Қаламыздың тұрғындары Асқаровтар отбасының отағасы Райхан Әлмағамбетұлы мен отанасы Гүлнар Қаркенқызы мемлекетке қызмет ете жүріп, балаларына адал еңбектерімен үлгі болған жандар. Бүгінде отбасының ұл-қыздары ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген жалынды жастар
– Біз жастайымыздан еңбекке араластық. Жолдасым Райхан Әлмағамбетұлы 1981 жылы Қарағанды медициналық университетін аяқтап, содан Ұзынкөл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мекемесіне дәрігер болып орналасып, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Қызметтік жылдары осы жерде өтті. Мен де бала тәрбиесі мен еңбек жолымды бірге алып жүруге тырыстым. Жоғары білім бар, Алматы халық шаруашылығы институтын жоғары санатты тауартанушы болып бітіргенмін.
Өзімнің ата-анам ерте жастарынан жетім өскен екен, сондықтан болар өздерінің бес қыз, бір ұлдарының білімді, еңбекқор болғанын қалап бізді әрдайым қатарымыздан қалдырмады. Анам мұғалім, әкем есепші болатын. Отбасымыздағы алты баланың екеуі медицина саласын таңдаған жандар еді, апам мен інім қазір дүниеден өтіп кетті. Басқалары экономист, есепші болып әкеміздің жолын қуды деп мақтанышпен айта аламын. Жолдасым әкесінен ерте айырылған екен. Апасы екеуін анасы бір өзі жеткізіп, өсірді. Міне, ата-анамыздың қадірін көріп өскен біздер үшін отбасы бақыты, балаларымыздың әрбір жеткен жетістіктері біз үшін үлкен жеңіс, – дейді Гүлнар Қаркенқызы.
Райхан Әлмағамбетұлы мен Гүлнар Қаркенқызы балаларының бойындағы қасиеттерін кішкентай күндерінен аша білген жандар. Сол уақытта мектеп қабырғансында оқып жүрген балалары қосымша білім беру үйірмелеріне қатысып, бірі музыкалық мектепті бітірсе, бірі тігіншілік, бағдарламашы ретінде қолдарына сертификат алған екен.
Бүгінде өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, ақ халатты абзал жан атанып отырған ұлдары Қуат Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары. Жоғары білімді маман Қарағанды медициналық университетін балалар дәрігері мамандығы бойынша аяқтаған. Әр ісіне тиянақтылық танытып, қандай қызметте болмасын қарапайым қалпынан танған емес. Бұған дейін Жангелдин аудандық ауруханасының бас дәрігері, қалалық “Дельфин” балалар үйінің бас дәрігері қызметін атқарған кезде де әрдайым ұжымның құрметіне ие болды. Оны сол уақытта бірге жұмыс істеген әріптестерінің ыстық ықыласынан білдік. Ал, отбасының кенжесі Алтынай да отбасылық мамандықты жалғастырушы. Астана медицина университетінің түлегі, қолына дипломын алып туған жеріне эндокринолог дәрігер маманы ретінде қызмет етуде. Тобыл қаласының ауруханасындағы жас мамандардың бірі. Отбасының үлкені Аягөз Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының үздік түлегі, өз қызметінде полиция майоры. Қазір бала тәрбиесімен декреттік демалыста. Ортаншы қыздары Гүлжан заман талабына сай мамандықтардың бірін игерген. Алматы энергетика және байланыс университетін аяқтаған, Қостанайда “Қазақтелеком” телекоммуникациялық компаниясының инженері.
Әулеттің әрбір перзенті өмірде өз орындарын тапқан жандар, өз алдарына отбасын құрып бір-бір шаңырақ болған. Кез-келген әке мен ананың басты арманы да осы болар. Балаларының еңбек жолындағы жетістіктеріне куә болып, олардан немере сүйіп отырған Райхан Әлмағамбетұлы мен Гүлнар Қаркенқызы да бақытты жандардың бірі деп айта аламыз. Бүгінде немерелерінің алды студент, басқалары мектеп, балабақшаға барады. Гүлнар Қаркенқызының қолөнер саласындағы шеберлігімен де таныс болатынбыз. Айтуынша, бойындағы бұл өнеріне зейнеткерлікке шыққалы бет бұрған екен. Арнайы тігін машинасын сатып алып, үйге қажетті түрлі заттарды тігумен айналысады, бір жағынан хоббиі деп те атауға болады. Қолынан ине-жібі түспейтін әжелерінен немерелерінің де үйренері көп.
Материал Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Жастар арасында қазақ отбасының жағымды имиджін насихаттау» мемлекеттік әлеуметтік жобасы аясында дайындалды.
Жан ШАЙМЕРДЕН
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77