Біздің Қостанай В ритме города

Индира Нурмухамбетова бұл кәсіпке таланты мен ізденісінің арқасында келген

Қыш өнері көнеден келе жатқан кәсіп түрі. Оның тарихы ғасырлар бұрын бастау алып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Басқа өңірлерде бұл кәсіпке қызығушылық танытқандар да жыл сайын артып келеді

Өкінішке орай, бұл өнімге сұраныс жоғары болғанымен қыштан ыдыс құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Өзіміздің Қостанайдың төрінде де аталмыш сала бойынша жұмыс істейтін шеберханалар да саусақпен санарлық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Индира Нурмухамбетова қыш құмыра жасаудың қыр-сыры мен денсаулыққа пайдасы жайлы кеңінен айтып берген болатын. Ол қазір өз алдына жеке кәсібін ашып, қызығушылығы бар жандарды қыш құмыра жасауға баулуда. Бір сөзбен айтқанда Индираның ашып отырған шеберханасында жеке сабақ алумен қатар топтық шеберлік сағаттарын да өтуге болады.

Индира бұл кәсіпке өзінің таланты мен ізденісінің арқасында келген көрінеді.

– Өзім қызыққан дүние болған соң бұл кәсіпті игеру аса қиынға соқпады. Мен кішкентай кезімнен сурет салуды, саз балшық илеп, одан әртүрлі фигуралар жасауды ұнататынмын. Әкем Кәкімбек Мірхайдарұлы қолы алтын, өнерлі адам болған. Маған бұл өнер әкемнен берілген өнер, – деді шебер бойжеткен.

– Мектептен кейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, тарих және өнер факультетіне түстім. Ол жерде 4 жыл академиялық сурет, кескіндеме, және скульптура сабақтарын сүйсініп оқитынмын. 12 жыл мектептерде өз мамандығым бойынша мұғалім болып қызмет істедім. Шәкірттерімнің өнерге деген қызығушылығын арттырдым. Көптеген сурет, қолөнер және скульптура сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Осыдан 2 жыл бұрын қыш құмыра жасауға қызығушылығым артты. Көп шеберлік сағаттарға, курстарға, және онлайн сабақтарға қатыстым. Тәжірибе жинадым. Осы жылдың мамыр айынан бастап өзімнің жеке қыш құмыра жасау шеберханамды ашуға дайындалдым. Бірінші кезекте маған анам, ағам және балаларым қолдау көрсетті. Барлығы қызығушылық танытып осы кәсіпті ашуыма кеңестерін берді. Анама үлкен алғысымды айтамын. Әр бастаған ісімді үнемі қолдайды, – дейді ол.

Шеберхана 16-17 қыркүйекте ресми ашылып, жұмысын бастап кеткен. Бұл жерде 2 гончар дөңгелегі, муфель пеші, ақ және қызыл саз балшық, жұмысқа қажетті инструменттер бар.

Қыш құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы өте зор. Әсіресе онкологиялық аурумен ауыратын балаларға қол маторикасын дамытуға, бала бойындағы ойлауды, тепе-теңдікті ұстауда үлкен пайдасы бар. Ми жұмысын дамытуда ерекше рөл ойнайды. Кішкентай балаларға балшықпен жұмыс істеудің пайдалы тұстары көп екен. Индира қыш құмыра жасаушылардың көбі жастар екенін атап өтті. Келушілердің басым бөлігі 15 жастан бастап зейнеткерлерге дейінгі аралықтағы қала тұрғындары мен қонақтар көрінеді.

Бұл істің тағы бір ерекшелігі – жаныңызға тыныштық сыйлайды. Сондай-ақ адам қолының терісіне өте пайдалы. Ешқандай аллергия бермейді. Қыш құмыраға арналған саз бен құмды әртүрлі қалалардан тапсырыспен алдырады екен. Жоғары білімі бола тұра өзінің қызыққан дүниесімен айналысуды жөн көрген Индира жеке бизнесін ашып отыр. Оның айтуынша, өз ісін жақсы көріп істегендер жақсы нәтижеге қол жеткізеді.

– Адамдардың қызығушылығын арттыру үшін жаңа дүниелер ойлап табу керек. Ескі нәрселерді жаңаша стильде әкелу қажет. Заманауи дүние үнемі сұранысқа ие, – деді ол әңгіме барысында.

Қазір «Инеш» шеберханасында балалар пакеті, романтикалық кеш, отбасылық кеш пакеттері бар. Мысалы отбасылық пакет демалыс үшін таптырмас мүмкіндік. Сонымен қоса, жасаған құмыраңызды өзіңізбен бірге әкете аласыз. Ол құмыраларды тұрмыста да пайдалануға болады. Одан бөлек сурет салуға, қолмен әртүрлі мүсіндер жасау, ыдыс-аяқ жасау мүкіндігі бар. Шеберханада тек құмыра жасаумен ғана шектелмей, фотосессия ұйымдастыруға және түрлі жарнама бейнероликтерін түсіруге болады. Қазіргі кезде шеберханада суретке түсетін жастардың қарасы аз емес. Әлеуметтік желіде шеберхананың inesh_goncharnaya_masterskaya парақшасы да жұмыс істеп тұр.

– Алдағы уақытта бойжеткен осыдан-ақ бұл кәсіптің болашағы жарқын екеніне сенеді. Болашақта кәсібін кеңейтіу мақсатында мемлекеттік гранттар мен қаржыландыруды да қарастырып көремін, – дейді өнерлі бойжеткен.

Біз де Индираның кәсібіне сәттілік тіледік.

Қымбат НАҒАШЫБАЙ, суретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77