Біздің Қостанай Социум

Қостанайда «Отбасылық достық лигасы» атты байқау өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кенесінің ұйымдастыруымен, өңірімізде алғашқы рет отбасылық құндылықтарды насихаттайтын, көпұлтты жанұялар арасында байқау өткізілді

Айтулы іс-шараға әр аймақтан отбасы дәстүрін дәріптейтін жанұялар сынға түсті. Байқау мақсаты – отбасылық құндылықтардың өркендеуіне ықпал жасай отырып, отбасылық тәрбие мен салауатты өмір салтын жүргізуге ынтаны дамыту.

Сайысқа алты жанұя мүшелері қатысып, бақтарын сынады. Олардың қатарында, Рудный қаласының намысын қорғаған Құрбановтар әулеті, жүзден жүйріктей озық болды.

– Біздің отбасымыздың негізі-адалдық, рухани байлық және бір-бірімізге деген шексіз құрметтен тұрады. Жұбайым Рашид біздің шаңырағымызға ұйғыр мәдениетіне тән рухани тереңдікті енгізді. Мен болсам, орыс мәдениетіне тән шынайылықты, мейірімділікті және достықты балаларымызға дарытуға тырысамын. Біздің шаңырағымыз- әртүрлі мәдени дәстүрлерді үйлестіре отырып, ұлттық құндылықтар арқылы берік және бақытты отбасын құрудың нағыз үлгісі,-дейді байқаудың қатысушысы Оксана Құрбанова.

Өзара тартысты өткен сайыста, әрбір жанұя күштерін біріктіре отырды. Қай отбасының бірлігі бекем, ырысы тасыған, мерейі асқаны да жарыс барысында белгілі болды. Тағылымды шарада отбасы мүшелерінің ұлттық өнерімен бірге, бала тәрбиелеудегі біліктілігі де бағаланды.

– Байқау туралы алғаш хабар жеткенде, біз бірден бас тартқан едік. Бұл шешіміміздің себебі де жоқ емес еді: байқау барысына аз уақыттың қалуы, жұмыс және отбасының әрқилы міндеттемелері біршама қиындық туғызды. Дегенмен де, тағдырдың тосын сынағы ретінде бұл байқауға қатысуға бел буып, дайындықты шұғыл да, аласапыран бастауға мәжбүр болдық. Қажет құжаттарды алдын ала реттеп, шығармашылық бөлігіне дайындықты соңғы сәтте бастадық. Біз, әрине, өнерден алыс жандармыз, сондықтан қысқа мерзімде ұмытылмас әрі әсерлі шығарманы үйреніп алу мүмкін еместігін де түсіндік. Осы сәтте отбасымыздың шексіз шығармашылық қиялы бізді бір шешімге жетеледі. Біз шаңырағымыз туралы өлең оқуды жөн көрдік. Сөйтіп, мен өлеңнің әрбір жолын жүрегімнің тереңінен алып, жаза бастадым. Бұл өлең екі әулеттің тамыры тереңге жайылған бірлігі мен жарасымдылығы жайлы болды. Өлеңді аяқтаған соң, оны отбасыма оқыдым. Бәріміз бірге талқылап, кейбір жолдарды түзете келе, осы өлеңнің байқауға лайық екеніне сенімді болдық.

Қатысушылар байқау барысында көпшілікке өнегелі отбасыда ғана үлгілі ұрпақ өсетінін жеткізуге тырысты. Отбасылық сайыста «Әкеге хат» (таныстыру), «Отан отбасынан басталады» (сұрақ-жауап), «Отбасының сәні-сыйластық» (отбасылар өнері), «Әке-шаңырақтың тірегі» (әкелерге арналған сайыс), «Спорт-бейбітшілік елшісі» (спорттық жарыс) тақырыбында өрбіген бес кезең бойынша ұлттық салт-дәстүрлер жаңғырды.

– Біз алғашқы сайысты, әкеге арналған хатты да ерекше бір тебіреніспен дайындадық. Байқау қарсаңында ұлым әкесіне арнап жүрекжарды хат жазды, мен де жолдасыма деген барлық сезімдерімді қағаз бетіне түсірдім. Бұл сайыс ең әсерлі, жүрекке жылы тиетін сәттердің бірі болды. Әкелердің хатты оқып, көзіне жас алып тұрғанын көргенде, олардың қаншалықты қатал әрі мызғымас болғанымен, жан дүниелерінің нәзіктігіне куә болдым.

Облыстық Аналар кеңесінің мүшелерінен және өзге мүшелерден тұратын қазылар алқасы, барлық бес кезеңнен тұратын байқаудың жалпы қорытындысын шығара отырып, жеңімпаздарды анықтады.

Байқау нәтижесі бойынша үшінші орынды Рудный қаласынан қатысқан Құрбановтар әулеті иеленді, екінші орынға Рудный қаласынан келген Полуяндар отбасы лайық деп танылды, ал бас жүлдеге Алтынсарин ауданының Қызыл Қордон ауылынан шыққан Құсайыновтар әулеті иеленді.

– Байқауда жүлделі орынға иеленген кезде, бәріміз де айрықша сезімде болдық. Алайда, одан да терең әсер қалдырған сәттердің бірі-Қазақстан халқы Ассамблеясынан жанұямызға арнайы мадақтама табысталғаны туралы хабарды есту болды. Бұл хабар  еңбегіміз бен табандылығымыздың жоғары бағаланғанын айқын көрсетті.

Дильназ Изделюева

Суреттерді ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77