Біздің Қостанай Социум

Адам бойындағы ерекше қасиеттің бірі – өнер

Он саусағынан өнер тамған шебер кісілерді көргенде көңілің марқайып, қолдан жасаған бұйымдарына ерекше таңданыспен қарайтынымыз жасырын емес.

Бүгінгі таңда қолөнер саласына көңіл бөліп, оны заман талабына сай дамытып отырған жандарды азды-кем ғана кезіктіруге болады. Ал, қаламыздағы осындай шебер жандардың басын біріктіріріп, қолдарынан шыққан ерекше заттарын сатылымға шығаруларына қолдау білдіріп жүрген «QOL ONER» қолөнершілер қоры ұйымдастырып жүрген «ART Bazar» қолөнершілер жәрмеңкесі. Аталмыш жәрмеңке қаламызда әр мереке сайын өз жұмысын ұсынады. Бұл жерде тоқыма өнерімен қатар түрлі әшекей-бұйым, тері илеу өнері мен ағаштан жасалған ерекше заттарды да кездестіруге болады.

Біздің кейіпкеріміз, қала тұрғыны Виталий Калыгин бала күнінен ағаштан ою ойып келе жатқан шебер екен. Мамандық таңдауда басқа саланы таңдағанымен сүйікті ісінен бір уақыт болса да алыстамаған екен. Балалық күнінен қызушылығы болған бұл ісі әлі күнге дейін серігіне айналған.

Яғни, хоббиі екен. Балаларының қығушылығына демеу болған ата-анасы кішкентай Виталийдің қолөнер саласын дамытуына түрлі аппараттар мен ағашпен жұмыс істеуге арналған құрылғыларды алып беруден бас тартапаған көрінеді. Ол бұйымдарды көбіне іске аспай жатқан қарағай, алма ағашы мен қара ағаштың қалдықтарынан жайсайтын көрінеді.

– Мен бала күнімнен ағашқа арнайы аппаратпен сурет салуды жақсы көрдім. Мектепте оқып жүргенімде ағаш қалдықтарынан түрлі заттарды жасағанды ұнататынмын. Ол кезде әр үйде шағын шеберхана болатын. Біз де жер үйде тұрғандықтан шеберханамыз болды. Уақытымның көп бөлігін сол жерде өткізетінмін. Қазір де жер үйде тұрамын. Үйдің бір бөлмесін шеберхана етіп алғынмын. Жұмыстан қолым босай қалса сол жерден табыламын. Балаларымның қолөнерге деген қызығушылықтары жоқ. Дегенменен, әрбір жасаған затыма бағаларын беріп отырады. Арасында өздеріне қажет болған затқа тапсырыс береді. Ал немерем әлі кішкентай. Жақсы зат жасап шығу үшін оны егжей-тегжейлі ойластырып сосын ғана қолға алуға тура келеді. Мысалы орындық немесе балаларға арналған толокарды жасау үшін бірнеше ай уақыт өтті. Сондай-ақ, әрбір заттың сыртын бояп немесе майлау да біраз уақытты алады. Ал телефонға арналған тіреуіштер мен қасық салатын ыдыстарды жасап шығару үшін небәрі екі-үш сағат та жеткілікті. Сондықтан оның бағасы да арзандау болады. Қанша дегенмен бұл табиғи таза материалдан жасалған заттар. Сондықтан сатып алушылар да талғаммен, еңбегімді жоғары бағалап жатады. Мен үшін бұл табыс көзі болып саналмағандықтан еңбегіме шынайы берілген пікірлер маңыздырақ, – дейді Виталий Калыгин.

Жеті рет өлшеп бір рет кес. Бұл Виталий Калыгиннің өмірлік ұстанымы. Өйткені кез-келген бұйым жасауда шеберге ағашты артық жонып тастауға болмайды. «Себебі оны қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес», – дейді ол. Он саусағынан өнер тамған азамат қолына алған заттың бәріне жан бітіреді.

Ол үшін шағын ғана мына бөлмені ұстаханаға айналдырған. Осылайша бос уақытының көбін осы жерде өткізеді. Қолөнер өміршең, қашанда жоғары бағаланады.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77