Біздің Қостанай

Тіл халықтар арасындағы үлкен көпір

Қазақ ауылында ер жеткен Артем Блинов бірнеше тілді меңгерген жан

Көп тілді білу – заман талабы. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» десе, «Қанша тіл білсең – сонша рет сен адамсың», – деп А.П. Чехов бекер айтпаса керек.

Тіл білген адам қор болмайды. Ел мен елді, халық пен халықты байланыстыратын көпірдің бірі де осы – тіл. Ол жайында «Қазақстан – 2050» Стратегиясында да айтылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі –жаңа Қазақстан» атты жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі».

Бүгінде өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытып жүрген жастардың қатары артып келе жатқанына куәміз. Біздің газетіміздің «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты жобасы да осы тіл білетін жандарды үлгі ету, оларды мақтан тұту.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Артем Блинов Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай өңірлік университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығының екінші курс студенті. Сарыкөл ауданының тумасы, қазақ ауылында ер жеткен Артем бірнеше тілді меңгеріп қана қоймай салауатты өмір салтын ұстанады. Сонымен қатар қаламыздың мәдени іс-шараларына да белсенді ат салысады.

– Бала кезден бастап қазақ ауылында тұрып, бар қазақ халқының әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді, мәдениетті жастайынан біле бастадым. Қазақ тілін өзімнің ана тілім деп есептеймін. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап мемлекеттік тілді меңгере бастадым. Ең бірінші жылдар, әрине қиындау болды, бірақ та уақыт өте келе тіл менің өмірімде үлкен рөл атқарып жатқандығын түсіндім. Қазақ тілін, қазақ елін құрметтеп, мақтан тұтамын! Әрине, қазақ тілі менің өміріме көп пайдасын тигізіп жатыр. 5 сыныптан бастап өзімді поэзия жағынан көрсете білдім. Әртүрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Бірақ университетке түскеннен кейін қазақ тілінде контент түсіру ойыма келіп, қазіргі уақытта сол істі жүзеге асырудамын. Достарымның қатарында қазақтар да, орыстар да бар. Ешкімді бөлмей, әр ұлтпен жақсы араласып тұрамын. Мектепте поэзияға құштар болғандықтан, қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, байқауларға қатысқан болатынмын. Осы жылы Жезқазған қаласында өткен Жайдарман ойынынан Қостанай құрамасы жүлделі 2 орынға ие болды. Кейін, қазақ тілінде спикер ретінде Петропавл қаласына барып келдім. Қазіргі уақытта Астана қаласында «Ел бірлігі» «Tik Tok House» жобысына қатысып Қостанай облысы өз «Tik Tok House» ын ашып «ON HOUSE» деген атауын қойды. Осы жобаларға өз үлесімді қосып жүрмін. Қазақ тілінде контент түсіру мақсатыма алғаш қадам басып жатырмын, – дейді Артем.

«Білімді ұрпақ – болашақ кепілі» дегендей бүгінде мемлекетіміздің басты мәселесі тіліміздің аясың кеңейту. Ал осындай тілдің қадір-қасиетін мақтан ететін жастарымыз барда еліміздің болашағы жарқын боларына сенеміз.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77