Көше атауын ауыстыру жөніндегі тыңдалымға қаланың құрметті азаматты, қоғам белсенділері, тұрғындар жиналды
Алғашқы болып, Елбасымыздың серігі болған, қоғам қайраткері Орал Мұхамеджановпен етене араласқан жолдастары, қызметтестері сөз сөйледі.
Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Валерий Вишниченко Орал Мұхамеджановты 40 жылдан астам уақыттан бері білетіндігін атап өтті.
– Орал Байғонысұлы өте дарынды басшы және өте талапшыл болатын, әсіресе өзіне де босаңсуға жол бермейтін. Ол көркем мінезге ие болды, шындықты айтуға келгенде еш қаймықпайтын. Менің ол кісімен таныстығым 40 жыл. Сол себепті Орал Байғонысұлын бір кісідей жақсы білімін десем қателескенім емес. Орал Байғонысұлы Мемлекеттің үшінші тұлғасы болды, сол себепті оның есімі ел жадында мәңгілік қалуы тиіс. Қазақта, «Қамшының сабындай қысқа өмір» деген сөз бар. Орал Байғонысұлы өзінің өмір жолында өнегелі істерімен халық жадында қалды, – деді Валерий Вишниченко.
Сондай-ақ, Валерий Вишниченко Чекмарев жайлы да өз ойын жеткізді.
– Ал, Василий Чекмарев бір жылға жуық Қостанайда болып, арнайы бір жолғы сапарын аяқтап, біздің облыстан кеткен адам. 40 жылдан астам уақыт Чукотка аймағында өмір сүрді. Зейнетке шыққаннан кейін оған Қостанайдан шақырту алып, пәтер ұсынды. Ол бірақ Рудныйға қоныс аударды, – деді Валерий Вишниченко.
Валерий Вишниченко өз сөзінде Василий Чекмаревтің есімі Қостанай облысы тұрғындарының жадынан өшпейтіндігін атап өтті.
Айта кету керек, Чекмарев атындағы көше тек Қостанайда ғана емес, Рудный қаласындағы бір көше атауы Чекмарев атымен аталады.
Тыңдалым барысында Қоғамдық кеңестің төрағасы Оразалы Жақсанов, ақын Ақыбек Шаяхмет, облыстық мәслихаттың депутаты, Жоғары экономикалық колледж директоры Алтынбек Байғабелов сөз сөйлеп көше атауының берілуін қолдайтындықтарын жеткізді.
– Қазақ халқында «тектілік» деген ұғым бар. Облыстық филармонияда көп жылдар қызмет істеген Байғоныс ақсақалдың көзін көрдік. Мен радиода қызмет істегенде көптеген әндер жаздық. Осындай текті тұқымнан тараған Орал Байғонысұлына қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Мемлекет және қоғам қайраткері Орал Байғонысұлы, Амангелді ауданында басшы және Қостанай өңірінде беделді қызметтер атқарды. Ал, Василий Чекмарев қостанайлықтардың есінде несімен қалды. Қостанай жерін жарты әрі кетсе бір жыл ғана мекен еткен адам. Қостанай қаласына Петроградқа нан жеткізу үшін Балтық теңізшілерінің отрядымен келді және Қостанай революциялық комитетінің бірінші төрағасы болып тағайындалды. Біздің қаламызда бар-жоғы бір жылға жетер жетпес уақыт тұрып, Чукотка облысына кетті. Бірнеше жылдан кейін жергілікті тұрғындар аштыққа тап болғанын жақсы білеміз. Сол себепті көше атау шын еңбегі сіңген адамның атымен аталуы керек. Әрине, еңбегі елеулі жанның бірі, жерлесіміз Орал Мұхамеджанов деп білемін, – деді Ақылбек Қожаұлы.
Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың депутаты, Орал Байғонысұлы білім алған қазіргі Жоғары экономикалық колледж директоры Алтынбек Байғабелов аталмыш көшені колледж ұжымы мен студенттердің қамқорлығын алатынын жеткізді.
– Біз көшені абаттандыруға және көркейтуге күш салатын боламыз. Біздің студенттер қамқорлық жасағанды құп көреді. Сол көшеде тұратын зейнеткерлерге барынша қамқор боламыз, – деді Алтынбек Байғабелов.
Солтүстік-батыс ықшамауданының тұрғыны Любовь Семенкова сөз алып, жерлес есімімен аталатын көшеде тұратындығына ризашылығын білдірді.
Алайда, Қостанай қаласының тұрғыны Зинаида Васенкова көше атауы өзгеретіндігіне разы еместігін білдірді. Оның ойынша, бюджеттік миллиондаған қаражат көше тақтайшаларына жұмсалмақ, ол қаражатты басқа нәрсеге жұмсалған дұрыс деп санайды.
– Біздің қаламызда көптеген мағынасыз көше атаулары бар – Зеленая, Кирпичная, Строительная, Солнечная, Спортивная… Мұнда олардың атын өзгертуге болады және керек, және Прибалтика теңізшілерінің, соның ішінде Чекмаревтің ерліктерін атап өту – артық емес. Сонымен қатар, жаңа көше тақтайшаларына да көп ақша кетеді, – деді кейуана.
ТҮКШ бөлімінің басшысы Алексей Тарасов жиналғандарға қанша қаражат кететіндігін түсіндіріп берді.
– Бір тақтайғашаның құны шамамен 7800 теңгені құрайды. Көшеге алты жол белгілері бар тақтайшамен көше аты жазылған тақтайшаны орнатуымыз керек. Біздің есептеуіміз бойынша 335 мың теңгеден артық кетпейді, – деп сөзін түйіндеді Алексей Тарасов.
Тыңдалым аяғында дауысқа салынып қалалық мәслихат депутаттары бұл атаудың өзгеруіне бірауыздан дауыс берді. Ендігі кезекте ономастика комиссиясының шешімін күту ғана қалды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77