Қала жастарына қызықты болатын сұхбаттардың бірі – Санжар Мираспековпен өтті. Ол Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетінің бакалавриатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша аяқтады, одан кейін Шанхай қ. Дзяо Тун университетінің журналистика және коммуникациялар факультетінің магистратурасын «Болашақ» бағдарламасы арқылы «жаңа медиа» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны да жақсы тамамдады.
– Сіз қазір қандай мамандық бойынша жұмыс жасап жатырсыз?
– ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Қостанай облысы бойынша филиалында аға-оқытушысымын. Оған дейін А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының оқытушысы болған едім. Сонымен қатар қазір Қостанай өңірлік университетінде докторантурада оқып жатырмын. Алдағы уақытта студенттерге білім беруді жалғастыру ойда бар.
– “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқуға түсуді қалай шештіңіз? Қиын болды ма?
– Шетелге бару деген ой пайда болды. Алдымен оқуға түсу үшін ағылшын тілі керек екендігін білдім. Өзім үйрене бастадым, әрине оның өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, менің жазу деңгейім орташа болса, оқуым мен тыңдауым жоғарғы деңгейде болды. Бірақ сөйлеген кезде қиындықтар туындады. Өйткені мен жеке дайындалдым, ешкіммен сөйлескен жоқпын. 2017 жылы өтінім жібердім. Бір жыл бойы өзінің түрлі процедуралары өтіп жатты.
– Бағдарлама бойынша оқуға түсудің қандай қиындықтары бар?
– Айтарлықтай қиындық болды. Бір жаман жағы бұл цифрлық жағынан дамып бара жатсақ та, құжаттарды қолмен жазу, әр кабинеттерді аралап, құжат жинау. Оған қоса оқуға түсер алдында өзінің шарттары да бар. Үйді кепілдікке беру деген сияқты, жұмысы көп. Оның өзі жетпеген жағдайда бірнеше адам өзінің басына міндеттеме алады. Шамамен, бір-екі жыл бұрын елімізде осы мәселе бойынша шу шыққан еді. Егер құжаттарда еш қиындық туындамаса, онда бірден өтіп кетуге болады. Жақсы университеттердің магистратура, доктарантурасына түсу үшін арнайы талаптарға сай болу керек. Оны көп адам орындай алмайды. Қазақстанға оралып, осында жұмыс жасаймын, шетелде алған білімімді өз елімде қолданамын десе, мүлдем қиындық туындамайды. Екіншіден біз демалыс уақытында Қазақстанға келген едік, сол сәтте короновирус басталып кетті. Қытайдағы университет сіз осында оқып жатпағандықтан стипендияны бермейміз деді, жұмысқа тұрайын десем, шарт бойынша оқып жатқан мерзімде жұмысқа орналасуға болмайды. Сондықтан жан-жақты мәселелердің барлығы қарастырылмаған.
– Шетелде оқып жатқан қазақстандықтар көп пе?
– Өте көп, қайда қарасаң да қазақты көресің. Университет ішінде жүріп бара жатсаң, қазақ тілінде сөйлеп жатқан адамдарды бірден байқайсың. Жалпы біздің азаматтар бағдарлама бойынша емес, басқа да гранттарға ие болып түскен. Әр елде басқа елдің азаматтары үшін арнайы грант, халықаралық бағдарламалар қарастырылған. Менімен бірге оқыған бір адам Қытайдың мемлекеттік грантына өтінім берген, ол бойынша түсе алмады. Кейін Шанхай қаласының, университеттің өзінің грантына түсіп көрді. Екеуіне де түсіп, біреуін таңдап алды. Шетелге түскісі келетін адамға жол ашық деп айта аламын. Өйткені гранттардың түр-түрі бар. Кейбірі медицина бойынша мектеп бітіріп, бірден шетелге түседі. Мектеп бітірген түлектен бастап, 40-45 жасқа дейінгі еліміздің азаматтары білім алып жатыр.
– Біздің оқу бағдарламасы мен Қытайдың, яғни сіз оқыған жоғарғы оқу орнының оқу бағдарламасының қандай айырмашылығы бар?
– Ең қарапайымы, бұл материалдық техникалық базаның жетіспеушілігі. Өйткені біздің жұрналистика кафедрасында бір-екі камера болса, ол жерде қатар қатарымен түрлі қамералар орналасқан. Құжаттарды толтырып, қалаған уақытында ала берсең болады. Екіншісі, оқытушылардың жұмыс істеудегі сағаттарының саны аз. Оған қоса олар әрбір студентті әрқашан жеке оқытуға дайын. Мысалы, мен дәріске аптасына бір рет барамын делік, қалған күндері таңнан кешке дейін қалаған уақытында оқытушыға жақындап, сұрақтарыңды қойып, білгің келетін затты біле аласың. Ол оның жұмысы деп саналады. Арнайы төлем жасаудың қажеті жоқ. Сол жағынан жеңіл болды. Аудиоториялары кең, болон жүйесімен оқытылады. Ол дегеніміз әр пәнде түрлі мамандықтағы студенттер отырады. Өйткені бастапқыда саған міндетті пәндер және өзің қалаған пәндер деп екіге бөлінеді. Қалаған, өзің қызығатын пәнді таңдай аласың. Ол мамандыққа байланысты емес. Біріншіден, оларда гранттар өте көп. Қытай болсын, Батыс Еуропа болсын, Канадада да шетелдегі азаматтарға гранттар көп. Мұның басты себебі жастарды өздеріне тарту, екіншіден мемлекеттік имиджді көрсету. Мемлекет жайында неғұрлым көп білгенін қаласаң, соғұрлым жастармен көп жұмыс жасаған абзал.
– Енді бағдарлама бойынша грантты өтеу жайлы айтып өтсеңіз?
– Мен Қостанай қаласында өтеуді жөн көрдім .Өйткені Астана, не Алматыға барсам бес жыл көлемінде жұмыс жасайтын едім. Айырмашылығы, бұл жастардың көбісі үлкен қалаларда жұмыс жасағысы келеді, сонда екінші санаттағы қалаларды ескермейді. Ал Қостанайда 3 жыл грантты өтеу керек. Менде осы айдың соңында өтеу мерзімім аяқталады.
– Сізде сол жерде қалу не болмасын келіп, уақыт өткеннен кейін қайта оралу деген ой болды? Осында оқытушы болып, қандай үйренген дағдыларды қолдана алдыңыз?
– Менде ондай ой болған жоқ, бірақ басты мәселе бір рет шетелде оқыған азаматтар, қайта оралуға ынталы болады. Өйткені бізде алған білімді қолданғаннан гөрі, әдеттегідей жұмыс жасаған ыңғайлырақ. Өз еліңде бір нәрсені дамытқаннан гөрі, дамыған елде сол бойынша жұмыс жасаған жеңіл болып көрінеді. Дегенменде оның өзіндік қиындықтары бар деп айта аламын. Көбісі үшін ол оңай болып көрінгенімен, әр елдің проблемалары бар. Бастапқыда көрінбегенімен, кейін байқай бастаймыз. Ал екінші сұраққа жауап беретін болсам, осында смм мамандығы бойынша, газетті жасау, оны әрлеуі бойынша, телерадио журналистика бойынша сабақ жүргіздім. Барлығы мультимедиалық пәндер, яғни Hard skill. Ол дегеніміз “Canva” превью құру, “CapCut” видео жасау. Студенттер көбінесе осындай практикалық тұрғыда жұмыс жасағанды жақсы көреді.
– Жалпы қазір журналистика саласында смм мамандығы қандай рөл атқарады?
– Тек бұл салада ғана емес, барлық салада керек дағдылардың бірі бұл әлеуметтік желімен жұмыс жасау. Журналистика тұрғысынан айтатын болсақ, ол ақпаратпен жұмыс жасайды. Ал ақпарат тез тарайтын жер бұл интернет, әлеуметтік желі. Тек жариялап қана қоймай, оны оқырманға, яғни аудиоторияға дұрыс жеткізе білу. Осы кезде мультимедиалық дағдылар қолданылады. Себебі, кейбір газеттерде ақпаратты береді, ал оны барлығы оқымайды. Ресейдің бір журналисі бар Парфенов деген ол “журналистің маңыздылығы оның сөйлегенінде емес, оның фото түсіргенінде емес, оның жазғанында емес, оны оқығаны, оның фотосын біреу қарағаны маңызды” деп айтқан еді. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлығында әлеуметтік желілер бар.
– Енді қазір ерекше назардағы ChatGPT жайында өз ойыңызды айтсаңыз?
– Мен негізінен оны құрал ретінде қарастыруға болатындығын айтамын. Егер дұрыс қолдана алсаң, ойларыңызды, сөздеріңізді түрлендіріп бере алады. Бірақ дұрыс қолданбасаңыз, жалпы ақпаратты беріп, нақты әр нәрсеге тоқталмайды. Бұл жерде оны көмекші ретінде қарастыра аламыз.
Мысалы, бір сала бойынша ақпаратты біле қоймасаң, сол жерде одан сұрап, ары қарай мәліметті қолданып журналист өзінің мақаласын жаза алады. Адамның өзі ізденіп, сарапшылар мен басқа да мамандармен сөйлесіп, ақпарат жинағаны маңызды. Тек ChatGPT ге сүйеніп мақала жазса, оның өнімділігі жоғары болмайды. Тіпті, адамдар оқыған кезде тартымды болмайды.
– Жалпы жастарға қандай кеңес бере аласыз? Олар оқу үшін ең алдымен нені білу керек?
– Бастысы айта кететін, әрі маңыздысы бұл жазу, дұрыс сөйлей білу әрқашан маңызды. Егер сен видеоны монтаждауды білсең, превью құра алсаң, бірақ жаза алмасаң, қиындықтар туындайды. Ал студенттер оған аса қатты көңіл бөлмейді. Оған міндетті түрде көңіл аудару керек. Өткені инстаграм болсын, тикток болсын олар өзгере береді. Ал жазу, сөйлеу әрқашан сұранысқа ие болатын дағдылар. Екіншіден, ағылшын тілін кішкентай кезден бастап үйрену керек. Бұл тек жұмыста ғана емес, болашақта шетелге қыдырып барсаң да қажет болады. Мектепте ағылшын пәні бар ғой деп жүре бермеу керек. Ол жердегі білімнің сапасы өте төмен. Оған арнайы уақыт бөліп, қаржы бөлу маңызды. Мысалы, менің екі жиенім бар. Біреуі мектеп деңгейінде ағылшын тілін үйренсе, екіншісі ізденіп мектептік бағдарламадан тыс өзі үйреніп жатыр. Екеуі бір жаста болса да, ағылшын тілі бойынша білімдері әртүрлі. Тіл қазір керек болмаса да, кейін міндетті түрде керек болады. Оңтүстік Корея елін мысал ретінде айтып өткім келеді. Ол Солтүстік Кореямен бір деңгейде болды. Содан кейін оның президенті қаржының көп бөлігін білімге сала берді. Қазір өзі кішкентай мемлекет болғанымен, қаншама елдерден артықшылығы бар. Сондықтан білімге қаржыны аямай, әрқашан жаңа нәрсені білуге ұмтылу маңызды.
– Сұхбатыңызға рахмет. Жастарға жалпы білім жайында, грант, басқа елдегі оқу жайында толық ақпарат беріп өттіңіз. Алғыс айтамыз!
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77