Біздің Қостанай Социум

Кейіпкеріміз Нұрасыл Құдайберген арманына еңбекпен қол жеткізуді ойлайды

Нұрасыл Құдайберген анасына қолғабыс болып қана қоймай, нағыз аспаздар сияқты кез-келген асты дәмді етіп дайындай алатын жеткіншек

Оның аспаздыққа келуі де бекер емес. Қазақта әке көрген оқ жонар деген тамаша сөз бар. Міне, кішкентай Нұрасыл да әкесіне қарап бой түзеп келеді десек артық айтқандық емес. Өткені әкесі Нұртай да қаламыздағы үлкен мейрамхананың бірін басқарып, ас мәзірін бір өзі дайындап отырған жайы бар. Бір сөзбен айтқанда, нағыз қолынан бал тамған аспаздардың бірі. Нұрасыл да болашақта әкесі сияқты нағыз маман болуды армандайды.

Дегенменен, жігітке жеті өнер де аз дегендей Нұрасыл білім мен өнер, спорт саласынан да алда. Таэквондо, шахмат үйірмелеріне қатысып бос уақытында футбол ойнап, жаңа тағамның мәзірімен танысуға тырысады. Сондай-ақ, ән салуды да жақсы көреді. Әзірге вокал үйірмесіне баруға уақыт тапшы екендігін айтады.

– Нұрасыл С.Мәуленов атындағы мектеп гимназиясының 4 сынып оқушысы, қазір сегіз жаста. Асханаға деген қызығушылығы алты жастан басталды. Алғашқысында дастаханды әсемдеп, жеңіл салат түрлерін жасауға көмектесіп жүрді. Кейін әкесімен еріп жүріп мейрамхананың ас үйіндегі жұмыстарды көргеннен кейін ыстық тағамдарды жасап үйренуге деген ынтасы ашылды. Әрине, қауіпсіз жұмысқа ғана рұқсат етеміз. Ұн тағамдарын даярлау бауырсақ пен бешбармақтын қамырын әзірлеуге қызықты. Қамыр жаюға машықтанып алды. Қазір манты, бауырсақ әзірлеу Нұрасыл үшін еш қиындық туғызбайды. Бәрін де өз қалауымен жасайды. Өсе келе түрлі тағамдарды жасап үйренгісі келеді. Білмегенін менен гөрі әкесінен сұрап-біліп жатады. Әрине, нағыз аспаздардың өз құпиялары да бар. Алда болашағын аспазшылықпен байланыстыру немесе басқа саланы таңдау өз қолында. Әзірге жан-жақты қызығушылығын бірге алып келеді. Нұрасыл ән салғанды да жақсы көреді, әнін тыңдаған жандар әжептәуір әнші екен деп баға беріп жатады. Спорт саласын да жанына серік етіп келеді, – деді анасы Динара Құдайберген.

Осы ретте Нұрасылды да сөзге тартып көрдік. Арманы асқақ бала өзін бизнес саласында көргісі келетінін айтты. Соның ішінде бірнеше саланы қамтитын сауда ойын-сауық орталығын ашып, соны басқаруды армандайды. Әрине, аспаздық саласын да хобби ретінде алып жүретін боламын деп нық жауап берді.

Болашаққа сеніммен, жарқын көзқараспен қарайтын Нұрасылдың алғырлығы мен талантына қарап тамсанбасқа болмайды.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет отбасылық архивтен


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77