Біздің Қостанай

«Бақытты отбасы – шынайы сүйіспеншіліктен құралады»

– дейді ерлі-зайыптылар Серік Темірбеков пен Гүлнар Талапова

Адам үшін ең құнды отбасы. Іші баланың шуына толған бұл мекен кімнің болсын жанын жадырарыхақ. Бақытқа бөлейтіні анық. Бүгінде отбасынан бақытын тапқан жандар қаншама. Қазақта «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деп айтылған керемет сөз бар. Сондықтан мал жинап дәулетті боламын десең, алдымен басың екеу болып берік отбасын құруың керек.

Әрине, «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп жатамыз. Жаңадан қосылған жастар отбасылық өмірде бір емес, бірнеше қиындықпен кезігуі мүмкін. Бұл бірақ олардың сүйіспеншілікпен көтерген шаңырағының шайқалуына себеп болмауы тиіс. Бір-бірін сүйіп қосылған жандар қос аққудай өмір айдынында бірге жүзіп, бір бірінен көз жазып қалмауды ойлауы қажет. Міне, осындай отбасылар ғана күнделікті тіршілікте болып жататын ыдыс-аяқтың сылдырына мән бермей, өмірді қол ұстасып бірге өткізері хақ. Бұл сөзімізге он бала өсіріп, жеткізіп, немереден шөбере көріп, шөбереден шөпшек сүйіп отырған ақ сақалды қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз дәлел болса керек. Олар бақытты отбасылық ғұмыр кешті. Білікті де тәрбиелі ұрпақ өсірді. Бұдан артық не керек. Мұндай кісілер қазір жас отбасылар үшін өнеге, тәжірибе мектебі болса керек.

Осындай абыз аналардың жолын қазіргі аяулы жас аналар басып келеді. Ойы мен парасаты толыққан, жөн сілтер ақ сақалдардың артынан жас отбасының тірегі болып отырған ер азаматтар бой түзеп келеді. Өмірдің заңдылығы да осында болса керек.

Бүгінгі қоғамда отбасын құрып, бала тәрбиелеп, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жандар қаншама. Осындай жылы ұяның иелері Серік Темірбеков пен Гүлнар Талапова. Екеуі де киелі Торғай жерінің тумалары. Осында дүниеге келіп, ер жетіп, үлкен өмірге қадам басқан.

1998 жылы отбасын құрған Гүлнар апамыз бен Серік ағамыз бүгінде екі қыз бен бір ұлдың ата-анасы. Үлкен қыздары Нұрсұлу мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ортаншылары Сымбат студент. Кенжелері Нұрхан мектеп оқушысы.

Отбасының отанасы Гүлнар Маратқызы қаламыздағы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығында директордың орынбасары, оқытушы болып жұмыс істейді. Ал отағасы Серік ағамыз болса, шаһарымыздағы коммуналдық мекемелердің бірінде қызметкер.

– Біздің шаңырақ көтергенімізге 24 жыл болыпты. Әрине, өте көп уақыт деп айта алмаймын. Бірақ аз да емес. Жастайымыздан бір өңірде өсіп, танысып, отау құрдық. Әрине, барлығы бірден бола кеткен жоқ. Қазақта «Көш жүре түзеледі» дегендей біздің де отбасымыз уақыт өте түзелді. Біздің бүгінде бақытты отбасылардың біріне айналуымыздың басты себебі, сол жастайымыздан бір-бірімізді шынайы сүйіп қосылғандығымыз болса керек. Бір-бірімізге үлкен сыйластықпен, құрметпен қарап, барынша көмектесіп отырдық. Уақыт өте берді. Тұңғышымыз Нұрсұлу дүниеге келді. Алғаш ата-ана атанғанымыз күні кешегідей көз алдымызда. Оның тәй-тәй жүргені, былдырлаған тілі бізді ең бақытты жандарға айналдырды. Әрине, баламыздың көп болғанын қаладық. Екінші қызымыз Сымбат туылғанда да ерекше көңіл-күйде болдық. Ер баланы да күттік, Алла көп күттірмей Нұрханды берді. Ұлымыз қазір енді-енді бой түзеп келеді. Ер бала әкесіне жақын ғой, көбіне сол кісінің қасында ақыл-кеңесін сұрап, өзінің көмегін беріп жүреді. Ал қыздарым өзімнің сырласым. Олар маған өзінің ойларын, өмірден білген-түйгендерін айтып, білмегендерін сұрап отырады. Қыздарыммен бір уақыт сырласып, құпияларымызды бөлісіп отырамыз.

Анасын өзіне құрбы еткен қыз ешқашан шалыс баспайды, өмірден опық жемейді. Сондықтан екі қызымды да кішкентайларынан өзіме жақын, құрбыдай тәрбиеледім. Олар қашан да анасына арқа сүйейді. Ақыл сұрайды. Сондықтан болар, ешқашан дөрекі мінездерін көрген емеспін. Сыпайы да қарапайым, мінездері ашық, көңілдері кең.

Отбасымызда бала тәрбиесіне өте ерекше көңіл бөлінеді. Отағасы ұлын қасынан қалдырмай өзінің білетінін үйретсе, мен қыздарыма өзімнің білетіндерімді үйретемін. Асханада да қыздарыммен біргемін. Олардың ас әзірлеуге, үйді таза ұстауға деген ниеттері мені қуантады.
Менің ойымша баламен көп уақыт өткізу керек. Олардың немен айналысып жүргеніне ерекше ден қою керек. Біз отағасы екеуіміз осылардың өмірден өз орындарын табуына көмектесу міндетіміз, парызымыз екенін жақсы түсінеміз. Баланы тек өсіріп ғана қоймай, сондай-ақ олардың өмірден адаспай өз орындарын табулары үшін дұрыс жолға салу басты міндетіміз деп білеміз, – дейді Гүлнар Маратқызы.

Әйел отбасының ұйытқысы болса, отағасы тірегі. Ер азамат жанұяның қамқоршысы, асыраушысы, қорғаны. Серік ағамызда бұл ретте өзінің әкелік болмысын балаларына таныта алған ер азамат. Ол бала тәрбиесінде өте қатал. Ұрпағының саналы да тәрбиелі, білімді болып қалыптасуын басты назарда ұстайды.

– Бала бет алды мақсатсыз өспеуі керек. Баланы жеті жасқа дейін еркелетіп, қалағанын жасап, одан асқаннан кейін оған жауапкершілікті үйрету қажет. Әсіресе, ерте жастан жауапкершілікті сезінген ер бала өскенде отбасының қамын ойлайтын, бір жанұяның қорғаны бола алатын жан болып қалыптасады. Өзімізді әкеміз көп еркелеткен жоқ. Еңбекке де ерте араласып, үйдің жайын ойладық. Ата- анамызға көмектестік. Ауылдық жерде өскен соң тірлікке ерте араласасың. Малдың қамын жасайсың. Үйдің жайын ойлайсың. Осылай біздің санамыз тез жетілді.
Өз алдымызға отбасы құрғанда еңбек етіп, көп нәрсені пайымдап қалғанымыз білінеді. Осылайша үйімізден көргеніміз бен түйгенімізді пайдаланып, бір отбасының қамын жасауға кірістік. Одан жаман болған жоқпыз.

Міне, қазіргі жастар да осылай болса деймін. Ең бастысы адам тез есейіп, тірлікке араласуы қажет. Ал ата-анасының мойнында отыра беретін, жалғыз қалса не істерін білмей қалатын ер азаматтар отбасын құрып шықпайды. Сондықтан баланы ерте жауапкершілікке, еңбекке баулу қажет. Әсіресе, бұл ретте ер баланы өзіне деген сенімділікпен тәрбиелеу қажет. «Жоқ сенің қолыңнан келмейді, өзім істеймін» деп ер баланы өбектей бермеген дұрыс. Керісінше оған «сенің қолыңнан бәрі келеді, өзің істе» деп жігерлендіріп, еңбексүйгіштікке бейімдеу қажет. Міне, мен осылайша кенжеміз Нұрханға әкелік ақылымды беріп, қолымнан келгенше оның батыл да еңбекқор, жауапкершілігі мол ер азамат болып қалыптасуына өзіндік септігімді тигізіп отырмын.

Ал қыздарымның тәрбиесі анасының жауапкершілігінде. Олардың көңілге қонбайтын қылықтарын байқамаппын. Аналарымен сырласып, білмегендерін үйреніп жүргенін байқаймын. Нағыз ауызбірлігі жарасқан отбасы осындай болса керек, – дейді отағасы Серік ағамыз.

Үйге кірген қонақтың алдынан күлімдеп отанасы шықса, айнала нұрланып кетеді емес пе. Осы ретте Гүлдар апамыз бен Серік ағамыздың үйінен қонақ үзілмейтінін айта кеткен жөн болар. Үлкендерді сыйлап, қонақасы берсе, құрбы-құрдастары Гүлнар апамыздың бесбармағын сағынғандарын сылтау етіп, өздері түстеніп келіп жатады екен. Өйткені, отанасы қашан да үйіне келген жанға асын емес қабағын беріп, қуана қарсы алып, ризашылығын білдіріп шығарып салып жатады. Гүлнар апамыздың осы мәнезін жоғары бағалайтын Серік ағамыз да жас шағында апамызды осы ашық мінезін ұнатып, өмірлік жар етіп таңдап алғанын айтып отырады.

Бұл отбасында наурыз мейрамындан наурыз көже дайындалып, үй толы кісі болады. Өздерінің жақын көріп араласатын достары осы мерекеде Гүлнар апамыздың қолынан наурыз көже ішу үшін жылда келеді екен. Оларды Гүлнар апамыз бен Серік ағамыз қуана-қуана қарсы алады. Міне, бірнеше жылдар қатарынан мерекеде қонақ күтіп жүргенін отбасы мүшелері мақтана айтады.

Әйел түзде жұмыс істеп, үйіне келген соң да қол қусырып отыра алмайды ғой. Қолынан келетін дүниелерді жасап, уақытын тиімді де пайдалы өткізеді. Бұл ретте Гүлнар апамыз өзінің және нағашы әжесінен үйренген тігіншілікпен айналысады. Ол қолөнерге өте жақын. Осы ісмерлігін соңғы 5 жыл бойы жүзеге асырып келеді. Қолы икемді жанның тікке көрпелері мен көрпешелері кез-келген адамды таң қалдырады. Ою-өрнек салып тіккен көрпелерін, инстаграмдағы парақшасы арқылы сатады. Бұл оның екінші табыс көзі.

Сондай-ақ бала кезден әжесінің, анасының қасында жүріп кілем тоқығаны да есінде. Шұлық, қолғап, жиде тоқығанды да ұнатады. Балаларына тоқып берген киімдері көп. Тігінді де тоқыманы да жетік меңгерген Гүлнар апайдың қолы өнерлі. Ол бүгінде қала жұртшылығының арнайы тапсырысымен жұмыс істеп жатыр.

– Мен тігінді де тоқыманы да бала кезде үйренгенмін. Қазақта «Шеше көрген тон пішер» деген бар емес пе. Менің нағашы әжем тігінші болды. Оның тәрбиесін көрген менің анам да бұл өнерден құр алақан емес. Анамның тәрбиесін көрген мен де тігінді бала кезімде үйрендім. Жазғы демалыста кілем тоқитынмын. Өзге көрші балалар таңнан кешке дейін ойын даласында жүрсе, мен үйдің жанында анаммен бірге түрлі-түсті кілем тоқып отыратынмын. Міне, сол кездегі үйренгендерім бүгін де санамда сайрап тұр. Күні бүгінге дейін жұмыстан қолым болса болды, тігін машинама жайғасамын. Тігін тіккенді жаным сүйеді. Туған-туыс, таныс, жақындардан түскен тапсырыстарды орындаймын. Әдемілеп ою ойып, оны көрпенің бетіне саламын, – дейді Гүлнар апай.

Бақытты отбасы дегеніміз бір-біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын ерлі-зайыптылардың одағы болса керек. Арадағы бала олардың бір арнада тоғысып, бір мақсатқа ұмтылуына себепші. Ата-ананың татулығын көріп өскен баланың жанарын мұң шалмасы анық. Сондықтан елімізде бақытты отбасылар көп болсын.

Материал Қостанай қаласы әкімдігінің әлеуметтік даму бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жастар ортасында қазақ отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында дайындалды. Ұйымдастырушы – «Жанашыр бол» қоғамдық қоры.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет отбасылық
альбомнан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77