Біздің Қостанай

Кез келген ана үшін бақыт баланың күлкісінде

Әрбір баланың жетістігі мен жеңісі, өмірдегі жемісі ата-анасының махаббатымен және еңбекпен келетіні белгілі

Сондай-ақ, кез-келген баланың бойындағы таланты мен талабын ұштай білу де шеберлікті талап етеді. Қаламыздың кішкентай тұрғыны Нұрай Қабдулиева бір жылдан бері суда жүзумен айналысып келеді. Осы аралықта Нұрай жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан тәрбиеленушілердің қатарынан.

– Нұрай биылғы жылдың ақпан айында жүзу бойынша Қостанай облысының чемпионаты бағдарламасында 50 метрлік қашықтықта 1 орынға ие болды. Осы жарыстан кейін Павлодар қаласында өтетін жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионатына дайындалды. Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен бұл жарыс сәуір айының екісі мен тоғызы аралығында Павлодар қаласында өтті. Есту органдары зақымданған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатына Қазақстан бойынша 11 қаладан 100-ден астам спортшы қатысты. Соның ішінде біздің Қостанай қаласынан төрт спортшы қатысты, – деді Нұрайдың анасы Камшат Нұғманова.

Өткен аптада жүзуден есту қабілеті зақымданған балалар және жасөспірімдер арасында  Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.

Қостанай қаласының намысын қорғаған спортшылардың қатарында Нұрай Қабдулиева, Дмитрий Яшков, Мария Сотникова, Артем Сидорюк болды. Балаларды аталмыш чемпионатқа дайындаған тренерлері Екатерина Боброва. Спортшыларымыз намысты қолдан бермей алтын, қола, күміс медальдарға ие болды.

– Нұрайдың жүзумен айналысқанына бір жылдай болды, қызыма бұл спорт түрі ұнайды. Қазір қызым 11 жаста, бастапқыда жүзу оңайға соқпады. Жаттықтырушысы Екатерина Александровнаның еңбегі зор болды, балалармен тез тіл табысып, аз уақыттың ішінде үлкен жетістікке жеткізіп нәтиже шығарды. Осы жарыста Нұрай 2012-2013 жылғы жасөспірімдер арасында 50 метрлік қашықтықта еркін стиль тәртібі бойынша 3 орынға ие болды. Осы жетістіктігі үшін жаттықтырушымызға алғысымыз шексіз, – дейді Камшат Қайырбекқызы.

Ал, осы жетістікке жеткен жасөспірімдердің бірі Нұрай анасының айтуынша дені сау бала болып дүниеге келген екен. Бір жасқа толған шағында Алматы қаласында дәрігерлер қыздарының естімейтіндігін айтқан. Оны анасы алты айында тұмау болып ауырғанының салдарынан болды деп болжам жасайды. Нұрай бір жас үш айға толғанда оң құлағына операция жасалып, аппаратпен есту мүмкіндігіне ие болған екен. Міне, осындай ауыр сынаққа қарсы тұра білген ата-ананың балаға деген махаббаты барлық ауыртпалықты жеңіп келеді. Бір сөзбен айтқанда баласының бүгінгі жетістігі ата-ананың ерлігі деп те айтуға болады. Бұл бір ғана мысал, бір ғана тағдыр. Біз де Нұрайға үлкен белестерді бағындырып, жетістіктерге жете беруін тілейміз.

Жан ШАЙМЕРДЕН,
сурет кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77