Біздің Қостанай

Қазіргі бүлдіршіндеріміз не көріп жүр?

Мультфильмдердің балалар тәрбиесіндегі маңызы


Дәстүр мен мәдениет кез келген ұлттың ажырамас бөлігі екені баршаға аян.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауларының бірінде: «Дәстүр мен мәдениет — ұлттың генетикалық коды» деген болатын. Бұл дегеніміз, мемлекетіміздің ажырамас бөлігі саналатын маңызы зор мәдени құндылықтарымызды бағалау және оны ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізу.

Ал, бүгінгі күні мәдениетіміз бен дәстүрімізді сақтау жолында қандай істер атқарылып жатыр? Еліміздің болашағы ең алдымен кішкентай бүлдіршіндерімізден басталатыны белгілі.

Жалпы, балалардың жастайынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруінде басты қызмет ететіні ол — мульттоптамалар.
Өскелең ұрпақтың санасының дұрыс қалыптасуы үшін тәрбиелік мәні зор картиналардың көп болғаны жақсы. Бүгінде көгілдір экраннан балдырғандардың көретіні «Шрек», «Бентен», «Спанчбоб», «Винкс» сынды көптеген шет елдердің анимациялық мультфильмдері. Жаһандану үрдісі белең алған шақта Батыстан келіп жатқан балаларға арналған фильмдері жас ұрпақтың санасына тікелей әсер етуде. Қайсыбір шетелдік мультфильмдерді алып қарасаңыз да балаларды қызықтыру үшін барлық жағдай ойластырған. Осыдан бастап сана-сезімі, өзіндік ұстанымдары әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлығында өзгерістер пайда болады. Себебі балалар теледидардан немесе соткадан көргенінің бәрін дұрыс деп санайды.

Америкалық зерттеушілердің пікірінше теледидар көрермендерінің басым бөлігін балалармен жасөспірімдер құрайды. Олардың пайымдауынша әр бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экран алдында өткізеді екен. Дегенмен, бүгінде бұл көрсеткіштің жоғарлағаны сөзсіз. Яғни, бүлдіршіндердің теледидардан көріп, тамашалайтын туындыларының басым бөлігін мультфильмдер алады.

Кішкентайлардың таңертең ұйқысынан оянған сәтінен бастап көретіні «TILI», «Cartoon network», «Карусель», «Disney канал», «Multimani» және өзге арналар. Бұлардың бірінде тәрбиелі дүниелер көрсетілсе, бірінде мүлде керексізі көрсетіледі. Ал, қазақ тілінде балаларға арналған «Балапан» арнасын көбі қарайда қоймайды. Қазіргі таңда көрсетіліп жүрген өзіміз білетін мульфильмдердің бірқатар кемшіліктерін саралап көрейік. Бірінші, мультфильмдердегі жағымды кейіпкерлердің өзі басқа кейіпкерлерді өлтіріп қылмыс жасап жатады. Яғни, зұлымдыққа барады. Бұл ең алдымен баланың жүйкесіне кері әсерін тигізеді.

Екінші, қанша қатыгездік жасап жатсада ондағы кейіпкерлер жазаланбайды. Жақсы мен жаманның ара жігін ажыратып бермейді. Бұл бала санасында «егер осындай әрекет жасасам мені ешкім жазаламайды» деген ой тудыруы әбден мүмкін.
Үшіншіден, мультфильмдердегі кейіпкерлердің сырт бейнесі. Мысалы, «Бэтмен», «Человек паук» сынды былайша айтқанда, қазіргінің ойдан шығарылған батырлары ұсқынсыз, қорқынышты. Кейіпкерлерде нәзіктік пен мейірімділік сезімдері төмен. Бұл балалардың мінез-құлқынын өзгеріп, қатыгез болуына себеп болуы мүмкін.

Осындай шетелдің мультфильмдерін көріп жүрген жас өрендер өзіміздің төл туындыларымызды толық білмейді. Қазақ тіліндегі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қырық өтірік» сияқты тамаша мультфильмдер бар. Бұған қоса Алдар көсе туралы көп сериалы анимациялық фильмде түсірілді.

Өзіміздің бұрынғы «Желаяқ», «Таусоғар», «Көлтауысар», «Мыстан кемпір» сынды көптеген кейіпкерлеріміз де жетерлік. Мұнын барлығы қазақтың ауыз және жазба әдебиетінің сан алуан тұлғалары бар екендігін көрсетеді. Батырлық пен ерлікке, патриоттылыққа тәрбиелейтін осындай туындыларымыздың жақсы болғаны керемет емес пе. Бұған қоса тарихтағы ата-бабаларымыздың ерен ерліктері мен ақылдылығы, тапқырлығы жайында көрініс беретін мультфильмдер түсірілсе, балаларымызды шет елдің атыс-шабысынан гөрі өзіміздің туындыларымыз әлде қайда қызықтыратыны анық. Сондықтан қазақ тілді мульфильмдер теледидарларда балалардың көретін уақытына арнайы негізделіп көрсетілсе, балаларға арналған бағдарламалар мен арналар көбейсе нұр үстіне нұр болар еді.

Ертеңгі елдің болашағы жарқын болсын десек, қазірден бүлдіршіндеріміздің не көріп, нені көкейіне түйіп жүргеніне аса мән беруіміз қажет.

Сағыныш Ибрагим


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77