. Бұғанасы қатпаған баланың бір үйдің сыртқы жұмысын тындырып отырғаны, оның кішкентайынан еңбекқор болып қалыптасқанын білдірсе керек.

Осы ретте менің бүгінгі кейіпкерім Қостанай жылу-энергетика кәсіпорнының №3 қазандығының жөндеу жұмыстарына жауапты бөлімнің басшысы Садык Бекбаулов та өз әңгімесін «мен еңбекке ерте араластым» деп бастады. Ол Өзбекстанда дүниеге келген. Мектеп бітіріп, әскерге аттанады. Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін бірден еңбекке араласып, жылыту мекемесіне жұмысқа орналасады. Сол елде сол мекемеде 20 жыл қатарынан жұмыс істейді. Кейін Қазақстан қандастарды шақырып жатқанын естіп, елімізге оралман болып, көшіп келеді. Мұнда келген соң да, өзінің үйренген жұмысы жылыту қазандақтарын жөндеу бойынша алдымен слесарь болып жұмысқа орналасады. Қазір елімізге келіп, осы салада еңбек етіп жатқанына да 25 жылдың жүзі болыпты.

Өз жұмысын жақсы көреді. Бұл оның тұрса да, жатса үнемі ойында жүретін сүйікті ісі.

– Мен алдымен қаланың орталығына жылу беретін орталық және №2 жылыту қазандықтарында 20 жыл жұмыс істедім. Соңғы бес жыл қазіргі қаламыздағы №3 жылыту қазандағында жұмыс істеп жүрмін. Бұл қазандық 1980 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әрине, ескі. Бірақ жарамды. Бұл жылыту қазандығы қаламыздың 5, 6, 7, 8, 9 шағын аудандарын толығымен жылумен қамтып отыр.

Менің жұмысым таңертеңгі 8-де келіп, қазандықты толық тексеріп, сорғылардың, құбырлардың жұмысын бақылау. Сонымен қатар сымдарды да  ерекше назарда ұстаймын. Жасыратыны жоқ, биыл қыста біздің жылыту қазандығында өрт шығып, қала тұрғындары біршама уақыт жылусыз қалды. Бұл өрт сымдардың істен шығуына байланысты болған еді. Ол кездері мен денсаулығым сыр беріп, ауруханада жатқан едім. Осындай өкінішті жағдай орын алғанына қатты қапаландым.

Бірақ,  одан басқа жылыту қазандығының бұзылуы болған жоқ. Дер кезінде жөнделіп, жұмыс істеп кетті. Жаз айларында қаламыздағы барлық жылыту қазандықтары толық жөндеуден өтеді. Бүгінде біздің жұмысымыз қызып жатыр. Қазандықтың сымдары, басқа да бөліктері толығымен жаңартылуды. Мұнда 4 слесарь мен 2 дәнекерлеуші жұмыс істеп жатыр. Осылай жылу маусымына жылыту қазандығын дайындап жатырмыз.

Біздің жұмысымыз оңай емес. Мен күнде аптасына бес күн таңертеңгі 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін осының басында жүремін. Кейде демалыс күндері күн-түн демей жұмысқа келіп, қазандықта орын алған олқылықтарды жоямын. Кейде тіпті түнімен жұмыс істеп, үйге таңертең барған кездерім де болды. Сонда да мен жұмысымнан қашқан емеспін. Осы жұмысты қойып, жеңілін іздесем қайтеді деген ой маған келген емес. Жалақым көп емес. Қолыма небәрі 150 мың теңге аламын. Бұл қазір ақша болмай қалды ғой. Сонда да күні бойы осы жылыту қазандығының жөндеу жұмыстарымен айналысамын. Еңбек етуден ешқашан қашқан емеспін.

Кейін кездері жастардың ойына таң қаламын. Мен жастайымнан қарапайым еңбекке араласып, ақша тауып ата-анама көмектесіп, бауырларымның қажет түгендейтінмін. Қазір бізге техникалық мамандықта оқып жүрген  жастар тәжірибеден өтуге келеді. Барлығының бірінші сұрағы «Қалай тез бастық болуға болады?» және «Қалай көп ақша табуға болады?». Олар бастық болу үшін, көп ақша табу үшін көп еңбек етіп, бай тәжірибе жинау керектігін мүлдем ойламайды. Мұндай жас кезімізде қара жұмыстан қашпай, білмейтінімізді үйреніп, өз кәсібімізде білгір атансақ дейтін едік. Қазіргі жастарға таңым бар. Олар қарапайым еңбекті білмейді.

Өзім қарапайым жұмыстан жаным рахаттанып, өз бақытымды тапқан жанмын. Қазірдің өзінде басшылық тарапынан көп марапат алып, бір бөлімнің басшысы атансам да, сол жас кезімдегі слесарь болғаным есіме түсіп, кез-келген жұмыстың бел ортасына кірісіп кетемін. Міне, нағыз еңбек адамы осылай қарапайым жұмыстың ортасында бірге қайнап жүру керек,-дейді Садык Алайдарұлы.

«Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Маңдай термен келген атақ та, қаражат та адамға ерекше бақыт сыйлап, әрдайым күш-жігер беріп отыратыны анық.

 Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77