Біздің Қостанай ЖКХ

Бұл ғимараттың апаттық күйде екендігін растау үшін 800 мыңдай қаржы керек

Қаламыздағы ескі үйлердің бірі 1960 жылы қолданысқа берілген Майлин көшесіндегі 17 үй. Қазіргі таңда көшенің сәнің кетіріп тұрған да сол үй десек те болады.

Сол көшеден жүрген, өткен адамдардың барлығы осы үйді бірден байқайды. Бірден көзге түсетін ғимараттардың бірі деп айта аламыз.

– Осыдан 1,5 ай бұрын әкімдіктен адамдар келген еді. 2025 жылы сыртын қаптап, төбесін жөндеп береміз деген. Ал жертөлені өздерін жасаңдар деп айтты. Бұл жерде көбісі зейнеткерлер тұрады. Еш жерде тіркелмеген, иесіз үй. Егер төбеден су аққан кезде тоққа тисе, өртеніп кететіндігін барлығы көріп тұр. Бірақ басқа баратын жеріміз жоқ. Әкімдіктен келген адамдар егер ол төтенше жағдайда деп танылса, онда жалға берілетін пәтерлер беріледі, – дейді тұрғындардың бірі.

Әкімдіктен келген кезде апаттық күйде екендігін қарау үшін 800 мыңдай қаржы керек екендігін айтты. Содан кейін ғана ол үйдің жағдайы құжат арқылы расталады.

Біз барған сәтте жер төледен бу шығып тұрғандығын байқадық. Кіріп қарасақ, ол жерде ыстық судың құбыры жарылған. Ыстық су шелектеп ағып тұр. Бұл міне, үш айға жуық ағып тұрғандығын айтты. Мұны істейтін адамдарды шақырған, бірақ әзірше қыс бітпей жасай алмайтындарын айтты.

Бұл дегеніміз енді сәуір-мамыр айларына дейін осылай ағып тұрады. Оны істеу үшін суды өшіріп, құбырды ауыстыру қажет. Өшірсе, ыстық су мен жылу болмайды. Бұл жайында қалалаық тұрғын үй қатынастары бөлімінен сұрап көрдік.

– Осы жылға бізде жоспар бар. Майлин көшесіндегі 17 үйді қосқан жоқпыз. Келесі жылы үйдің сыртын қаптау үшін оны жоспарға қосуға болады, – деп жауап берді.

Тұрғындардың әкімдікке жолдаған өтінішіне келген жауап мынадай:

Ыстық су және жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу мәселесі бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабы 22-1) тармақшасына сәйкес кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ұстауға арналған шығыстар сметасында көзделмеген іс-шаралар нысаналы алымдар есебінен жүзеге асырылады. ҚР Азаматтық кодексінің 189-бабына сәйкес, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, меншік иесі өзіне тиесілі мүлікті ұстау ауыртпалығын көтереді және мұндай ауыртпалықты біржақты тәртіппен үшінші тұлғаға ауыстыра алмайды. Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстары туралы хабарлаймыз. Инженерлік коммуникацияларды мемлекет бойынша жүргізуге болады, «тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бағдарламасына қайтарымды негізде.

Бір сөзбен айтқанда, тек бағдарлама арқылы 2026 жылы қайтарымды қаржы алып, үйді толықтай жөндеп алуға болады. Бірақ тұрғындардың ондай мүмкіндігі жоқ. Ең алдымен оны мүлік иелерінің бірлестігіне тіркелу керек.

Жалпы бұл үш қабатты үй, екі кіреберіс бар.Үйдің бірінші қабатында сыра дүкені, ет дүкені, сонымен қатар нотариус пен сұлулық салоны орналасқан. Бірақта қазіргі уақытта тек сыра дүкені жұмыс істейді. Дүкен иесінің айтуынша, әзірге төбелерінен су ақпаған. Ол бұл жерде тек жарты жыл жұмыс істеп келеді. Сондықтан бұл үйдің мәселесі жайында көп біле бермейді.

– Анау-мынауға ақша жинайтын кездер болады. 1000-2000 теңгеден қосылып жатады, мен де тапсырамын, – дейді дүкен иесі.

Мұны сұрағанымыздың себебі, үйдің төбесі тесілген, төбеде қар жиналып қалған. Ауа-райы жылыған сәтте қар еріп, үйлерге аға бастайды. Кейбірі өз үйлеріне ақпау үшін, өз бөліктерін жасап алған. Дегенмен де, кіреберісте судың кесірінен қабырға құлап, тіпті төбесі де түсіп жатыр. Бір күні біреудің үстіне түсіп кетуі әбден мүмкін.

Сонымен қатар ол үйде 30-ға жуық кішкентай балалар бар. Үйдегі ылғалдылықтың кесірінен ауырып қалады. Жалпы бұл үйде 30 пәтер бар. 3 қабатындағы пәтерлерді көбі жалға алып тұрып жатыр, тұрғындар тіпті пәтердің иесі кім екендігін де білмейді.

Тұрғындардың арасында бір кісі ақша жинап, кейбір жерлерді істеп, жөндеп жатады. Алайда, барлығынан жинау мүмкін бола бермейді. Өйткені үшінші қабаттағылар бұл жерде көп тұрмаймыз, бізге керек емес дегендей сөздер айтады.

– Мен осы жерде 20 жылдай уақыт тұрып келемін. Қызым екеуміз тұрамыз. Оның балалары бар. Өзім кішкене болсын жөндеу жасап алдым. Енді ақырындап көршілермен жиналып өзіміздің екінші қабатымызды жөндеп алсақ деген ой бар. Бұған дейін бір қыз әрбір үйден 15 мың теңгеден жинап, қашып кетті. Оны әзер жинаған едік, төбені істейміз деп ойладық. Ол жалға алып тұрған қыз еді. Барлығымыз бергенде жоқ болып кетті. Содан кейін ешкім ақша бергісі келмейді, – дейді тұрғындардың бірі Зоя Трапезникова.

Осы кісімен бірге көршісі Аняда үйдің жағдайын ойлап, кішкене болсын қол ұшын созып жүреді. Ол кісі күйеуімен бірге тұрады. Күйеуі бірінші топтағы мүгедек, ол кісі жүре алмайды.

Әкімдік әзірше ештене істей алмайды. Сонда олар не істеуі керек? Әрине, өздерінің үйлері ғой, неге өздері жасамайды деп айтатындар табылар.

Алайда, егер жағдайлары болса, басқа үйге көшіп кететін еді ғой. Олардың 800 мың, не миллион болсын жинауға мүмкіндіктері жоқ.

Аяжан СЕРІК,
сүретті түсірген
Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77