Біздің Қостанай Социум

«Мерейлі отбасы»: берік отбасы – берік мемлекет

Салауатты өмір салтын жандарына серік еткен жанұя

«Отан отбасынан басталады» деп жатамыз. Бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып ер жететінін білеміз.

Отбасы-адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсені еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Заманға сай отбасында бала тәрбиелеу аса үлкен жауапкершілік пен білімді талап етеді. Қазақ үшін отбасынан киелі ештеңе жоқ. Өмірге келген нәрестеге ана махаббаты мен кіршіксіз таза көңілі ауадай қажет. Отбасы –сыйластық, жарастық орнаған орта. Біз 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында бастау алған «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының қалалық кезеңінің қатысушылары Қасымбековтер отбасымен таныстырғалы отырмыз.

Отағасы Бауыржан Аманбалаевич пен отанасы Рабиға Айдарбековна ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген жандар. Олар баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол деген қағиданаы ұстанатын жұп. Олар қойнауы құтқа толы Қостанай еліне жұмыс бабымен келіп, жергілікті тұрғын атанғандарына да біраз болғанын айтады. Осы өлкеде үбірлі-шүбірлі болып, бүгінде отбасында бір қыз бен екі батырды тәрбиелеп отыр.

– Қазақ халқы отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған. Ата – ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіген балада жақсы сезім туатыны белгілі, – дейді Қасымбековтер отбасы.

Олар балаларының жан-жақты болып өскендерін қалап үйдің үлкені Айаруды қызығушылығына байланысты би, вокал, тоғызқұмалақ үйірмелеріне берген. Ал, ұлдары Айсұлтан дзюдо, сурет, тоғызқұмалақтан қосымша сабақ алуда. Үйдің кенжесі Айбатыр шағын орталықтың тәрбиеленушісі. Биге деген ықыласы ерекше. Бір сөзбен айтқанда, балалардың бәрі де аналары сияқты өнерге жақын болып өсіп келеді. Рабиға Айдарбековна қаламыздағы Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебі жанындағы шағын орталықта әдіскер, өнерге деген ықыласы ерекше.

Шағын орталықта өткізілетін іс-шаралардың басы-қасынан бір өзі табылып, жаңа идеяларын ұсынып жүретініне куәміз. Қоғамдық іс-шараларға да белсенді атсалысып жүреді, келіндер сайысына да қатысып жүлделі орыннан көрген болатын. Бауыржан Аманбалаевич мемлекеттік қызметкер, бүгінде Қостанай аудандық прокуратурасының прокуроры қызметін абыроймен атқарып отыр.

Жұмысындағы оң нәтижесі үшін бірнеше рет Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасынан Құрмет грамотасымен және төсбелгілермен марапатталған. Бауыржан Аманбалаевич салауатты өмір салтын қалыптастырған азамат, бос уақытта хобби ретінде велосипед айдап, жаяу жүріп, жүгіргенді көптен бері қолға алған. Осы ретте әкелерін отбасы мүшелері де бір ауыздан қолдайды, жаз мезгілінде отбасы табиғат аясында уақыт өткізеді. Бауыржан Аманбалаевич жұмысқа да көлік ретінде велосипедпен барғанды ұнатады. Салауатты өмір салты денсаулықтың кепілі екендігін әрдайым алға тартады.

– Оңтүстік өңірінде туып-өскенімізбен біздің отбасымыз Қостанай төрінде құрылды. Осы елде балаларымыз дүниеге келді. Ата-анамыз, туыстарымыз Оңтүстікте тұрады. Демалыста елге қыдырып барған кездерде Қостанайдың қоңыржай ауа-райына, тамаша сұлу табиғатында өсіп келе жатқан балаларымыз үйді сағынатындары бар, – деді Рабиға Айдарбековна.

– Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз. Сондықтан біз ата-анамыздан алған тәлім-тәрбиені, салт-дәстүрді балаларымыздың бойын сіңіруге тырысамыз. Демалыс күнімізді отбасымызбен ерекше өткізіп, балаларға бақытты балалық шақ сыйлауға тырысамыз, – деді отағасы.

Берік отбасы – берік мемлекеттің іргесін қалайтынын қашанда ұмытпайық. Елімізде берекелі әрі үлгілі отбасылардың қатары көбейе берсін!
Материал «Жастар ортасында қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау» жобасы аясында дайындалды, Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша іске асырылуда. Ұйымдастырушы – «Жаңашыр бол» ҚҚ.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
Фото отбасылық архивтен


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77