Новости Образование

Мұғалімдерге қосымша ақы төленетін болады

Осылайша олардың айлықтары айтарлықтай көбеймек

Қызығы мен қиындығы бірге жүретін мамандық иелері мұғалімдердің табысын көтеру мәселесі елімізде жиі көтеріліп жүр.

Осы ретте «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында ұстаздарға бірнеше қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бұл туралы Үкімет отырысында аталған заң жобасын таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізгі материалдық ынталандыруға келер болсақ, оның ішінде  сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін ақыны екі есе өсіру және педагогтерге педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу қарастырылған. Сонымен қатар заң жобасында барлық педагогтер үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылды. Магистр дәрежесі үшін және тәлімгер болғаны үшін қосымша ақы төлеу және тағы да басқа шаралар қарастырылып отыр. Ең бастысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 4 жылдың ішінде жалақыны 2 есе өсіру бойынша мәселе қарастырылды», — деді ол.

Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған бірқатар нормаларды іске асыру аясында қосымша заң жобасы әзірленді. Аталған заң жобасымен үш кодекске, 15 заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізіледі. «Аталған заң нормалары мұғалімдерге келесідей мүмкіндік  беретін болады: сынып жетекшілігі үшін 173 мың мұғалімнің, ал дәптерлерді тексергені үшін 165 мың  мұғалімнің қосымша ақысы екі есеге көбейеді. 212 мыңнан астам қызметкердің біліктілік санаты үшін айлық жалақыдан 30-дан 50 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алуына мүмкіндік беріледі. 7 мың қызметкердің магистр дәрежесі үшін 10 АЕК  мөлшерінде қосымша ақы алуына мүмкіндік жасалады. 18 мың қызметкердің тәлімгерлігі үшін 1 базалық лауазымдық мөлшерінде қосымша ақы алуына мүмкіндік беріледі деп күтілуде. Және де 100 мыңнан астам педагогтер қосымша 14 күн жазғы демалыс алып, енді 56  күн демалатын болады».

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы мұғалімдердің жалақысының 25 пайызға өсетітін айтты.

Бұл бірінші кезекте балаға білім беруде тапжылмай көп жылдар қатарынан еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаздардың еңбегінің бағаланғанын білдірсе керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77