Новости Социум

Көп балалы отбасыларға жаңа жәрдемақы бекітуді ұсынды

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін жетілдіру жайлы айтып берді

– Табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек нақты 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді. Биылғы жылдың 9 айында атаулы әлеуметтік көмек 417 мың отбасына немесе 2 млн 138 мың адамға тағайындалды. Барлық алушылардың жартысынан астамы – көпбалалы жанұялар. Бюджетте атаулы әлеуметтік көмекке 206 млрд теңге көзделген. Бұл шаралар бір жағынан көмекке мұқтаж отбасыларға мемлекеттен нақты қолдау алып, көп отбасылардың табысы төмен санаттар қатарынан шығуына ықпал етті. Екінші жағынан, өкінішке қарай, жекелеген азаматтардың атаулы әлеуметтік көмектің кеңейтілген мүмкіндіктерін теріс пайдаланған фактілері орын алған. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде 73 мыңнан астам жанұя өз табыстарын жасырып, атаулы әлеуметтік көмектің заңсыз тағайындалғаны анықталған. Ол бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар іс жүзінде барлық жағдайды пысықтап, нәтижесінде бүгінде мемлекетке 156 млн теңге қайтарылып отыр, – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, ведомство атаулы әлеуметтік көмек берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын әзірледі. Оның мәліметінше, басты бағыт – еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділеттікті қамтамасыз ету. Ұсынылып отырған жаңа ұстанымдар көпбалалы аналарды қолдауды, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілді әлеуметтік топтаманы қамтиды.

«Біріншісі, атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60 пайыздан астамы көпбалалы отбасылардан шыққан. Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушы көпбалалы отбасылар құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыруды ұсынамыз. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыру жолы болар еді. Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны отбасы балаларының санына қарай 42 500 теңгеден 73 000 теңгеге дейін сараланған айлық есептік көрсеткішке еселенген мөлшерде белгілеу ұсынылады», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс.

– Атаулы әлеуметтік көмек – бұл уақытша қолдау, және отбасының әл-ауқаты үшін жауапкершілік мемлекетпен қатар отбасының еңбекке қабілетті мүшелеріне жүктелуі тиіс екенін атап өткім келеді. Аталған заң жобасы табысы аз адамдарға көмек көрсетудің атаулығын, айқындығын және әділдігін қамтамасыз етуге, оларға еңбекке жаңа ынталандырулар беруі тиіс. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау шынайы мұқтаж адамдарға көрсетіледі, – деп түйіндеді Біржан Нұрымбетов.

Ақпарат Bag.kz сайтынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77