Біздің Қостанай

Кейін Ағзам атамыздың Троицк қаласында ату жазасына тартылғаны туралы білдік

Қарабалық ауданы №20 ауылында (бұрынғы Комсомол ауданы) «Славян» совхозының үшінші бөлімшесінде туып өскен Ағзам Рамазановтың өз заманына лайық сауаты болған.

Білімі аз демесең, терең ойлы және ұйымдастыру қабілеті мол жан отызыншы жылдары Қарабалық аудандық тұтынушылар одағы председателінің орынбасары, аудандық финанс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, дайындау конторының директоры қызметін атқарды.

Әңгіме болғалы отырған оқиғадан бір екі жыл бұрын ол Ленин атындағы колхозға (қазіргі «Славян» совхозының үшінші бөлімшесі) председатель болып сайланды. Ұсталар алдында үш ай бұрын кенеттен қызметінен босатылды. Ол басына қатер төнгенін сезіп, отбасын сол кездегі аудан орталығы – Бөрлідегі туыстарының қасына көшіріп үлгірді. Ал өзі 1937 жылы декабрь айында репрессия құрбанына айналды. Бұл ел басына төнген қара түнекті Ағзамның жесірі Бәтима әжей күні бүгінге дейін еске алып отызыншы жылдар ойранына лағнет айта әңгімелейді. Әсіресе сүйген жарға деген сағынышын, күтумен өткен азаптыжастық шағын еске алғандажүрек тебіренеді.

Ағзамды 1937 жылы 3 декабрьде таң сәріде алып кетті. Қызметтен шығарған үш ай ішінде осы күнді үрейлене күттік. Өйткені Ағзамға дейінгі ұсталғандарға да алдымен осылай күдік, сенбестік білдіріп, артынан ұстап әкететін, деп еске алады Бәтима әжей.

Әсіресе түн азабы қиын екен. Ел басына төнген қара түнекті табиғат та сезгендей. Сол қыстың түні де көзге түртсе көргісіз болды. Түнгі тыныштықта әр сыбдырға үрейлене құлақ түретін. Ал мүлгіген тыныштық та иттің үргені, не қатты желден дыбыс шықса, олар тұңғиық қараң ғылыққа үрейлене ұзақ қарайтын. Мұндайда Бәтима да балаларды оятыпалмас үшін төсектең ақырын, еппен тұрып, оның қасына келетін. Бойындағы қорқыныш үшін ерін іштей кінәлайтын.

Шыдамы таусылған кездері: Сен ешкімге қиянат жасаған жоқсың, кінәлі де емесссің, енді не үшін соттайды? деп, бірнеше рет сұраған да кездері болды.

Ал маған дейін ұсталғандардың қылмысы болды ма? Шамасы енді маған да кезек келген шығар…

Бәтима әжей өз өмірін бастан аяғына дейін тізбектей еске түсіріп әңгімелеп отыр. Бой жетіп, тұрмыс құрып, балалы шағалы болды. Жұрт қатарлы еңбек етті. Олардың әке шешелері кедей кісілер еді. Бұлардың да байлығы шалқи қойған жоқ. Міне, енді халық жауы аталып отыр. Бұрынғы селолық Советтің председателі Тоқыш Өмірзақов немесе Құрмаш Жақаев, болмаса ағайынды Кәрім мен Айса Залевтер де халық жаулары ма? Сонда халық жақтаушылары кімдер?

Сол кезде НКВД Қарабалық бөлімінде «тергеу» жүргізіліп, әлгі адамдарды ашық машинаға тиеп, Қостанайға жөнелтіп жататын. Айдалғандардың көбі көзі ашық, сауатты жандар еді. Ат үстінде жүрген азаматтарды тергемей, тексермей ақ сотсыз ұстап әкетіп жатты. Ал олардың одан кейінгі тағдыры ешкімге де белгісіз болып қала берді.

Ленин атындағы колхоздан аудан орталығы Бөрліге көшіп келгенде тұрар баспана таба алмадық, деп еске алады Бәтима әжей. Бізге бір жақынымыз қол ұшын берді. Ол ауыл молдасы болатын. Бір күні оны да НКВД-ға шақырып алып, құран, намаз оқуғы тиым салып, таң ата оны да алып кетті. Сол күні кешке оған мен тамақ апарып едім, НКВД-дағылар:

Ондай адам жоқ, деп жауап берді. Содан ол бір күнде із түссіз, ұшты-күйлі жоғалды.

Жарты ғасырдан асса да, сол бір зобалаң, әкелген жылдарды бүгінде Ынталы әжей толық есінде сақтапты. Тұтқындауға қатысқан милиция қызметкерлерінің өздері де 1938 жылы қамауға алынған. Оның ішінде судья Хамид Қондыбаев, тіпті НКВД аудандық бөлімінің бастығы Жуков та болған. Ол кезде сталиндік репрессияның мақсаты жұртты құрттырып алып, артынан өздерінің де көзін жою екенін ешкім білген жоқ еді. Сол сияқты Ағзам Рамазановты тұтқындауға келген татар жігіті Шамсутдинов пен қазақ Көшербай дегендерді де кейін ұстап әкеткен.

Олар келгенде күйеуім сабырлылық көрсетті. Мен кегімді өз екі көзімнен алдым. Қорыққан балаларда үн жоқ. Милиционерлер оны асықтыра бастады. «Өзіңді сақта, балаларға бас көз бол. Хош!» дегеннен басқа ештеңе айтып үлгіре алмай, кете барды. Енді Ағзамды мәңгі көрмейтінімді қайдан білейін, деп көзіне жас алды Бәтима әжей.

Міне, енді бес баланы күтіп, бағу ауыртпалығы Бәтимаға қалды. Балаларының үлкені он алтыда, ең кенжесі ол менің анам Ынталы жаңа туған нәресте болатын. Бала үшін өмір сүріп, оларды адам қатарына қосу ана борышы емес пе? Келесі күні колхоз басшыларына жолығып, жұмыс сұрады. Ол кезде бойдағы қайрат кемімеген шақ қой, талай ауыр жұмыстарды да атқарды. Қайда жұмсаса, сонда барды. Бірақ колхоз табысы мардымсыз болып, олар өте нашар тұрды. Аш жалаңаш қалған кездері аз емес тін. Еңбек ақыға күніне колхоз бір литр бидай көжесін беретін.

Кешке сол көжені жылытып, балаларына бөле бастағанда, олардың аш көздері жаутаң қағатын. Барын балаларының аузына тамызып, өзінің дәм татпаған кездері де болды.

Жұрт: «балаларын асырай алмады» деп сөгер деген ой мені қатты мазалайтын, дейді Бәтима әжей. Осы намыс маған қайрат беріп, жүнжімеуіме себеп болды. Көктем туа жағдайымыз жақсара түсті. Сүт ішіп, қыр жуасын қорек қылдық. Бір ғажабы сол жылы қыр жуасы өте көп шықты.

Оларды аштықтан гөрі жан жарасы қатты қинайтын. Күйеуі ұсталғаннан кейін кездескендер онымен амандаспай, теріс қарап кететін. Олар «Халық жауының» балалары мен әйелі» деп саналып, репрессияға іліккендер отбасынан жұрт сырттап жүретін. Көпшілік бұл жала екенін түсінсе де, оларға қамқор болып, қол ұшын беруге тыйым салынғандықтан, жақындауға қорқатын. сәл аяушылық білдіргендерді сезсе, жиналысқа салатын. Тіпті « халық жауымен байланысы бар» деп кінә тағуға дейін баратын ды.

Жолға қарап, көзі талған Бәтимаға күйеуінің Қостанай түрмесінде екендігі жөнінде хабар жетті. Тағдырлас 10 -15 әйел бірігіп, күйеулеріне азық-түлік апаруға жолға шықты. Олардың көбі жас келіншектер еді. Ана сүтінен арыла қоймаған сәбилерін үйлеріне тастап, азапты сапарға аттанды. Күн демей, түн демей бірнеше күн жүріп, Қостанайға жаяу жететін. Олар түн қараңғылығынан да, қарсы кездескен жолаушылардан да қорқатын. Адам не көлік дыбысы шықса, сай-салаға, бұтаға тығылатын. Осылайша Бәтима Қостанайға төрт рет барды. Сонда Ағзамға екі-ақ рет сәлемдемесін бере алды. Содан бері 50 жыл өтсе де, 1937-1938 жылдың қысындағы Қостанай түрмесін Бәтима әжей былай деп еске алады:

– Ол түрме қазір де бар. Неге екенін білмей сұсты, суық болып көрінеді. Түрменің сыртында жүздеген әйел көз сүзіп тұратынбыз. Аш жатқан күйеулерімізді сақтап қалу үшін түнгі сағат үш-төрттерде кезекке тұрып, ішке кіруге жазылатынбыз. Бәрімізге бірде рұқсат болмайтын. Бірінің заттарын қайырып берсе, енді бірімізге кезек келмей қалатын. Сондықтан күзетшілер рұқсат алған әйелдерге қақпаны ашқанда, бәріміз лап қоятынбыз. Айқай-шу, ұрыс-керісбасталып, кейбіреулер құлап, аяққа басылып қала беретін. Топты ұстап тұруға күзетшілердің әлі келмей, салт атты милиционерлер әйелдерді қалаға дейін қуатын. Ол кезде қала мен түрме арасы екі шақырымдай. Қазір ол түрме қала ортасында қалыпты.

Бірде мен әкелген тамағымды Ағзамға беріп жіберіп, дорбаны қайтып әкеліп берулерін күттім. Дорба тігісі арасынан жұқа қағаз тауып алдым. Онда: «Енді келме. Балаларды жалғыз қалдырма, кіші бала әлі емшекте ғой» деп жазылыпты.

Бәтима Рамазановна 1938 жылдың көктемінде Ағзамнан хат алды, онда ол жазғы киім әкелуін сұрапты. Бұл оның соңғы хабары еді. Ол енді тірі кездесе алмайтындықтарын жазыпты. Өзін мықты ұстап, балалар үшін өмір сүруін өтініпті. Бәтима әжейге осы хат көп жылға дейін демеу болды. Оны жазуы өшіп, күлдей болып жыртылғанға дейін қалтасында сақтап жүрді.

Бұл жолы Бәтима түрме қақпасын он жеті күн бойы күні-түні күзетіп, Ағзам туралы еш хабар ала алмады. Меңіреу сияқты күзетшілер онымен не тілге келмей, не затын апарып бермей, діңкесін құртты. Бір күні түрменің қақпасы ашылған кезде жақын жерде тұрған бұрынғы сельсовет председателі Тоқышты көрді. Тінтіп жатқандықтан ол екі қолын жоғары көтеріп тұрды

Мен одан: «Ағзам қайда? Оған не болды?» деп сұрап үлгірдім. Ол жауап бере алмады. Тек алақанымен қоштасқандай белгі берді. Әлі күнге дейін оның не айтқысы келгенін түсіне алмай келемін. «Алып кетті» дегені ме? Әлде өлді дегені ме екен?»

Осы отыз жетінші жылдың батпаңдай қайғы-қасіретін оны бастан кешкен адам біледі. Ол бір жұмбақ мезгіл еді. Түрменің этап жіберетін күндері болатын. Сол кездегі оқиғаны мен көп жылдар бойы ұмыта алмай келемін. Ол күндері түрмедегілерді Қостанайдан басқа жаққа жөнелтетін. Олар төрт-төрттен саппен қозғалады. Алдында, жандарында, соңдарында қарулы күзетшілер жүретін. Соңындағылардың иттері болатын. Колоннаның ұзындығы сондай, алды вокзалға жетсп, соңы түрмеден жаңа шығып жатады. Жол жиегінде олардың туған-туысқандары жылап-сықтап шығарып салатын. Олардың көбі әйелдер еді. Егер колонна арасынан өз күйеулерін көріп қалса, өлікті жоқтағандай дауыс қылып қоштасады. Кейбіреулер естен танып, шашын жұлып, қара жерді тырналаушы еді. У-шу, азаң-қазан болатын. АЛ тұтқындар тек алға қарауға тиісті. Біреу басын бұрып қалса, күзетшілер бірден сес көрсетіп, айғай салатын. Менің күйеуім мұндай колонна ішінді болмай шықты. Бәтима барған сайын күдерін үзіп қайтатын. Ендігі жалғыз үміті Ағзамның хаты. Бірақ ол келмегелі де 50 жыл. Ағзам Рамазанов өмірден осылай ғайып болды. Бірақ ана басына төнген қара бұлт сиелі қоймаған еді. Үш жылдан кейін соғыс басталып, қайғысына қайғы қосты. Үлкен ұлы Төлеген Рамазанов 1941 жылдың күзінде соғысқа аттанды, ал көктемде Бәтиманы әскери комиссариатқа шақырып алып, баласының хабар-ұшарсыз кеткендігін хабарлады.

Міне, өз тағдыры ішінде бұл ана талай қайғыны басынан өткізді. Дегенмен, ол бақыттан да адал болған жоқ. Бұл кісі «Қарабалық» совхозының құрметті жандарының бірі. Оның ер мінездігін, адамгершілігін білетіндер қадір тұтады.

Бүгінде Бәтима әжей немересі Сайрамбек Ағзамов отбасымен бірге өмір сүруде, ал өз балалары ер жетіп, қазір өздері әже-
ата атанды. Бір қызы Торғайда, екіншісі Бөрлі совхозының Тастыөзек ауылында, ұлы өздері тұратын Қарабалық совхозының бөлімшесінде тұрады. Бұл нағашы әжемнің көзі тірісінде Мырзалы Оңайбаев жазған мақаладан үзінді.

Менің анам Ынталы Батима әжемнің кенже қызы. Ағзам атамызды ұстап әкеткенде анам жаңа туған нәресте екен. Бұл әңгімені кейін анам Ынталы кішкентай кезімізде бізге айтып отыратын. Бүгін мен де балаларым Ағзам аталары жөнінде білсін деп оларға бар білгенімді жеткізіп отырамын. Кейін Ағзам атамыздың Троицк қаласында ату жазасына тартылғаны туралы білдік. Анам Ынталы Қарабалық ауданында репрессия құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуында лентасын қию рәсіміне қатысқан болатын. Бүгін анамыз да жанымызда жоқ.

Жиен немересі
Үмітгүл СЕРДЕНБАЕВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77