Біздің Қостанай Социум

Мен бүгін әкемді айтып мақтанамын!

Тарих кеші үнемі жаңаланып отырады. Десе де ұмытылмайтын, ескермейтін тарихи оқиғалар болады. Соның бірі әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетің батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де ешқашан ұмытпақ емес.

Әлемді дүр сілкіндірген оқиға 1941 жылы маусымның 22-де болған еді. Бірақ сол кездегі Кеңес елінің бірлігі мен достығының арқасында 1945 жылы 9  мамырда Ұлы Жеңіспен аяқталды. Міне, содан бері 79 жыл мерзім уақыт өтті. Биыл Ұлы Жеңістің 79 жылдығы. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Кеңес халқы жан тәнімен Отанын қорғады. Әрбір ауыл, әрбір қала үшін кескілескен ұрыс болды. Қанішер неміс басқыншыларымен Кеңес азаматтары аянбай шайқасты. Осы соғыста Кеңес одағының басқа республикаларымен бірге біздің Қазақстан Республикасы да жан аямай шайқасты. Даңқты қарулы күштердің және еңбек армиясының құрамында 1 млн 870 мың қазақстандықтар болған. Ат ауыздығымен су ішкен, ер етегімен су кешкен сұрапыл соғысқа қолына қару алып, Отанын қорғауға  менің әкем де аттанды. Есенгалиев Елеген  Ұзынкөл ауданының,  Итсары аулында 1923 жылы дүниеге келген . әкем 19 – жасында  1942 жылдың қыркүйегінде майданға шақырылған, 35-ші дивизияның құрамында қызмет етіп жүріп,  неміс басқыншыларына қарсы талай ұрыстарға қатысып, көптеген орден-медальдармен марапатталған «Ұлы Отан» соғысының  2-ші дәрежелі ордені, «Ерлігі үшін» деген  2-медаль, «Ленинградты жаудан қорғағаны» үшін медалі

 1943 жылы Воронеж қаласын жаудан қорғау кезіндегі қанды майданда аяғынан қатты жараланып,соғысқа жарамсыз ретінде елге оралған.

Елге келіп жүк машинасының жүргізушісі болып, тың игеруге ат салысып зейнеткерлікке шыққанға дейін еліне адал қызмет жасаған. Сол ерен еңбегі үшін де «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. «Тың игеру» медалімен марапатталды және  «Ұлы Жеңіске» арнап шығарылған бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталды. Нұрсифат Көбекқызымен отбасын құрып,  жеті ұл-қыз өсіріп,  тәрбиелеген. Менің анам  тыл еңбеккері,  ол 16 жасынан трактор, комбайнға мініп жұмыс істеген. Ата-анамыз бізге ұлттық тәрбие берді және оқытты. Әсіресе  анам қыздарына қазақы-ұлттық тәрбие берді. Балаларының барлығы да жоғары оқу орынында оқыды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды немере сүйді. Ауылдың ақ бата беретін ақ әжесі атанды. Қонақ келгенде табақ-табақ ет асып, самауырынмен күрең шайы, құрт-майы, жент, ып-ыстық бауырсағы біз үшін үлгі-өнеге. Осы қазақы  өнегені кейнгі ұрпақтары жалғастыруда. Анамның қолдан соққан  күміс білезігі, ағаш табағын көзімнің қарашығындай сақтап, қолданып жүрмін. Иә, сұрапыл жылдар  ешкімді аямады. Еске ала кеткім келіп тұр «Жазықсыз құрбан болғандар» күні де жақын,  сәл артқа шегініп әуре – сарсаңға, қайғы – қасыретке көмген сол зұлмат  1936-1937 жылдары Есенғали атамды яғни әкемнің әкесіне  «Халық жауы» деген жала жауып, ату жазасына кесілді.  Сол кездегі бар кінәсі арабша құран, намаз,  оқығаны.Үш ұл, бір қызды әжеміз өсірді. Кішкентайынан жетім өссе де,  елім, жерім дейтін патриот  ер жігіт болып өсті. Биыл Тәуелсіздіктің 33-жылдығында өзімде 38-жыл бұрын «Желтоқсан оқиғасына» қатысқанымды еске аламын. Бұл менің басымнан өткен оқиғаларым ұрпақ сабақтастығы ма? Ия. атаның қанымен, ананың сүтімен берілетін қасиет қой.  Мен өз елімнің, жерімнің патриотымын. Ата – анам солай тәрбиеледі. Бізде  де балаларымызды, немерелерімді аталарымыз сияқты елінің, өз жеріміздің патриоттары болуға  тәрбиелейміз. Ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған ерлерге тағзым етеміз. Олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Ардагерлер ерліктері арқасында біз осы күнге жеттік. Біздің өз қалауымызбен еркін өмір сүріп, мектепте алаңсыз білім алып жатқанымыз, шаттана күлгеніміз, жайраңдап күлгеніміз – бәрі де сол Ұлы Отан соғысы Жеңісінің жемісі. Әрине, соғыс болмасын! Біздер соғысқа қатысып батыр болмайық. Біз бейбіт күннің батырлары болуға тырысайық. Ел үшін аянбай еңбек етіп, білім алып, өз жеріміздің патриоттары болуға мүмкіндіктер бар.

Біз балалары-немерелері артынан ерген Есенғалиев Елегеннің ұрпақтары  әкемізді-аталарымызды мақтан тұтамыз! Ата-анамыз біздің мәңгі жүрегімізде! Ардақты әкеміз-анамыз артынан ерген ұрпақтары үшін үлгі-өнеге! Ата-анамыздың жатқан жерлері жарық, жұмақтың төрінен орын болсын! Биыл егер тірі болғанда жүз жасқа толып, тойлап жатар едік.

қызы Шолпан ӘБІЛТАЕВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77