Біздің Қостанай

Достығымыз жарасқан

Экспедициялық топ киелі Қостанай жеріне ат басын бұрды

А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Елтану» республикалық туристік-өлкетану экспедициясы Қостанай төріне ат басын бұрды. Экспедицияның құрамында Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, тіл жанашырлары, тарихшы-өлкетанушылар, журналист, блогерлер бар.

Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде ЮНЕСКО аясында тойланып жатыр. Осы орайда экспедицияның мақсаты Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттап, жаңа Қазақстанда мемлекетшіл, идеологиялық, мәдени танымдық ізденісін, тәжірибесін, әлеуетін танымал ете түсу. Сонымен қатар Ақмола мен Қостанай облыстарының жерлеріне экспедиция жүргізу, аймақтардағы тарихи ескерткіштерді зеттеп, дәріптеу.

Қарағанды облысынан арнайы келген қонақтарды Қостанай халқы жылы қабылдады. Экспедиция мүшелері қалалық Балалар шығармашылығы үйінде жергілікті зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен тақырыптық конференция өткізді. Жиынды алғы сөзімен Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов ашып берді.

Конференцияның күн тәртібінде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев «А.Байтұрсынұлы және қазіргі қазақ тілінің дыбыс жүйесі» тақырыбында баяндама жасады. «Қазақ газеті» тақырыбында экспедиция мүшесі, тарихшы-өлкетанушы Темірғалы Аршабеков баяндап берді. Сөз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарих ғылымының кандидаты Минара Амрина «Рухани адамгершілік, дамуға қол жеткізу жөніндегі Ахмет Байтұрсынов идеялары» турасында ой бөлісті.

Ұлт ұстазы жайындағы зерттеулерімен қонақтарды А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып пен философия ғылымдарының докторы, Қостанай облысы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық топ мүшесі Марияш Қадралинова, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ақылбек Шаяхмет таныстырып, келелі ойларымен бөлісті.

Салтанатты бөлімнен соң қонақтар өз тараптарынан Қарағанды облысының тарихи мәдени, дәстүрлер мен этностар жинағын тарту етті. Сонымен қатар ән шашуларын ұсынды. Осы ретте Қарағанды қаласының өнер колледжінің аға оқытушысы Мадияр Сүлейменов «Аққу» күйін, Қоғам және мәдениет қайраткері Мерует Башай «Шаңырақ» термесін жиналған қауымға тарту етсе, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай «Отыз жетінші жыл», «Ахмет Байтұрсынұлына» өлеңдерін оқып көптің қошеметіне бөленді.

– Биыл Қарағанды облысының ҚХА-сы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған «Елтану» республикалық туристік өлкетану экспедициясын ұйымдастырып отыр. Экспедицияның басты мақсаты Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттау. Біз Қарағандыдан Ақмола облысына жол тарттық, сол жақтан Қостанайға келіп отырмыз. Әр облыста тарихи-мәдени ескерткіштермен танысып жастар арасында патриоттық, азаматтық, рухани адамгершілік қасиетті қалыптастыру. Тобымыздың құрамында «Мың бала», «Алғысым саған, Қазақстан!», «Ахмет оқулары» сияқты байқаулардың жеңімпаздары, Қарағанды облысы ҚХА мүшелері, өңіріміздің ғалымдары, қоғам қайраткерлері бар. Бізді Қостанай халқы жақсы қарсы алды, – деді экспедицияның ұйымдастырушысы Думан Малаев.

Қостанай шаһарындағы мұражайлар мен кесене, ескерткіштермен танысқан экспедициялық топ киелі Торғай жеріне ат бастарын бұрды.

Қымбат НАҒАШЫБАЙ
Суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77