Біздің Қостанай Образование

Қостанайда «Baiterek kids» балаларды дамыту орталығы қарқынды жұмыс істеуде

Мектепке дейінгі ұйымдардың маңызды міндеті әр баланың шығармашылық қызметін қамтамасыз етуге, балаға өзін толық жетілдіруге және өзінің белсенділігін көрсетуге мүмкіндік береді

«Baiterek kids» балалар орталығы – балаларға сапалы білім бере отырып, олардың әлеуеті мен шығармашылық қабілеттерін анықтап, дамуына үлес қосатын заманауи кешен. Басқалармен өзара әрекеттесуді жақсарту, ұжымда бейімделу, мінез-құлықтың ауытқуын түзету, болашақта тәуелсіз өмір сүру үшін қажетті дағдыларды игеру секілді қағидаларды ескере отырып, балаларды дамыту орталығы қарқынды жұмыс істеп келеді. Атқарылып жатқан жұмыс барысы бойынша «Baiterek kids» балалар орталығының басшысы, Сания Тынымбаевамен сыр шерткен едік.

– Біздің «Baiterek kids» атты балаларға арналған дамыту орталығы 2019 жылдың 1-ші маусымында есігін айқара ашты. Мен-үш баланың анасымын және қаламызда қазақ тіліндегі мектептерде сапалы дайындықтың жоқтығына тап болдым. Сондықтан мен мемлекеттік тілде білім беретін балалар орталығын ашуға бел буған едім. Міне, алты жыл қатарынан кішкентай бүлдіршіндерді үлкен ықыласпен мектепке дайындап келеміз, – дейді “Baiterek kids” балалар орталығының басшысы Сания Тынымбаева.

Өз тобының табалдырығын аттаған және тәрбиешінің қолынан сенімді ұстаған әрбір бала әлемге ашылып өзінің әсем дарындылығымен ересектерді таң қалдыратын сиқырлы сандық сияқты. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, кішкентай бүлдіршіндер үлкен өмірге қадам жасайды. Бұл әрине әр бала үшін әрқилы әсер тигізеді. Өйткені, бала жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, жауапкершілікке де дайын болуы керек.

– Біздің орталықта тәлімгер, психолог және логопед мамандарынан құрылған ұжым жұмыс атқарып келуде. Олар әр балаға жаңа ортаға, қоғамға тез бейімделуге, балаларға өзіне және өз күштеріне деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Біз бес және алты жас шамасындағы балаларға, қазақ және орыс тілдерінде жүргізілетін сабақтарды және баланың мектепте оқуға дайындығын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенің ұсынамыз,-деді орталық басшысы.

Балалармен жұмыс істеу бағыттарының бірі – психологиялық-педагогикалық қолдау. Ең алдымен, бала мектепке психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Тәлімгерлер есте сақтау,зейін және ойлау секілді жүйелерге басты назар аударады. Сонымен бірге, коммуникативтік дағдыларды дамыту,өзін-өзі бағалау, күйзеліске ұшырамау үшін әрқилы жаттығуларды өткізеді. Орталықта жұмыс атқаратын тәлімгерлер өзара ұйымшыл және тату. Олар балалардың бойындағы өнерін ашуға ұмтылып, әрқайсысына білім беруге құштар жандар. Басты мақсат – балаларға қажетті жеке қасиеттер мен дағдыларды жетілдіруге көмектесу.

– Жыл сайын біздің “Baiterek kids” орталығын елуден астам шәкірт аяқтайды. Кейбір шәкірттеріміз гимназияға түсіп, байқауларда жүлделі болып жатады. Осындай жетістіктермен ата-аналар бізбен бөлісе отырады. Шәкірттермен тек оқу аясында ғана емес, одан кейін де ыстық араласамыз,-дейді Сания.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,

суреттерді ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77