Біздің Қостанай Спорт

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 20 900 000 теңге

8 маусым күні Қостанайда бәйгеден Қазақстан чемпионатының бесінші кезеңі өтті. Жарыс «Арғымақ» ипподромында үш бәйге бойынша, яғни құнан байге (10 км), топ байге (15 км) және аламан бәйге (20 км) жарысы. Оған еліміздің 10 өңірінен 60-қа жуық шабандоз қатысты

– Ең бірінші әкімшілікке рахмет айтамыз. Көшпенділер ойынынан наурыз айынан бастап дайындалып келеміз, бірінші орынды иеленеміз деген ой бар. Жалпы мақсатымыз осы, – дейді “Бәйге” федерациясының президенті Қанат Көпбаев.

Қатысушылар негізінен ағылшын тұқымын ұсынды. Бірақ Аламан бәйгеде Қостанай тұқымының үш жылқысы да байқалды. Ал Қазақстанның ең үздік айғырларының бірі ағылшын-араб тұқымы. Осылайша, ҚР чемпионатының бесінші кезеңі еліміздің ең үздік жылқыларын жинады.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 20 900 000 теңгені құрады.

Жарысқа қатысушылардың барлығы дүбірлі додаға сақадай сай. Солардың бірі Бағжан Айдаралы, өзі алтыншы жыл қатарынан бәйгеге шауып жүр. Бұл жолы да жүйрік аты топ жарып, бірінші болып келді.

– Атқа отыруды үйреткен әкем. Осы спорт түріне де алып келген сол кісі. Басында, әрине, қорқыныш болды. Ал қазір жетістікке жетіп отырмын. Дайындық жақсы болды. Ұтамыз деп келіп, қанжығамызға бірінші орынды байладық, – дейді жеңімпаз Бағжан.

Құнан бәйгеде “Жүзген” лақап атымен белгілі ат жеңімпаз атанды, шабандоз – Аңсар Арыстанбек. Екінші орында – “Ақжол” (Нұрхат Ерболатұлы). Қола жүлдегер “ – Қасқалдақ” (Асланбек Абдықал). Топ бәйгеде жеңімпаз – ”Нарбуған” (Жартыбай). Күміс жүлде “Ақтанауда” (Айтбай Олжас). Үшінші сатыда “Береке” (Санжар Иринат).

Мәре сызығында Құнан бәйге жарысында жас шабандоз құлап қалды. Оны уақтылы жолдан шығарып, шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Абырой болғанда, бала ауыр жарақат алған жоқ.

Жалпы шабандоздардың орташа жасы -12 жас, орташа салмағы -28-30 келі.

Топ бәйгеде қостанайлық Айтбай Олжас “Ақтанауда” ұзақ уақыт бойы көшбасшылықты сақтап келе жатты. Соңғы айналымға ол бірінші болып барса да, мәре сызығында оны Тараз қаласынан келген “Нарбудан” мінген Ислам Жартыбай айналып өтті. Сонымен қатар, шабандоз жарыстың көп бөлігінде тіпті көшбасшылардың бестігіне де кірмеді. Бірақ тұлпардың күшін дұрыс бөліп, 4 000 000 теңге ұтып алды.

Басты жарыс Аламан бәйгеде көбінесе жеңіске жететін “Шың” лақап атымен әйгілі сәйгүлікті көрермендер қолдап-қолпаштап қарсы алды. Ол республикадағы әйгілі айғыр, көптеген турнирлердің жеңімпазы. Алайда, бұл жолы “Шың” жүлдеге ие болмады, төртінші орынға шықты. Бірінші болып Астанадан келген “Дантист” есімді үш жасар ағылшын айғыры болды. Марапаты – 5 000 000 теңге. “Дантист” өзінің иесі Ержан Жанатардың кәсібіне байланысты осылай аталған.

– Мен тіс дәрігерімін. Жылқылар – менің құмарлығым. Бұл менің асәйгүлігімнің республика деңгейіндегі алғашқы жеңісі. Ол қысты Қырғызстанда өткізді, көктемде 18 шақырым қашықтықта жеңіске жетті. Енді Қазақстанда 20 шақырымдық аламанда жеңіске жетті. Өте қуаныштымын, – дейді Ержан Жанатар.

Бас төрешінің айтуынша, мұндай аптап ыстықта аттардың құламай, жақсы шауып жатқандығы қуантарлық жайт.

– Жарысқа қатысып жатқан аттарымыздың жасы үш жастан жоғары. Қостанайлық шабандоздар да жақсы шауып келеді. Әрине, топ жарып жатқан көбінесе оңтүстік өңір. Өйткені ол жерде қыс қатты болмайды, дайындық бір қалпы жүріп тұрады. Ал қостанайлық аттар қыстың бітуін күтіп қалады, – дейді бас төреші Мұрат Өсербаев.

Бұл жарысқа ұлттық спорт жанкүйерлері көптеп жиналды. Барлығы да ат жарысын тамашалап, өздеріне ұнаған тұлпарларды қолдап отырды.
Қостанайда осындай үлкен жарыс алғаш рет өтуде. Қай бәйге түрі болмасын, барлығы қызықты өтуде. Топ бәйгеде өзіміздің қостанайлық шабандоз екінші келді. Бұл үлкен дәреже деп ойлаймын, – дейді көрермендердің бірі Ернар.

Елімізде өткізіліп жатқан жарыстардың барлығы көшпенділер ойынына дайындық. Қазіргі таңда қостанайлық шабандоздар да қыркүйек айында өтетін көшпенділер ойына дайындалып жатыр. Іріктеу кезеңінен нақты өткен ойыншылар мен аттар да бар.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77