Көркемсурет мектебінде аула клубтарының балалары арасында көптен күткен сурет байқауы өтті. Бұл іс-шара өзінің таланты мен шығармашылығын көрсеткен, сондай-ақ барлық қатысушыларға жақсы көңіл-күй мен шабыт сыйлаған жас суретшілерді жинады
Байқаудың негізгі мақсаты – балаларды өнермен айналысуға тарту, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және түрлі клубтардың қатысушылары арасындағы достық байланыстарды нығайту болды. Іс-шараны ұйымдастырушылар мұндай байқаулар балаларға өз таланттарын көрсетуге, командада жұмыс істеуге үйретуге және жаңа достар табуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Бізде «Менің отбасым» тақырыбында суреттер байқауы өтуде, іс-шара Қостанай қаласының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі полиция инспекторы Виктория Бондаренкомен және Қостанай қаласының полиция басқармасымен бірлесіп өткізілді. Аула клубының тәрбиеленушілері мен педагогтарының қатысуымен іс-шара өтті. Біздің қалада 21 аула клубы бар. Бүгінгі таңда әр клубтан 4 тәрбиеленушіден қатысып жатыр, жас ерекшелігі 7-ден 11 жасқа дейін. Педагогтар аула клубының педагогтарымен бірлесіп осындай іс-шара ұйымдастырды. Одан бөлек мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін шеберлік сыныптарын өткіземіз. Әсіресе жазғы кезеңде балалардың демалысы қызықты өту үшін арнайы жоспар жасаймыз, – дейді қаламыздағы Никифоров атындағы көркемсурет мектебі директорының міндетін атқарушы Наталья Никитана.
Байқауға 80-ге жуық бала қатысты. Олардың әрқайсысына қазылар алқасына классикалық акварель мен гуашьтан бастап графикаға, тіпті коллаждарға дейін әртүрлі әдістермен жасалған бір немесе бірнеше жұмыстарды ұсынуға мүмкіндік берілді. Жұмыстың тақырыбы бақытты отбасыны көрсету.
– Жыл бойы бізде балаларға арналған аула клубтары жұмыс істейді. Егер біз демалысқа шықсақ, онда олар спорт мектебіне барып тұрады. Біз жыл бойы жұмыс істейміз, жазғы кезеңде циклограмма бойынша жоспарлар өте көп. Жаяу серуендейміз, үндістер күні, қарақшылар күні деген сияқты түрлі іс-шаралар бар. Балалар өте көп, жалпы барлық аула клубтарында 5180 бала. Мысалы, менің клубымда, яғни тоғызыншы мектепке қарасты клубта 360 бала бар. “Жастар” клубында 180 бала бар. Біз 12-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейміз. Балалардың жастары жеті жастан 18 жасқа дейін. Тек, жексенбі мен дүйсенбі күндері демалыс. Ал қалған күндері жоспар бойынша жұмыс жасаймыз. Егер бізде басқа аулалармен ортақ іс-шара болмаса, өзімізде, яғни өзіміздің аулада уақыт өткіземіз, – дейді тәрбиешілердің бірі Шынар Тажиева.
Жеңімпаздар мақтау қағаздарына ие болды, қатысушыларға да сертификаттар табысталды.
Аула клубтарының балалары арасындағы сурет байқауы жас таланттарды біріктіріп, оларға өнер арқылы өз ойын білдіруге мүмкіндік беретін жарқын және есте қаларлық оқиға болды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар дәстүрге айналады және жыл сайын өтіп, қатысушылар мен көрермендерді көбірек тартады деп үміттенді.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77