Біздің Қостанай В ритме города

Өз мамандығына ғашық жан – Марат Утегенов

Халықаралық музыка күні ЮНЕСКО шешімімен ресми түрде 1975 жылы 1 қазаннан тойлана бастады

Аталмыш мерекенің мақсаты – қоғамда музыкалық өнердің насихатталуы және ең бастысы – адамдар, халықтар арасындағы мәдени эстетикалық құндылықтарды түзу. Осы орайда біз музыка әлемінің майталмандарының ізін басып келе жатқан жас ұстаз Марат Утегеновті оқырман қауымға таныстырғымыз келіп отыр. Марат Сергеевич бүгінде жас таланттарды үлкенсахнаға дайындап жүрген маман. Оның алдынан сабақ алған әрбір оқушы үлкен сахналарда өнер көрсетіп, жүлдегер атанып жүргеніне де куәміз. Ол Қостанай қаласының №1 музыка мектебінде вокал-хор пәндерінің оқытушысы болып қызмет етеді.

– Марат Сергеевич, музыкаға әлеміне қалай келдіңіз? Осыған тоқталып кетсеңіз.

– Менің нағашы әжем Күлшан әрдайым ән шырқайтын, мен оның әдемі әнін тыңдап өстім. Ал, өзімнің атам Николай баянда ойнайтын. Сондықтан болар мен бала кезімнен ән айтқанды ұнатамын. Бірінші сыныптан бастап мектеп жанындағы вокалдық-хор сыныбына барып, «Өркен» аспаптық ансамблінде ән шырқадым. Рудный қаласындағы № 15 қазақ мектебінде оқып жүргенде менің алғашқы ұстазым және тәлімгерім Гагарин Станислав Михайлович болды, ол маған ән айтуды үйретті. Сонымен қатар, мен Рудный қаласындағы музыкалық мектепте фортепиано сыныбында оқыдым, бұл музыкалық сауаттылық пен фортепиано аспабында ойнау қабілетінің негіздерін алу үшін еді. Мектепті бітіргеннен кейін Рудный музыкалық колледжіне оқуға түсіп, оқытушым Филилеева Лариса Сергеевнадан хор дирижерлығы мамандығы бойынша білім алдым. Музыкалық колледжді оқып бітіріп, 2008 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына грантқа түстім. Бұл жерде дирижерлік мамандығы бойынша профессор Базарғали Әжиұлы Жаманбаевтан сабақ алдым.

– Сіздің кәсіби жетістіктеріңізге әрдайым қуаныштымыз, соңғы марапаттарыңызға тоқталып өтсеңіз.

– Биылғы жылы Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының грамоталарымен марапатталдым. Оның бірі республикалық Жас музыканттар фестивалі-байқауының 57-ші облыстық кезеңінде 2 орын алған хор ұжымы және хор жетекшісі және дирижері ретінде. Хор концертмейстері Қыстаубаева Алтынай Тұяқбайқызы жүлдегерді облыстық кезеңге дайындағаны үшін. Сонымен қатар, Рудный музыкалық колледжі жас музыканттардың «Көктем дыбыстары» аймақтық байқауында 3 орын. «Ұлы Жеңіс батырлары» III Республикалық байқауының лауреаттарын дайындағаным үшін алғыс хат иелендім.

– Сіздің шәкірттеріңіз де талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінуде, осы ретте ерекше атап өтетін жеңісті сәттеріңіз.

– Әрине, шәкірттің ұстаздан оза шабуы бұл үлкен жетістік, еңбек деп санаймын. Былтырғы жылы оқушым Аликпарова Адия екінші республикалық онлайн вокалистер байқауында 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. Биыл шәкіртім Қабиболла Әлихан «Ұлы Жеңіс» ІІІ республикалық байқауында «Вокал « номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды. Балалар хорында солист Алексеев Арсений «Ұлы Жеңіс батырлары» үшінші республикалық байқауында 1 орын үшін дипломмен марапатталды. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Алда әлі талай белестерді бағындырамыз деген ойдамын. Ол үшін талмай еңбек етудеміз.

Біз де мереке қарсаңында талантты ұстазға тек жеңісті, жемісті сәттер тілейміз. Марат Утегенов өз ісінің кәсіби маманы сонымен қатар отбасында тамаша әке. Жолдасы Ажар екеуі Эсмира және Альмира есімді қыздардың ата- анасы. Қыздары да кішкентайынан музыкаға қанық болып өсіп келеді.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет отбасылық мұрағаттан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77