Біздің Қостанай

Сатыбалды ишан кесенесі жайында

Ол баршаның тағзым ететін орны

Қазақ халқы қай заманда да әулие, батырлардан кенде болмаған. Бұл сөзімізге бүгін әңгіме өзегіне айналып отырған Сатыбалды ишан бабамыздың өмірі нақты дәлел бола алады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласының аясында «Қостанайдың киелі жерлерінің» тізімі жасалып, өңірімізден шыққан әулие ата-бабаларымыз жайында жан-жақты жазу «Біздің Қостанайдың» дәстүріне айналғаны белгілі.

Сатыбалды ишан бабамыз 1826 жылы дүниеге келіп, 1898 қайтыс болған. Ол бар ғұмырын дінді насихаттауға арнаған ғұлама кісі-тін. Өзі Торғай уезіндегі Қайдауыл болысының Шомаң Қарасуы елді-мекенінде туылған.

Бабамызға бала күнінде түсінде болашақта оқуға баратыны жөнінде аян береді. Әке-шешесінен жастай айрылса да, апасы Мұғалиманың арқасында ауыл молдасынан сауатын ашып, жастай асырап алған әкесі Шомақтың рұқсатымен Тәшкенттегі медресеге түсіп, діни оқу оқиды.

Содан кейін оның білімге деген шексіз құштарлығын байқаған кісілер оны сонау Бұқарадағы Көкілташ медресесіне шәкірт ретінде жібереді. Он төрт жыл бойы табандылық танытып, Құранды жетік меңгеріп шығады. Орта Азия мұсылман кеңесінің алдында емтиханды үздік тапсырып, «Ишан» атағын алған.

1862 жылы Мекке – Мәдинаға қажылыққа барып, өзінің мұсылмандық борышын өтейді. Дін жолындағы ғұламалығы Қазақстанға, өзінің кіндік қаны тамған Торғай өлкесіне де жетеді.

Мұны естіген Торғай билеушісі Сүлеймен төре елге шақыртып алады.Сөйтіп, ол елді имандылыққа шықырып, мешіт, медресе салдырады. Жастарды ізгілікке тәрбиелейді.Торғай өлкесіндегі бас діни басшы болады.

Торғай өлкесінде ислам дінін таратуға, халықты имандылыққа, инабаттылыққа, адамгершілікке, адалдыққа, тазалыққа баулуда Сатыбалды ишанның сіңірген еңбегі өте зор еді. Қайтыс болғаннан кейін халық оны әулие деп атап кетті.

Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы (лақап аты – Қыпшақ ишан) кесенесі екі күмбезді. Халық оны «Сатыбалды ишан тамы» немесе «Файзолла ишан мазары» деп те атайды.

Міне, бүгінде бұл кесене көпшіліктің тағзым ететін киелі мекеніне айналған. Осы жерге жолы түскен қандастарымыз арнайы атбасын бұрып, оның аруағына Құран бағыштап жатады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77