Біздің Қостанай Социум

Жаны шуақты, ойы қуатты журналистпен мардымды сұхбат

Жанұзақ Аязбекұлы ағамызбен наурыз мерекесі қарсаңында тілдесудің сәті түсті. Тіпті жетпісте «жеттің, пістің» деген рас-ау. Тынымсыз ізденісте жүретін ардагер шығармашылық мақсатпен шипажайға кетіпті.

Кейін оралғанда да жүздесудің қарбалас сәттерден қолы босамай жүрді. Дегенменде, ол кісімен қазіргі журналистика, қаламыздағы қазақ тілді журналистика жайында әңгімелестік.

Қостанай қаласының байырғы тұрғыны, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі Жанұзақ Аязбекұлымен сыр-сұхбат былай басталды.

– Сіз неше жыл журналистикада жұмыс істедіңіз?

– Мен ес білгелі осы жасыма дейінгі ғұмырыма көз жүгіртсем, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп (1977 ж.), қолыма диплом ала салысымен, жолдамамды кеудеме қысып, Қостанай қайдасың деп осында бір-ақ келген екенмін. Алдымен, Қостанай облыстық телевизия және радио комитетінде қатардағы редактор болып жұмыс істедім. Одан соң жастар редакциясының меңгерушісі, аға редактор, облыстық радионың Бас редакторының орынбасары, Қазақ радиосы мен Қазақ теледидарының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі, Қостанай облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары, осы компания құрылымындағы «Заман» телеарнасының директоры қызметтерін атқардым. Қостанай облысында тұңғыш облыстық телевизияның қарашаңырағын көтерістім. 1991 жылы 1 ақпанда Қостанай қаласында облыстық телевидение ашылды. Жалындап тұрған жастық кез, бел шеше маңдай терлеттік. Іздендік, үйрендік. Оның нәтижесі де көрінді. Мәскеуде өткен 4 Евразиялық телевизиялық форумына «Қазақ тұлпары» авторлық бағдарламасымен қатыстық. Мақтаулар, марапаттар беріліп жатты. Осы қызметте облыстың қиыр -қиырын аралап, ауыл-аймақтардағы қарапайым тұрғындармен дидарласып, мың-мыңдаған шақырым жол жүріппіз. Облыстық телевизияда тұңғыш рет телемарафон ұйымдастырдық. Журналист ретінде алғашқылардың бірі болып дельтопланмен ұшып, көк төсінен телесюжеттер жасалды. Сол сияқты зәулім аспанда Ан-2 ұшағымен толқыған егін орағынан теледидарда тікелей репортаж жүргізгендердің алғашқылардың бірі атандық.

– «Қостанай таңы» газетінде еңбек еткен кезінің жайында айтсаңыз?

– Мен үшін облыстық «Қостанай таңы» газетіндегі қызмет өз алдына бір төбе. 2014 жылы осы басылымның тізгінін маған берді. Бұл журналисттік қызметіндегі тың бетбұрыс еді. Бәрін қойып, батыл ізденістерге баруға тура келді. Нәтижесінде газеттің түрі де мазмұны да өзгеріске ұшырады. «Қостанай ақшамы» атты қосымшасы жарық көрді. Сондай-ақ әдеби қауым үшін «Шұғаның белгісі» айдары дүниеге келді. «Сән мен сымбат», «Тылсым» , «Дода» арнаулы беттері оқырмандардың ықыласын аударды. 2015 жылы еліміз бойынша байқау қорытындысында Республикалық Г.Толмачев атындағы «Қазақстандағы ең үздік облыстық газеттің Бас редакторы» жүлдесін жеңіп алдық. Менікі мақтангершілік емес, сіңірген еңбегінің елеулі болса, алға қарай ұмтылыс арта береді екен.

– Жалпы бұрыңғы журналистика мен қазіргі журналистикада айырмашылық бар ма?

– Бұрын да, қазір де журналистиканың басты қызметі – қоғамға ақпарат ұсыну. Бұл жағынан айныған жоқ.Тек технологиясы дамып кетті. Біз Кеңес деген заманның идеологиясына суарылған, белгілі бір қалыпта, белгілі бір жүйеде қызмет еткен журналист болып өсіп-өндік. Біз сол дәуірдегі саясатқа сендік, соның мүддесі үшін тер төктік. Рас, «арқалағанымыз алтын, жегеніміз жантақ» болды. Солай жүріп қоғамға коммунистік идея сіңіруге, өтірікке де сендіруге үлес қостық. Енді міне 32 жыл артта қалды. Қазіргі журналистика еркін тынысты, құлашы кең, ұшқыр. Төрткіл дүниені алақанынан көріп, оқып отыр. Бойыңда құдай берген талант болса, дамыт, көрсет, жандыр, жаңғырт. Пайдалы жердің көзін тап та, барыңды салып жұмыс істе, сөйтіп рақатын көр. Міне айырмашылық!

– Жастар журналистикада қалай дамып келеді? Олар жақсы жазып үйрену үшін не істеу керек?

– Мен қазіргі жастарға қызығамын. Жаңа айтқан мүмкіндіктер қаншама. Ерінбей ізденсе, мұқият әрі табандылықпен мақсат қоя білсе, дегеніне жетеді. Ал ғаламтордан дайын дүниені ала салып, жаттанды тіркестер мен сөйлемдерді, ашық ақпарат көздерінен фотоматериалдарды пайдаланып, мақала құрастыра салып, күнін көріп жүргендер бар, оларға не дейсің, өз обалы өзіне. Қазір елде , әртүрлі БАҚ салаларында жақсы дамып келе жатқан журналистер баршылық. Олар жалқау емес, күндіз-түні ақпарат айдынында. Саралай да сараптай біледі. Қазақ журналистері үшін алдымен туған тілдің шұрайын жақсы игеру керек. Көркем әдебиеттің жауъарларымен сусындап, озық технологиямен қаруланып алса, мықты кадр болып шығады. Журналист үшін өзін іздеу маңызды. Сенің басқадан бөлек қолтаңбаң, өз даусың, өз стилің болу керек.

– Бұрын сіз істегенде журналистика қайнап тұрды, ал қазір жастардың жазуы ақсап тұр дейді, жол көрсететін тәлімгерлер бар ма?

– Ол кезде интернет, смартфон, әлеуметтік желілер болған жоқ. Әрине газет пен телевизия, радио қайнамағанда не істейді? Жасыратын не бар, біздің кезімізде де шалағай тілші-журналистер болды. Олар өз шамасын білді, қарымы мен арынына қарай қарекет етті. Қазір ақсап тұр дейтін сірә, оңай олжаға құмар тілшілер шығар. Маңдай терлетпей-ақ, қулығын асырып, мол ақша тапқысы келеді. Бір,екі, үш рет жолың болар, төртіншіден бәрі көрініп қалады. Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Ал тәлмігерге келсек, басқа жақты қайдам, бізде санаулы ғана. Оларды керексініп жүрген жастарды да, жетекшілерін де көргенім жоқ. Бізде ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалды деуге болады.

– Қостанайда қазақ тілінде журналистика қандай деңгейде? Мысалы инстаграм, сайт болсын қазақ тіліндегі мақалаларда қаралым онша көп емес. Қаламызда қазақ тілді журналистиканы дамыту үшін қандай жұмыс жасау керек?

– Өңірде қазақ тілді БАҚтың ықпалы орташа. Себебі, қазақ аз, сол аз қазақтың сормаңдайлығы , біршамасының тыныс-тіршілігі – орысша. Әйтпесе облыстағы қазақ тілді журналистикадағы кадрлар әлеуеті ешкімнен кем түспейді. Амал не қазақша тыңдап, қазақша көретін, қазақша оқитын, бағасын беретін орта дәрменсіз, әлжуаз. Журналистика болсын, басқа да қазаққа қатысты мәселелердің шешілуі – ұлтымыздың санына тікелей байланысты. Қазақша сөйлейтіндер басым болса, онда саннан сапаға көшіп, даму басталады. Бірақ сол аз қазақтың өзі қостанайлықтардың ұлттық келбетін тым төмендетіп жіберді деп айтпас едім. Сол аздың Ұлттық рух мықты.

– Бүгінгі таңда газет қандай қиындықтарға тап болады? Біздің қоғамдағы өзгерістер газет ісіне де қиындықтар әкелді.

– Газет қазір табанды бәсекеге тап болды. Телевизия мен радионы былай қойғанда әлеуметтік желі екпіндеп тұр. Бұлар ақпарат тасымалдауда көз ілеспейтін ұшқыр. Қағаз газет сайты бар демесек, шапшаңдық жағынан қалып қойды. Басылымдардағы басты қиындық – газет шығарудағы материалдық ресурстардың бағасы қымбат. Қағаз, бояу, жабдықтар-қондырғылар т.с.с. Ал соның өзінде де жылдам басып шығарған газетімізді қиырдағы ауылға, оқырманға дер кезінде жеткізе алмай келеміз. Пошта қызметі талапқа сай емес. Келешекте қағаз газеттің таралымы азая береді. Ешкімді зорлықпен жаздыра алмайсың. Одан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Электронды газеттің оқылымды болуының амалдарын енгізе беру керек.

Газеттің бір артықшылығы – замандастарымыз БАҚ қатарында көбіне басылымға арқа сүйейді. Себебі, онда байсалдылық, сараптамалық сипат басым.

– Бұл сұрақ үшін кешірім сұраймын, бірақ шыны керек қаламызда журналисттердің жалақысы төмендеу деп ойламайсыз ба?

– Мұның еш құпиясы жоқ. Жалақы аз болғанда қандай, сын көтермейді. Соның салдарынан кадрлар тұрақсыз, редакциялар тілшілерге зәру. Мұны жауапты органдар білгелі қай заман. Бірақ жеме-жемге келгенде ешкім шешкісі келмейді. Саясат дегеннің сайтанынан қорқады.

– Аға биыл елімізде де, өңірімізде де Наурыз мейрамы жаңаша тойланып жатыр.Не айтасыз?

– Мен өзім әз мерекенің Қостанайдағы Жастар сарайында өткен бірінші «Көрісу күніне» қатыстым. Әсерлі оралдым. Меніңше, көрісу – тірі екеніңді түгендеумен ғана шектелетін шара емес. Өткен жылмен салыстырғанда бойыңда қандай жақсы өзгерістер бар, соны байқап қуанудың мерекесі ме деп ойлаймын. Көрісуге жыл бойы дайындалған жан кемелдікке ұмтылу үрдістерін бастан кешіретініні анық. Сонда ғана атадан қалған рухани аманат – Көрісу амалына үлес қосу мүмкіндігіне ие боламыз. Құдайға шүкір мерекенің әр күнінің мазмұны баий түскен, сән-салтанаты жарасқан.

Келешекте Наурыз тағлымын тек сахна мен көшеде емес, өмірімізге ендіруге ұмтылайық!

– Әңгімеңізге рақмет!

Аяжан СЕРІК,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77