Біздің Қостанай ЖКХ

Облыс орталығында 56 көппәтерлі үйге жөндеу жүргізіледі

Қандай қала болмасын тұрғын үйлердің сырты әдемі болса айналасына көрік береді. Біздің қаламыз да жыл сайын үйлердің қасбеттерін жөндеп, жұмыстар қарқынды қолға алынады. Қаладағы Досжанов және Майлин көшелерінде орналасқан үйлердің сырттары жаңарып жатыр.

Биыл ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары 56 көппәтерлі тұрғын үйде жүргізілетін болады. Соның ішінде 43 үйдің сырты ақталып, балкондары жаңарып, сәулетті жарықтар қойылады. Жалпы облыс орталығында жалпы құны 2,3 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Осы жұмыс барысымен қала әкімі Марат Жүндібаев та үнемі қадағалап, танысып отырады. Бұл жұмыстар алдағы айларда толығымен аяқталып, тапсырылады. Мысалы Досжанов көшесінде үш бес қабатты тұрғын үй жөнделеді. Онда қасбеттен басқа шатыр да жаңартылады, өйткені, әбден тозығы жеткен. Жоба екі жылдық.

Мәселен, биыл «Кривой магазин» ауданындағы көппәтерлі үйлер және Майлин көшесіндегі кейбір үйлер күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыстарды күздің соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

–Қаланың әр ауданындағы тоғыз үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның қасбеті толық жөнделіп, төбесі ауыстырылып, төрт үйде тек төбесі жөнделіп жатыр. Қалған 44 тұрғын үйде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде – қасбеттерді бояу, балкондарды бір стильде әйнектеу және сәулеттік жарықтандыру орнату. Келесі кезекте біз «КСК» ауданында 38 көпқабатты үйде косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстық. Қасбеті жаңарту, балкондарды әйнектеу және үйлердің сыртқы жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы үйлердің көп бөлігі қазірдің өзінде жаңарды, – деді қала әкімі.

Сәулеттік жарықтандыру Қобыланды батыр, Текстильщик, Қорған, Қайырбеков, Орджоникидзе көшелерінің бойында орналасқан үйлердің қасбеттерін безендірді. Фасадты жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аудандағы басқа үйлерде де сәулетті жарықтандыру пайда болады.

Нәтижесінде ғимараттар тартымды көрініп қана қоймай, сонымен қатар аудан түнде қосымша жарықтандырылатын болады. Көркем жарықтандыру үшін энергияны аз тұтынатын жарықдиодты шамдар қолданылатынын да ескерген жөн.

–Күрделі жөндеу жұмыстарымен 13 үйді қамтымақпыз. Оның ішінде бірнеше үй таңдап алынды. Олардың шатырлары ауыстырылып, балкондары жаңарады. Бұл жобалар екі жылдық. Биыл 6 үйдің шатыры жаңарады. Ол: Әл-фараби 32, 91, 93, Досжанов көшесіндегі 133А, Б және 135 үй. Ал келер жылы сырттары өзгереді. Мұның бәрі де қала көркін ашып, үйлерді де жаңарта түсері сөзсіз. Түнде де сәулетті шамдар жанғанда әдемі рең береді, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясының жетекшісі Азамат Қозбағаров.

Майлин көшесінде орналасқан 41 және 43-ші үйлер де жаңартылып жатыр. Онда жұмысты «Жилстройсервис 98» мердігер ұйымы істеп жатыр. Бұл ұйым өткен жылы да осындай жұмысты атқарған болатын. Сол себепті тәжірибесі бар деуге болады.

Қала әкімі бірнеше нысандарды аралап көріп, өзінің де ойын білдірді. Ол алдымен шатырларды жауып алуды тапсырды. Бұл үйлердің төрт жағы да жөнделеді. Тек ішкі беті сыланып, боялады. Яғни, термопанелдермен қапталмайды. Ішкі жақ беттің балкондары да өзгеріссіз қалады. Жалпы, қала тұрғындары мен қонақтары абаттандыру жұмыстары көпқабатты тұрғын үйлерге сұлулық сыйлап тұрғанын жасырмайды.

–Мен Абай көшесіндегі 1 үйде тұрамын. Біздің үйіміздің сырты көптен жөндеу көрмеген еді. Былтыр қатар тұрған үш үйдің де сырты жаңарды. Балкондар да әйнекпен қапталды. Тұрғындар қуанып қалды. Соның бәрі де тегін. Үйіміз әдеміленіп, жаңарып қалды. Түнде де жарықшамдар орнатылған соң жарқырап, ерекше әдемі болып тұрады. Енді осындай еңбекті тұрғындар да бағалап, таза әрі ұқыпты ұстаса деймін, – дейді қала тұрғыны Асқар Бақыт.

Биыл КСК шағын ауданында жөнделетін үй көп. Мысалы 56 үй болса, соның 38-і осы ауданда орналасқан. Сондықтан болар шағын ауданның келбеті өзгерген. Қазіргі уақытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстың 80 пайызы бітіп қалған. Жалпы қалада үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмысы 2019 жылдан бастап қолға алына бастаған. Осынша уақыттың ішінде барлығы 93 көпқабатты үй ретке келтірілген. Енді бір жылдың ішінде 2,3 млрд теңге тағы да құйылып, елуден астам үй жаңарады.

Аий ӘБДІЛДА,
сурет архивтен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77