Біздің Қостанай

Патриоттыққа шақырар ерекше туынды

немесе Сәбит Досановтың «Ақбас бүркіт» спектаклі хақында


Тың ізденіс жемісі

Өткен аптаның қос күні күллі қостанайлық ұлтжанды да өздерінің адал перзенттерін ардақ тұтатын ағайындар үшін нағыз өнер мен мәдениеттің мерекесі болды деп нық сеніммен айтар едік.

Өйткені, қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Михаил Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, даңқты жерлесіміз Сәбит Досановтың «Ақбас бүркіт» деп аталатын драмалық шығармасы қостанайлықтардың назарына ұсынылды.

Әрине, әлемге танымал қаламгердің бұл драматург ретіндегі алғашқы шығармасы емес. Басқа жақты айтпағанның өзінде, көршілес қырғыз ағайындар оның оншақты спектакльдерін қойып, ондағы көрермендердің тарапынан өзінің лайықты бағасын алды.

Сәбит Аймұханұлы тақырыпты таба білетін, өзінің суреткерлігімен ТМД елдеріндегі барша қаламдастарын тәнті етіп келе жатқан аса танымал сөз зергері.

Оның жазған көркем туындылары барша ұлт жанашырларына бұрыннан таныс. «Жиырмасыншы ғасыр», «Қылбұрау», «Ұйық», «Тұйық» секілді романдары мен «Дүние жалған», «Жусан иісі» деп аталатын повестері және әңгімелер жинағы оқырмандар көңілінен шыққан.

Одан бұрын «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар адамдар», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» сияқты шығармалары да жұртшылық тарапынан лайықты бағасын алған еді.

Оның тағы бір қыры – драматургтігі. Көрнекті қаламгердің «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» секілді пьессалары да республикалық және облыстық театрлар сахнасына қойылып, табыспен өтіп жатқандығы белгілі.

Өзінің аса дарынды шағырмалары үшін кезінде яғни 2012 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Құрметті азаматы.
Бұл әрине, бір азамат үшін аз абырой емес. Әрине, ол мансап, атақ үшін жүрген жазушы емес. Ол үшін ең бастысы – туған елі мен жерінің амандығы, оның жарқын болашағы.

Қаламгерлігімен ерте танылған

Сәбит Аймұханұлы намыстың, нағыз шығармашылықтың адамы. Қостанайда жерлестерінің назарына ұсынылған туындысы да оның маңдай терінің нақты көрінісі дер едік.

Өйткені, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенов жайлы драмалық туынды жазу үшін де азаматтық қасиет жоғары, патриотизм және ұлтжандылық сияқты кез-келген кісіге бұйыра бірмейтін ерекшелік болуы керек екендігі белгілі.

Мұндай мемлекетшілдік, ұлтын шексіз сүюшілік сияқты асыл қасиеттер қаламгердің бойына сонау Амангелді ауданы Байғабыл елді мекенінде туған кезден бастап бойына дарыған десек орынды болар.
Жазушы үшін әрбір шығармасы оның перзентіндей. Сондықтан да ол жоғарыда сөз болған драмалық туындыны жазбас бұрын көп ойланып, толғанды.

Оның көздегені осы шығармасы арқылы Жұмабек Тәшенов секілді біртуар азаматты кейінгі өскелең жастарға үлгі өнеге етіп, биік тұлғалы қайраткердің ғұмырын ұлықтау еді.

Осы мақсатын жүзеге асыру үшін аянбай еңбектенді. Көп оқып, тоқыды. Содан кейін спектакльді кезінде елі мен жері үшін ештеңеден тайынбай қызмет атқарған Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрына ұсынды.

Әрине, осы орайда облыс әкімі Архимед Бекежанұлы Мұхамбетовтың тарапынан үлкен қолдаушылық, руханиятқа деген сергектік болғандығын айрықша атап өткен лазым.

Содан кейін бұл игі істі облыстық мәдениет басқармасы іле алып кетті. Драмалық спектакльдің тиісті деңгейде шығуына Сәбит ағамыздың қырғыз достары да адалдық танытқанын сөздің орайы келгенде тілге тиек еткеніміз абзал.

Бұл орайда қоюшы – режиссер Қаныбек Дуйшеналиев, қоюшы-суретші Маратбек Шарафидинов, балетмейстер Нұрлан Қарабаев секілді өнер майталмандарының да сіңірген еңбектері айрықша.
Есімі аталған азаматтардың бәрі де көршілес мемлекетте аты шыққан азаматтар. Ең бастысы, драматургтың ойы мен айтар идеясын жете түсінген.

Сондай тығыз шығармашылық байланыстың арқасында туынды жоғары деңгейде шықты. Барша көрермендер тарапынан лайықты бағасын алды.

Жұмабек Тәшенов – халқының сүйікті ұлы

Мұны кейінгі жастар, бойында ұлтжандылық қасиет бар елінің ертеңін терең ойлайтын қандастарымыз білсін деген ниетпен көпшіліктің есіне салып отырмын.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласын басшылыққа ала отырып, кешегі елім деп еңіреп өткен асыл азаматтарымыздың өмірін ұлықтау әрбір азаматтың парызы екендігі даусыз.

Жұмекең де сондай қайсар да батыр мінезді, арыстандай жүректі ойын қашан да кез-келген ортада жасырмай айта білетін қайталанбас тұлға еді.

Өзі негізінде Қостанаймен іргелес жатқан Ақмола облысының Аршалы аудына қарасты Танагүл деп аталатын елді мекенінде 1915 жылы 20 наурызда дүниеге келген.

Ол кісінің барлық атқарған қызметтеріне тоқталмағанның өзінде, сонау 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды.

Содан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болды. Содан соң ұлтжандылығы мен елі мен жеріне жанашырлығы үшін жауапты қызметінен босатылып, бұрынғы Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына төмендетілді.

Қайран ағамыз сол солақай саясат пен жоғарыдағы өктемшіліктің кесірінен зардап шегіп, Оңтүстік өңірдегі «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында, бертін Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау және есептеу орталығында қызмет атқарды.

Ол 71 жыл ғұмыр кешті. Алайда қазақ халқының жадында мәңгілік қалды. Өйткені, қашан да адалдық үшін күресті. Өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қойды.

Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде еліміздің түрлі салаларында жауапты қызмет атқарған кезеңдерде өзі тіршілік кешкен қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына айтарлықтай қажыр-қайрат көрсеткендігі иіысі қазаққа мәлім.

Мәселен, аса дарынды басшы, қоғам қайраткері Маңғыстауды Түркіменстанға қосу жөніндегі жоғары биліктің өзімшіл ұсыныс-пікірлеріне дер кезінде тойтарыс танытты.

Сондай-ақ кезінде тың өлкесіне біріктірілген солтүстіктегі 5-6 облыстың Ресейге, Оңтүстік Қазақстан облысының «Ақ алтын» болып табылатын мақта өсіретін үш ауданын Өзбекстанға беруге түбегейлі қарсы болды.

Әрине, қазақ азаматының бұл сол кездегі ерлікке пара-пар қайсар мінезі мен көрсеткен қарсылығын кешегі Кеңес Одағының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевке ұнамады.

Ол біздің батыр ағамызға биік лауазымдарды ұсынды. Бірақ Жұмабек Ахметұлы ешқандай қызметке алданып, қызықпады. Ол үшін өзі өкілі болып табылатын ұлтынан артық бақыт та, қуаныш та жоқ еді.
Міне, осындай Хрущев пен Жұмабек Ташенов арасындағы тартыс жоғарыда аталған «Ақбас бүркіт» драмалық туындысына арқау болды. Сол кездегі зымиян саясатқа қасқайып қарсы тұра білген елжанды азаматтың тұлғасы барынша шынайы ашылды.

Осы спектакльді көріп отырған әрбір азаматтың бойында аға ұрпақ өкіліне деген мақтаныш сезімі оянып, өздерінің қазақ халқының ұлы болып туылған үшін кеуделерін мақтаныш сезімдері кернегені анық.

Осы арада Жұмабек Ахметұлының кезінде шығармашылық адамдарына пәтер бергендігі үшін Алматы шаһарының ортасында «Қазақ ауылын құрды» деп айып тағылғанына да тоқтала кеткім келеді.

Сонымен қатар жазушылардың «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» басылымын «Казправданың» аудармасы етіп шығарудан қорғап қалғанын да қосымша дерек ретінде оқырмандарға мысал ретінде келтіріп отырмын.

Жергілікті актерлердің шеберлігі

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Сабыралы Кемелбаев басқаратын облыстық қазақ драма театрларының актерлері шығарманың айтары мен табиғатын терең түсінген. Режиссер Қаныбек Дуйшеналиев әрбір актердің қабілетін қарай рөлдерді сеніп тапсырғаны байқалады.

Мысалы, басты рөл Жұмабек Тәшеновты осы өнер ордасының талантты актері Нұрлыбек Кенжеахметов тиісті деңгейде шығарған. Оның дене бітімі, сөйлеген сөздері кімді болсын иландырады.

Ал Никита Хрущевтың образын театрдың бетке ұстар актерлерінің бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бекайдаров шынайы әрі аса шеберлікпен шығара білген. Биліктің буына мастанған кешегі кеудемсоқ үлкен тұлғаның пасық ой-ниетін дұрыс ашқан. Атақты актердің ұлы Олжас та болашағынан үлкен үміт күттіреді.

Қонекең соңғы кездері «Күй-ғұмыр» фильміне түсіп, көрермендерін бір қуантып тастағанын да айтып өткеніміз абзал. Драмалық туындыдағы Қонаевтың бейнесін Айбол Шәкіржанов, Ворошиловты Қабдул-Мәжит Иманов, Юсуповты Әлімхан Мырзаханов, Е.Әуелбековты Ғабит Қызыров, Мао Цзедунның образын Мейрам Жапаров, Бәтесті Ажар Шәкіржанова, Қыдыр атаны Азамат Чукеев, Жұмабектің аяулы анасы Гүлсімнің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шаһарбану Есенғұлова жеріне жеткізе ойнады.

Осы спектакльді қою барысында ұлтжанды азамат, өнер жанашыры, облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Есжановтың да демеушілік көрсетіп, оның басы-қасында жүргендігін ерекше атап өткен жөн.

Сол күндері атақты жазушы Сәбит Досановқа шынайы лебізін білдіріп, облыс әкімі атынан Алғыс хат тапсырды, иығына шапан жапты. Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының директоры, қаламгер Ғұмар Ахметчин драматургке ең ізгі тілегін жеткізді.

Ұзын сөздің қысқасы, бұл спектакльді – көрген де, көрмеген де арманда. Өйткені, Жұмабек Тәшеновтей ардақты ұлы бар қазақ халқы шын мәнінде шексіз бақытты.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77