Біздің Қостанай Социум

«Мерейлі отбасы»: Сұлтановтар отбасы ұстаздық пен отбасындағы бала тәрбиесін қатар алып келе жатқан жандар

«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп қазақтың ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы

Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері атанған кәсіби ұстаздар баршылық. Осы орайда жас та болса ұстаздықтың ұлы жолында өздерінің айшықты еңбектерімен дараланып келе жатқан отбасылық жұп Қабдрахман Қабдікәрімұлы мен Әйгерім Малшыбайқызы Сұлтановтар.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің үшінші қатысушылары атанып отырған Сұлтановтар отбасы ұстаздық пен отбасындағы бала тәрбиесін қатар алып келе жатқан жандар. Қабдрахман Қабдікәрімұлы №15 жалпы білім беретін мектебінің география пәнінің мұғалімі, Әйгерім Малшыбайқызы А.М Горький атындағы гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Үйдің үлкені Ерасыл жастайынан қолына домбыра алған өнерлі бала. Талай Халықаралық конкурстардың жүлдегері. Сонымен қатар бос уақытын тиімді пайдаланып каратэ, кудо спорт секциясына қатысады. Жақында аталмыш спорт түрінен «сары белбеу» қорғап шықты, бұл да тапжылмас еңбек пен шыдамдылықтың арқасы. Ерасыл мектепте үздік әрі белсенді оқушы. Мектептің мәдени іс-шараларына да белсенді атсалысып жүреді.

Биыл мектепшілік «Жігіт сұлтаны» сайысында «Креативті жігіт» номинациясын жеңіп алып ата-анасын тағы бір қуантты. Сондай, ақ білімге деген құштарлығының арқасында қазақ тілі мен әдебиетінен ғылымы жоба қорғап қалалық «Зерде» сайысында жүлделі 2 орынға ие болғанын да мақтанышпен айтуға болады. Ерасыл мектепте тарих, ағылшын пәндерін де сүйіп оқиды. Қолы босай кетсе анасының көмекшісі, тілдері былдырлаған, аяқтарын енді қаз-қаз басқан бауырлары Бейбарыс пен Жансаяға қарасады. Небәрі екі шасқа енді толған бауырлары да Ерасылдың домбырада тартқан әуеніне еліктеп, шапалақ ұрады. Ата-анасы балаларының өнерге жақындығын көріп қуануда.

Қабдрахман Қабдікәрімұлы мен жұбайы Әйгерім Малшыбайқызы қалалық «Үздік мұғалім» сайысының жеңімпаздары, талай мәрте Құрмет грамотасымен марапатталған. Мұның бәрі адал еңбек пен маңдай тердің нәтижесі деп білген жөн. Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады дегендей қос ұстаздың шәкірттері республикалық ғылыми жобалардың жеңімпаздары.

Әйгерім Малшыбайқызы өз мамандығы боынша былтырғы жылы магистратураны аяқтап, білімін жетілдіре түскенін де айта кеткен жөн болар. Қабдрахман Қабдікәрімұлы мен Әйгерім Малшыбайқызы екеуі де педагог зерттеуші категориясын қорғаған білікті мамандар. Өз орталарында сыйлы, дәрежелері жоғары мамандар. Отбасында да еңбек жолында да бірге қол ұстасып келе жатқан жұп әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп, жұмыс барысында да ортақ ой бөлісіп, пікір алмасады. Әсіресе, ашық сабақ барысын талқылауда бір-біріне ой қосады. Мұның бәрі жүрек үндестігі деп білген жөн. Алғашқы еңбек жолдарын Федоров ауданынан бастаған жұп Қостанай педагогикалық институтының түлектері.

– Студенттік шақтан бастау алған достығымыз махаббатқа ұласты. Жолдасымды әскерге шығарып салып, күттім. Міне, отбасылы болғанымызға он төрт жыл толып отыр. Алғашқы еңбек жолымызды аудандық жерден бастап, тәжірибе жинақтадық. Биыл қалаға қоныс аударғанымызға да жеті жыл толып отыр. Мақсатымыз еңбегімізді адал атқарып, балаларымызға саналы тәрбие беру.

Ал, жалпы жақсы ұстаз болу үшін әрдайым біліміңді жаңартып, жетілдіріп отыру керек. Ақпараттық технологиялар дамыған кезеңде өмір сүріп отырғандықтан, мұғалімдер де жаңа нәрселерді үйреніп қалуы керек. Сондықтан болар біз әрдайым білімімізді жетілдіріп, түрлі курстар мен оқыту семинарларына қатысып отырамыз. Өйткені жаңадан алған білім күнделікті сабақ берудің сапасын арттыруда септігін тигізеді, – деді Әйгерім Малшыбайқызы.

Отбасымыздың ерекше хоббилері де бар.Таза ауада балық аулап, серуен құрып қыс айларында шаңғы, коньки тепкенді ұнатамыз. Отанасы Әйгерім Малшыбайқызы бір табан шығармашылыққа да жақын, өлең жазып, кітап оқып, жиі-жиі театрға да барып тұрғанды жаны сүйеді. Ер қанаты ат дегендей өзім атқа мініп шауып сергігенді жақсы көремін. Әзірге Бейбарыс пен Жансая кішкентай болғандықтан жұмыстан бос уақытты балаларға арнаймыз, – дейді отағасы Қабдрахман Қабдікәрімұлы.

Осы орайда Сұлтановтар отбасының жылулығы мен махаббатын және еңбекке деген адалдығын әбден көруге болады.
Олай болса ұстаздардың орны қашан да төрде екенін ұмытпайық.

Жан ШАЙМЕРДЕН


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77