В ритме города

Қаламызға жаңа қызмет түрін әкелген еңбекқор қыз Нұрсая Нұрсұлтан

Жаздың маусымының басталуымен бәрі табиғат аясына демалысқа шығуға асығады

Ал қаладан тыс жерге бару тым көп уақытты алады, бұл жағдайда кез келген отбасы үшін пикник тамаша идея. Ал, көрікті саябақтар мен алаңдарда пикник ұйымдастыруды жеңілдететін компаниялар ірі қалаларда бар. Біздің қаламызға бұл жаңашылдық жуырда ғана келді деуге болады. Оның авторы қала тұрғына Нұрсая Нұрсұлтан. Ол жалпы бұл жұмыспен қатар бірнеше қызмет түрімен айналысады. Яғни, қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілермен жұмыс жасайды. Табиғат аясында декоративті пикник ұйымдастыру идеясы да әлеуметтік желіден бастау алды дейді ол.

– Табиғат аясында ресторандағыдай жабдықталған дастарханмен пикник ұйымдастыру үлкен қалаларда дамыған және бірнеше жылдан бері сұранысқа ие. Ал, біздің Қостанайда едәуір үлкен қала болғанымен, көп дүниелер әлі жоқ. Әртүрлі эстетикалық, атмосфералық, әдемі пикниктерді көрген соң, мұндай бизнес көзі біздің қаламызда бар ма екен деген ой келді. Іздеп қарағанымда, мұндай ұйымдастыру қызметі бізге әлі келе қоймағанын көрдім. Содан соң неге осы істі өзім бастап көрмеске деген ой келді. Дәл сол сәтте бұл идеяны анама ұсындым. Анашым бұл ойымды қолдап, бір айдың ішінде барлық жабдықтармен қамтамасыздандырды.

Осы ретте ата-анама шексіз алғысымды айтқым келеді. Мұндай істі бастау расымен оңай емес, көп уақытты, еңбекті, қаражатты талап етеді, – деді кейіпкеріміз Нұрсая.

Нұрсая бұл саланы әзірге тек хобби ретінде көруде. Себебі болашақта аудармашы мамандығына оқимын деген мақсаты бар. Бұл сала жаз айында сұранысқа ие болғандықтан, оқудан тыс айналысатын боламын деді әңгімесінде.

– Қазір біз қаламыздың көркем жерлерінде атмосфералық пикниктер ұйымдастырамыз. Менің ойымша бұл өте ыңғайлы әрі қолжетімді. Себебі, тапсырыс беруші тек беліленген жер мен уақытын айтады. Біз командамызбен айтылған уақытта белгіленген жерге дастархан реквизиттерін дайындап береміз. Отбасыларыңызбен, құрбыларыңызмен немесе болашақ жарларыңызбен керемет уақыт өткізудің таптырмас жолы! Есте қаларлықтай фотосуреттер жасап, табиғат аясында демалудың үлкен мүмкіндігі. Менің анам аспаздықпен айналысады. Анамнан пикникке әртүрлі брускетта, канапе сияқты тіскебасар тапсырыс беруге болады. Қазір тапсырыс берушілер саны көп деп айта алмаймын. Себебі, әлі де көп тұрғындар бұл жайлы білмейді. Толықтай танып, білу үшін бірнеше жыл қажет етеді деп ойлаймын. Себебі менің анам да алғаш рет аспаздық қызметін ұсынғанда көп адамдар түсінбейтін. Ал қазіргі уақытта шақырту арқылы қызмет көрсететін аспаздар саны көбейіп, сала дами түсті. Бұл салада анамның үлесі зор деп білемін. Сол сияқты бұл қызмет түрінің дамуы уақыт пен жұмысты талап етеді деген ойдамын, – деді Нұрсая Нұрсұлтан бізбен әңгімесінде.

Қаламызға жаңашылдық әкелген Нұрсаяның идеясы атмосфералық пикник қолжетімді бағада. Ең бастысы жаңа қызмет түрінің ерекшелігі. Бұл қызмет түрі арқылы түрлі кездесулер мен туған күн, тақырыптық кештерді өткізуге болады. Ол үшін табиғат аясына ыдыс-аяқ, керек-жарақ тасып әуреге түсудің қажеті жоқ. Тапсырысты Нұрсаяға берсеңіз болды. Сіздің қалаған стиліңіз бен декоративтің түр-түсін айтсаңыз болғаны. Тамаша кеш өткізу үшін барлығы да дайын болады. Бұл кез-келген адам үшін уақыт үнемдеу, таптырмас мүмкіндік.

Осындай ерекше істі қолға алып отырған еңбекқор жан Нұрсая Нұрсұлтанның аяқалды бизнесіне сәттілік тілейміз.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет кейіпкерден
алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77