Біздің Қостанай Социум

Назаркүл апамыз Наурыз мейрамын асыға күтетінін жасырмайды

Биылғы жылы Наурыз тойы ерекше бастау алып, бірнеше күн көлемінде тойланып жатқаны халықты қуанышқа бөледі. Осы орайда қытымыр қыстан аман-есен шыққан халық мерекені көрісу күнінен бастады. Амал мерекесі – Наурыз мейрамының бастауы болып саналады.

Қаламыздың тұрғыны Нұргүл Досумова бұл мерекені асыға күтетінін жасырмайды. Мерекені ауылда тұратын анасымемен және бауырларымен көрісуден бастайды екен. Анасы Назаркүл Қаратышқанова көктемнің шуақты мейрамы қарсаңында барлық немере-шөберелерін қара шаңырақта асға күтеді. Осы мейрамға орай қара қазан толы наурыз көжесін дайындап, қыстан шыққан сүрін асып келіндерімен бірге дастарханын жайнатып қоятыны өз алдына. Сондай-ақ, өмірден білген білген-түйгенін келер ұрпағына насихаттаудан да жалыққан емес. Биыл да Ұлыстың ұлы күні қарсаңында балаларын асыға күтіп отырғанын айтты.

– Жалпы анам ауылда бала-келінінің қолында. Немере-шөберенің қызығына кенеліп отырған жайы бар. Қаратышқановтар әулетіне 18 жасында келін болып түскен. Содан бері бие сауып, қымыз баптап құрақ құрап қолөнерді де бір кісідей алып келе жатқан жан. Осы еңбекқорлығымен әулеттің бетке ұстар келіні атанып, бүгін өзі де келін түсіріп, оларға үлгілі ене болды. Анамыз алтын құрсақты жан. Он баланы дүниеге әкелген «Алтын алқалы» батыр ана. Он баладан қазір жетеуі бар. Барлық балаларын әкем екеуі қатарынан кем қылмай өсіріп, жеткізді. Қазір Алланың анама берген 22 немересі, 8 шөбересі бар. Анамыздың жасы жетпіс төртке келседе немерелері оқитын мектептерде әрдайым іс-шараларға қатысып, жастарға жол көрсетіп жүреді. Бұл біздер үшін нағыз даналық мектебі деп айта аламын. Анамыз әулетіміздің ақылшысы, тілекшісі.

Анам жыл сайын Наурыз мейрамын ерекше күтеді. Сән-салтанатымен атап өтуге тырысады. Әр жыл сайын сақтаған сүрін асып, наурыз көжесін пісіріп құда-құдағиларын, балаларын үлкен шаңырақта қонақ етеді. Немере-шөберелеріне Наурыз мерекесінің қадір-қасиетін наксихаттап отырады, – деді қызы Нұргүл Досумова.

Тарихқа үңілсек Наурыз мейрамын ел ежелден ауыл-ыймақ болып думандатып тойлаған. Кең далаға алтыбақан құрып, ат шаптырып, тай жарыстырған екен. Көшпелі ел қыстан аман-есен шығып, құшақ жая қауышқанына қуанған. Соның жұрнағы ұмыт қалмай, бүгінгі күнге жетіп отырғаны ұрпақ сабақтастығы деп білгеніміз жөн болар.

– Наурыз қазақ халқында жыл басы болып саналған. Сроның ішінде наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы тоқ жүреді деген тәмсіл де бар. Осыған сенім артатын халық болғандықтан біздер жыл сайын жеті түрлі дәмнен наурыз көже дайындауды дәстүрге айналдыған ұрпақпыз ғой. Самарқанның көк тасы еріп жатқанда, көіңлдегі кірбіңді жібітіп, өкпе-ренішті өткен жылдың еншісіне қалдырамыз. Соғымнан сақтаған сүрімді шығарып, қазан толы көже дайындаймын. Оған қасиетті мейізден бастап, бидай мен арпа, ақ қосамын. Ыстық бауырсағымыз да әрдайым дастарханымызда. Бұл мерекеде дастарханымыздан бала-шағамыз, сыйлы қонақтарымыз дәм татады. Наурыз біздің әулетіміздің сүйікті әрі қасиетті мерекелерінің бірі. Отбасымызбен молшылық мерекесін асыға күтеміз, – деді Назаркүл апамыз.

Кеңес үкіметі тұсында елімізде ұзақ уақыт үзілістен кейін алғаш рет 1986 жылы қайта жаңғырған мереке бүгінде Қазақстан халқы үшін рухани байлыққа толы мерекелерінің біріне айналып отыр. Биылғы жылдан бастап мейрам 14-23 наурыз аралығында тойланатыны халықты ерекше қуанышқа бөледі.

Сонымен қатар, жобада мерекені тойлатудың мақсаттары айқындалған. Тұжырымдама авторлары Наурызды атап өту қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыруға, мейрам кезінде әр адам отбасына, ата-анасына барып, хал-жағдай сұрасу арқылы отбасы институтын күшейтуге, азаматтық бейбітшілікті сақтауға, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамытуға, этносаралық қатынастар мәдениетін дамытуға, қоғамдағы достық пен сенімді нығайтуға, Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғынуға, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру бойынша қоғамдық бастамаларды дамытуға өз үлесін қосады деп сенеді.

Осы онкүндікте тұрғындарға толығымен ұлттық нақыштағы киімдер кию ұсынылды. Сондай-ақ, дизайнерлер, тігіншілер сән үлгілерін ұйымдастырып, ұлттық стильдегі жаңа киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынуы өте маңызды. Түрлі сән үлгідегі ұлттық киімді осы он күн ішінде, Көрісу күнінен мейрамның соңына дейін киіп жүру ұсынылады.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған
Нұргүл ДОСУМОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77