Біздің Қостанай

Денсаулық – өз қолымызда

Тұмауға қарсы жаппай вакциналау жұмыстары бастау алып отыр 2022 жылдың

3 қазанынан бастап облыстың медицина-лық ұйымы тұмауға қарсы иммундау науқанын бастады.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, алдағы эпидемиялық маусымда вакцинаға енгізілген А (H1N1), А (H3N2) және В вирустың үш штаммы өзекті болады.

Тұмау вирусының таралуы қараша айынан басталып, сәуір айының ортасына дейін созылады.
Жыл сайын жер шары халқының 15% – ы тұмаумен ауырады және әлеуметтік маңыздылығы бойынша тұмау барлық аурулардың ішінде бірінші орында.

Тұмау кенеттен басталып, температураның күрт көтерілуімен бірге жүреді. Дененің айқын интоксикациясы пайда болады, оның келесі белгілері қалтырау, бұлшықет және бас ауруы, бүкіл дененің ауыруы, жалпы ауырсынумен құрғақ жөтел.

Тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде медициналық көмекке жүгіну керек, өйткені тұмаудың өзі емес, тұмау мен жедел респираторлық инфекциялардың асқынуы қауіпті. Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. Ағымдағы жылы халықтың неғұрлым осал топтарын вакцинациялау үшін «Гриппол+» вакцинасының 80 мың дозасы сатып алынды.

Бұл санатқа медицина қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша балалар жатады, – дейді мамандар.

Қаламыздағы барлық медициналық ұйымдарда тұмауға қарсы екпе жұмыстары басталып кеткен. Біз бас сұққан №5 қалалық емханада да екпе жұмыстары қызу түрде жүргізіліп жатыр. Халық өз еркімен келіп, тексерістен өтіп екпе алуда. Оңын ішінде жастар мен қатар егде жастағы адамдар да бар.

– Бүгінгі күні тұмауға қарсы екпе жүргізу жұмыстары басталып кетті. Біздің емханадағы процедуралық кабинетке күніне елу шақты тұрғын келіп екпе алуда. Жас ерекшелігіне тоқталатын болсақ балаларға алты айынан бастап екпе салдыртуға болады. Ол үшін ең алдымен кез келген қала тұрғыны өзінің тұрғылықты жері бойынша терапевт дәрігердің тексеруінен өтуі керек. Денсаулығында екпеге қарсы кінәрат болмаған жағдайда екпе алуына болады. Сонымен қатар мекеме қызметкерлерінен ұжымдық ұсыныс түссе жұмыс орындарына барып та тұмауға қарсы екпе егу қызметін қарастырып отырмыз. Өз басым да денсаулығым үшін «Гриппол+» вакцинасын алдым. Қазір күз айының келуімен түрлі қоздырғыш вирустары адам денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан иммунитетті түсірмей, денсаулығымызға мән берген дұрысырақ болады, – дейді №5 емхананың эпидемиолог дәрігері Дмитрий Мукабенов.

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп вакцина алушылардың қарасы күн санап артып отырғанына куә болдық . Олай болса денсаулығымызға бей-жай қарамай, дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрген жөн болар.

Жан ШАЙМЕРДЕН
Суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77