Біздің Қостанай В ритме города

Ұстаздар династиясы қандай марапатқа болмасын лайықты жандар

Ата-ананың жолын жалғап, аманатқа адалдық танытып, бар саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұстаздар династиясы – Нұрбековтер жанұясы

Бұл отбасының ұстаздық жолдағы жалпы еңбек өтілі – 165 жыл. Династия басы Қазымбек Нұрбекұлынан басталады. Екінші буында ұлы мен келіні, қызы, үшінші буында төрт немересі жалғастыруда.

– Әулеттің бәйтерегі, атамыз Қазымбек Нұрбекұлы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын Жанкелдин ауданы Шұбалаң жетіжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастап, педагогикалық кабинеттің меңгерушісі, Ақкөлде Ленин атындағы жетіжылдық мектеп директоры, одан кейін Жанкелдин ауданы Тәуіш ауылындағы Қаратүбек орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып 37 жыл еңбек еткен. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Еңбек ардагері», «Аға мұғалім», Қазақ ССР Оқу Министрлігінің Грамоталарымен марапатталған. Атамыздың жолын әкеміз бен анамыз жалғастырып, кейін немерелері де ұстаздық жолға қадам басты, – дейді немересі Бибінұр Нұрбекова.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей әкесінің ізін жалғаған ұлы Жомарт Қазымбекұлы Арқалық педагогикалық институтының физика-математика факультетін физика мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Арқалық қаласы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте аға пионер тәлімгері болып бастаған. Кейін Жанкелдин ауданы Тәуіш ауылындағы Қаратүбек орта мектебінде оқу-тәрбие ісінің ұйымдастырушысы, физика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Адал еңбегі үшін талай мәрте Құрмет грамотасымен, білім беру бөлімінің грамоталарымен марапатталған. Еңбек өтілі – 38 жыл.

Келіні Сәуле Ғабдыжауатқызы да Арқалық педагогикалық институтының физика-математика факультетін математика мамандығы бойынша тәмамдаған. Республикалық, облыстық, аудандық мараппаттары да баршылық. Шәкірттері республикалық, облыстық олимпиадалардың жүлдегерлері. Сәуле Ғабдыжауатқызы Республикалық физика-математика мектебіне оқушылар дайындағаны үшін Білім министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Республикалық физика-математика мектебіне 5-6-7-сынып оқушылары Бақытжанова Назерке, Ахатова Сымбат, Қойшыбекова Фаризаны дайындады.

2005-2006 оқу жылында облыстық математика пәні мұғалімдері арасында өткен олимпиадаға қатысып, «Ең үздік математика мұғалімі» – 2006 жыл деген номинация атағын жеңіп алды. Сәуле Ғабдыжауатқызы еңбек жолында талай шәкірт тәрбиелеп, еңбегінің жемісін көрген ұстаз, бүгінгі күні зейнеткер.

Қызы, Әсемгүл Нұрбекова Астана қаласындағы №66 мектепте бастауыш сынып мұғалімі және тренер болып жұмыс істейді. Ұстаздық жолда жиырма жылдан астам жұмыс істеп келеді.

Атамыздың немересі Айнұр Жомартқызы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ филологиясы мамандықтары бойынша тәмамдаған. Бүгінде Қостанай қаласындағы № 4 жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқаруда. Он жылдан астам атқарып келе жатқан жүрек қалауы болған мамандығының нағыз майталманы. Қажырлы еңбегінің арқасында еңбегінің жемісін көруде. Немересі Азамат Жомартұлы да ұстаздық жолды таңдаған жан. Алтынсарин ауданы Обаған селосы Ы.Алтынсарин атындағы Обаған орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Қазір аталған мектепте ақпараттық жүйелер орынбасары. Жолдасы Ботагөз Қасымқызы да қазір аталған мектепте физика пәнінің мұғалімі. Еңбекті сүйіп өскен жастар аз ғана уақыттың ішінде «Жас ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.

Немерелері Балнұр Жомартқызы, Бибінұр Жомартқыздары да бүгінгі таңда ұстаздар династиясын жалғастырушы ұрпақ. Ұрпақтар жалғастығының ұстаздық еңбек өтілі 165 жылды құрайды. Бір ғана әулеттен сегіз мұғалім шыққан.

– Өзім бала күнімнен шығармашылыққа жақын болдым. Ата-анамның қалауымен ата жолын жалғап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті, ал магистратурасын қазақ филологиясы мамандықтары бойынша тәмәмдап шықтым. Кішкентайымыздан ата-анамыздың ұстаздық қызметті жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен атқарғанын көріп өстік. Ол кісілер бізге нағыз үлгі бола білді. Сондықтан біз де өз қызметімізге аса жауапкершілікпен қараймыз, – дейді Айнұр Жомартқызы.

Бүгінде Жомарт Қазымбекұлы мен Сәуле Ғабдыжауатқызы еңбектің зейнетін көріп отырған жандар. Бірлік пен берекеге негізделген әулет бүгінде жарқын өмір мен бақытты неке құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет отбасылық мұрағаттан


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77