Біздің Қостанай Образование

Қазақтың сары баласы атанған – Кирилл Пономаренко

«Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» делінген еді.

Міне, бүгінде өзге ұлт жастары арасында тіліміздің мәртебесін асқақтатып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген жандарды көргенде жанын жадырайды.
Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне,  мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді. Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниеттеміз.

Қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі – Кирилл Пономаренко. Ол – Қостанай қаласындағы ІІМ «Ұлттық Ұлан» 6697 әскери бөлімінде отан алдындағы әскери борышын өтеп, сол жерде келісімшарт арқылы жұмысын жалғастыруда. Бүгінде №38 қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде сотталғандардың тәртіптеріне бақылау және қадағалау жүргізу оның тікелей жауапкершілігінде. Кириллді жақын білетіндер оны «қазақтың сары баласы» деп атап кеткен. Кейіпкеріміз қазақ тілінде тек қана ауыз екі сөйлесіп қана қоймай, тіл білгенінің арқасында талай сахналарда туған мекені Амангелді ауданының, облысымыздың намысын қорғай білген жан.

– Қазақ тілі менің бойыма көшеде сіңді, орыс сыныбында білім алғаныммен достарым, қоршаған ортам тек қазақ тілді болды, – деді Кирилл. Бірыңғай қазақ отбасыларының арасында тұрған отбасы үшін қазақ тілі ана тіліндей болып кеткенін де жасырмайды. Ал, әскери қызметке келуі бұл бала күнгі арманы болғанын да тіліге тиек етті. Кішкентай күнінен анасы еңбек еткен Амангелді аудандық әскери бөлімшесіне еріп барып жүріп, әскерге аттанған бозбала жігіттерге еліктеп, болашақта өзін осы салада көруді армандаған екен. Міне, еңбек пен батылдықтың арқасында осы мақсатынан да қол жеткізгенін айтады.

– Мен ауылда өстім. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім. Тілді білуім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Менің анам да, әпкелерім де қазақ тілінде еркін сөйлейді, – деді Кирилл.

Кирилл адам бойындағы барлық қасиетті тәрбиемен байланыстырады. Оның отбасында қазақ тілін білуге, қазақтың мәдениетін құрметтеуге баса мән берілген. Мектеп қабырғасынан бастап «қазақтың сары баласы» қазақ тілін өте жақсы оқыған. Кирилл «Тіл шамшырақтары», «Мемлекеттік тіл-менің тілім» деген байқауларда талай мәрте жеңімпаз атанған, сөз саптауы ерекше, ойы терең. Әскери қызметті атқара жүріп қоғамдық іс-шараларға да белсенді атсалысып, бір емес бірнеше тілді қатар алып жүрген осындай жалынды жастар ел қорғаны, болашақтың бастауы деп айтуға әбден болады.

Жан ШАЙМЕРДЕН


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77