Новости Социум

Өңірімізде тұрғын үй құрылысы белсенді түрде жүргізілуде

“7-20-25”: 600 пәтер биылдан қалмай өз иелеріне табысталмақ

Биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 243,2 мың шаршы метрді алатын көп қабатты 41 тұрғын үй салынады. Аймақ тұрғындарының «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша баспана алу деңгейі де біршама өскен. Тұрғындар тарапынан бүгінге дейін екінші деңгейлі банктерге көлемі 3 млд теңгеге жуық 421 өтінім түсіп, 273-і мақұлданған. Біздің облыс аталмыш бағдарламаны орындау барысы бойынша 4-ші орында келеді. Бұл бағадарлма бойынша өткен жылы тұрғындарға тек «Центркредит Банк» несие берсе, осы жылы «Халық банкі», «Форте банк», «АТФ Банк», «Цесна банк», «Еуразия банкі», «Сбербанк» сияқты қаржы мекемелері қосылған.

Өңірімізде 600-ден аса көп балалы отбасы үй кезегінде тұр. Олардың 70%-і облыс пен оған жақын орналасқан Рудный қаласында, Қостанай аудандарында тіркелген. Ұрпақ санын еселеп, демографияны ілгері жылжытушылар көшін бастап келе жатқан отбасылар баспаналы болулары үшін республикалық және облыстық бюджеттен 900 млн теңге бөлінген. Аталған қаражаттың бір бөлігіне баспана кезегінде тұрған көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2%-тік жеңілдікке ие болса, екіншісіне аталған отбасылар үшін дайын пәтерлер сатып алынады.

Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» деп аталатын жаңа бағдарлама өз қызметін мамыр айынан бастамақ. Қалған қаржыға көп балалы отбасыларға жалдамалы үйлер тұрғызылмақ. Осы сынды мәселелер Аймақтық коммуникация қызметі орталығында болған баспасөз жиынында айтылды.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша биыл 1233 пәтерлі 11 тұрғын үй салынады. Нәтижесінде, 2018 жылы өтпей қалған пәтерлерді есептегенде, «7-20-25» бағдарламасы бойынша биыл 600 пәтер пайдалануға беріледі.

– Биыл біз 330 мың шаршы метрді игеріп баспана салуды жоспарлап отырмыз. 2020 жылы біз «Әуежай» және «Юбилейный» аудандарында құрылыс жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 200 орынға арналған мектептер мен екі балабақша салынады. Жалпы, шамамен 88 көп қабатты ғимарат салынады. Бұл негізінен несиелік және коммерциялық тұрғын үйлер болмақ. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар үшін жалға берілетін пәтерлер де бар,- дейді Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсимбиев.

Мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысына белсенді ат салысып келе жатқан жергілікті «БК Строй» құрылыс компаниясы «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша былтыр көп қабатты 2 үй тұрғызған.

– «БК Строй» биыл мамыр айында «Юбилейный» шағын ауданындағы көпқабатты  2  үйді тұрғындар игілігіне тапсырмақ. Бұл үйлерге қоныстану-шылардың 90%-і  «7-20-25» немесе «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспанаға қол жеткізгендер, – дейді Компания басшысы Валерий Полешко.

Сондай-ақ, өткен жылдың тамыз айында «Әуежай» ауданында тұрғызылған екі тұрғын үй кешенінен ақау табылған болатын. Келер жылы олардың орнына жаңа құрылыс жұмыстары басталмақ.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77